Қыркүйек айының 21-29 күндері аралығында Батыс Қазақстан облысы мен Ресей Федерациясы шекарасындағы 6 кеден бекетінен 49464 адам өткені белгілі болды.
Осы уақыт ішінде Ресей азаматтарына қарсы үш мәрте қылмыстық іс тіркелген. Оның бірі – 27 қыркүйекте Бөрлі ауданында зорлық-зомбылық оқиғасы болса, 28 қыркүйекте Орал қаласында респейліктің 40 мың теңгесін тартып алғандар ұсталған. 29 қыркүйекте көрші елдің азаматын алдап, 70 мың теңгеге шығынға батырған қазақстандыққа «алаяқтық» бабымен іс қозғалды.
Бұдан бөлек, Ресей Федерациясы азаматтары тарапынан бұзылған әкімшілік құқықбұзушылықтарға байланысты 43 мәрте іс қозғалыпты.
Ал 30 қыркүйек күні сағат 00.00 шамасында Батыс Қазақстан облыстық полиция департаменті Жедел басқару орталығының инспекторлары Оралдың түнгі клубтарының бірінің жанында төбелескен ер адамдарды бейнебақылау камерасынан байқап, оқиға орнына келген кезде, мас күйінде бір-бірімен жанжалдасқан Ресей азаматтары қолға түскен.
Бұл факт бойынша материал жиналып, куәгерлерден жауап алынды. Жанжалға қатысушылар Абай полиция бөліміне жеткізілді. Сөйтіп, төбелесуші қос азамат ұсақ бұзақылық жасағаны, қоғамдық орында мас күйінде жүргені және тыныштықты бұзғаны үшін сот шешімімен 5 тәулікке қамауға алынды. Олардың бірі 30 жаста, бірі 27 жаста екен.
«Ресей азаматтарының Қазақстан Республикасы аумағында бұдан әрі болу-болмау мәселесін азаматтық сот қарайтын болады», деп хабарлады полицияның баспасөз қызметі.
2022 жылдың басынан бері Батыс Қазақстан облысында Ресей азаматтарына қатысты 17 қылмыстық іс, 1396 әкімшілік іс көтерілген.