Таным • 30 Қыркүйек, 2022

Шапық Шөкиннің музейі

391 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Биыл қазақ энергетикасының атасы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Халық қаһар­ма­ны Шапық Шөкиннің туғанына 110 жыл толып отыр. Есімін әулие Мәшһүр Жүсіптің өзі қойған ғұлама ғалымның ме­рейтойына орай туған ауы­лында академик атын­да­ғы өлкетану музейі ашылды.

Шапық Шөкиннің музейі

Қаныш Сәтбаевтан кейін Ұлт­тық ғылым академиясын бас­қарған, елдегі энергетика ғы­лымының негізін салып, Қазақстандағы біртұтас энер­гия жүйесін жасап кеткен академиктің есімін жерлестері әрдайым мақтан тұтады. Соның бір көрінісі – Баянауылдың Мәшһүр Жүсіп ауылында ашылған Шапық Шөкин атын­дағы өлкетану музейі. Негізі ғалым­ның шын есімі – Имам Шафиғ екен. Кеңес өкіметі тұсындағы атеистік көзқарастар ұлы тұлғаны есімін өзгертуге мәжбүр еткен.

Академиктің қамқорлығын көрген азаматтардың бірі, ақын, шығыстанушы Бағдат Дүйсенов осы игілікті іске бастамашы болып, музейді ашты. Қаламгер студент шағында ғалымның үйінде ұзақ жылдар тұрып, еңбекке араласқанға дейін Шапық атаның шапағатына бө­лен­генін үнемі есіне алып жүреді. Аға алдындағы борышының өтеуі ретінде туған жерде музей ашу көптен бергі арманы болған екен.

– Ауылда кезінде Мәшһүр Жүсіп атамыздың мұражайы болды. Оны Мәше­кең­нің тұңғыш немересі Төлебай Шарапиев ауыл азаматы Нағи Ахметбе­ков­пен бірлесіп 1968 жылы ашқан ғой. Төлебайды кезінде әулие атамыз «Жүрсем – аяғым, тұрсам – таяғым», деп еркелеткен екен. Мұражай әуелі Төлебай ағаның үйінде орналасып, кейін ауылдық мәдениет үйіне, мектептегі кабинеттерге көшіріледі. 1993 жылы жеке нысан салынып, толыққанды музей болды. Ал 2017 жылы Ескелдідегі кесене жанынан жаңадан заманға сай ғимарат салынып, ғұламаның музейі түгелдей соған орналасты. Осылайша, ауылдағы әлгі ғимарат бос тұрып қалған еді. Ауылдық мектептің балансына берілген соң оқу орнының директоры Сәбит Кенжелин хабарласып, менің идеямды жүзеге асырудың оңтайлы сәті туғанын айтты. Сөйтіп қаржы тауып, қажет жәдігерлерді жиыстырып, Шапық атамыздың атындағы осы музейді аш­тық, – дейді Бағдат Дүйсенов.

Өзі музейге Алматыдан ғалымның жазу үстелі мен орындығын, шкафын алып келген. Сондай-ақ мұнда тұңғыш энергетиктің бюсті, жеке портфелі, кос­тюм-шалбары, шляпасы, көзәйнегі, таспиығы, тақиясы, қаламсабы, радио­қабылдағышы, қолжазбалары мен кітап­тары қойылған.

Жалпы, Мәшһүр Жүсіп ауылынан мұқым Ертіс-Баян өңіріне ғана емес, елімізге танымал тарихи тұлғалар шыққан. Атақты Айтбақиндер әулеті (Әміре Айтбақин қазақтан шыққан тұңғыш дипломды дәрігер), болыс­тар – Боштай, Құсайын мен Әбітүсіп, Павлодар уездік сотының төрағасы болған Мұқыш Боштаев, ғалымдар Ермұхан Бекмаханов, Қабиболла Оспанов, Қуаңдық Мәшһүр Жүсіп, Меруерт Әбусейітова, өнер иелері Қуат және Суат Әбусейітовтер, Әбжалап диуана, Мәшһүр Жүсіптің жаназасын шығарған Әбәйділдә қажы секілді діни тұлғалар және тағы да басқа азаматтар жайлы тарихи деректер мен жазбалар архивтерден жинастырылып, музейге көшірмелері қойылған. Материалдардың көбі орталық мемлекеттік архивтен алыныпты. Алдағы уақытта ондағы қорды ел азаматтары толықтыра түспек ниетте.

Музейдің жабдықталуына «Еуро­а­зиаттық энергетикалық корпорациясы», «Олжабай батыр» қоры қаржылай көмек көрсеткен. Ал ашылу салтанатына көппен бірге ғалымның қызы Марал Шөкина, шәкірті Бақытжан Тобаяқов, Баянауыл ауданының әкімі Серік Батырғожинов қатысты.

Бір әттеген-айы, бүгінде Шапық ата­мыздың атында Алматыда мұражай жоқ. Отандық энергетиканың негізін салып қана қоймай, Қазақстандағы болашақ энергия қуатының біртұтас жүйесін енгізіп кеткен тұлғаның есімін қадірлей алмау – елдігімізге сын. Ғұламаның көзі тірісінде Қазақ энергетика ғылыми-зерттеу институтында ашылған мұражай-кабинет оқу орны сатылып кеткен соң жабылып қалған. Бағдат Дүйсеновтің айтуынша, қазір соны қалпына келтіру ойластырылуда. Алайда демеушілердің табылмауынан жобаны жүзеге асыру әзірше мүмкін болмай тұр.

 

Павлодар облысы,

Баянауыл ауданы,

Мәшһүр Жүсіп ауылы