Үргені де, жүргені де бөлек
Кинолог мамандармен сұхбаттасып, саланың қыр-сырына үңілу көптен бері ойда жүрген жоспар еді. Бұл жақтағы иттердің «мәртебесі» ауылдағы үйшігінен үретін төрт аяқтылардан жоғары. Арнайы үйретілген, кәсіби тәжірибеден өткен қызметтік иттерге бұйрық беріп, «тілдесіп» көруге асығып жүргенбіз. Бұған Ішкі істер министрлігі қолға алған «Погонды журналист» жобасы шеңберінде сәті түсті.
Осылайша, Астана қалалық полиция департаментіне қарасты Кинологиялық қызмет орталығы ұжымының ортасынан табылдық. Үстімізге арнайы форманы киіп алып, иттерді көруге асығып тұрмыз. Иелігімізде 50-ден астам ит бар деп еді. Әзірге бір иттің болсын үрген дыбысы естілмейді. Үрудің өзіне бұйрық күтіп отыр ма екен деген ойда қалдық. Бар қызық ғимараттың артқы есігінен шыққанда басталды. Бес блок, 17 қаумалда қамалып тұрған иттер «біз мұндамыз» деген сыңай танытып, сыртқа шығуға ұмтылып тұр. Бір үйдің балалары сияқты түрлері ұқсас екен. Ол заңды да. Мұнда тек неміс және бельгиялық овчаркалар үйретілетін көрінеді. Нағыз ақылды да, иісшіл де – солар. Иелерін көріп еді, балаша мәз болып, еркелей бастады. Иттерге тамсанып болған соң, айналаға көз тастадық. Мұнда иттерді үйретуге арналған түрлі алаңдар бар екен. Кедергілер алаңы, тіпті, бассейн де қарастырылған. Иттердің шыдамдылығы суда да сыналады. Істен шыққан жеңіл көлік пен автобус – жарылғыш затты іздейтін иттердің жаттығатын орны. Кинологтер біздің көзімізше тәжірибе жасап, жарылғыш затты жеңіл көліктің артқы дөңгелегінің астына жасырып қойды. Оған дейін былай деді: «Жарылғыш затты іздеуге кез келген ит жарай бермейді. Иіс сезгіштігі өз алдына аса белсенді болмауы керек. Яғни жарылғыш затты тауып алған кезде оған жанаспай, орнында қата қалуы қажет. Солай үйретіледі де. Әйтпесе, үргеннің өзінде жарылғыш заттың іске қосылуы ғажап емес». Бар болғаны бес минуттың ішінде жарылғыш зат табылды. Бұл жолы иісшіл ит сол жерге қайта-қайта айналып келіп, белгі берді. Одан кейінгі шаруаны сапер сияқты арнайы мамандар жалғастырады екен.
Досым – «Дора»
Күн сайынғы жұмыс кестесіне сәйкес, кинологтер өз иттерін қаумалдан шығарып, дайындық жүргізе бастады. Бізге «Дора» деген дратхаар тұқымды (неміс) ит берілді. «Тістеп алар ма екен?» деген қорқыныштың болғаны рас. «Ит – адамның досы» десек те, жақын туысыңның өзі тақырға отырғызып жатқан қоғамда сәл үрейдің болуы да заңдылық шығар. Сөйтіп, шынжырды мойнына іліп, біраз уақыт үйшігінің алдында серуендеттік. Қаумалдан шыға сала учаскені айналып жүгірді-ай. Жай жүгірген жоқ, әр жерді иіскеп жүр. Есірткі іздеуге машықтанған ит екен. Күні кеше елордадағы пәтерлердің бірінен үлкен көлемдегі есірткіні тауып алыпты. Оған дейін де көптеген қылмыстың ашылуына «еңбек сіңірген» екен. Қызметтің иттердің арасында да бәсекелестік жоғары. Костюм киетін болса, әрқайсының төсінде ордендер жарқырап тұратындай. Жалпы, барлығы да шетінен мықты. Әрқайсының жетістігі өте көп. Айтпақшы, мұндағы иттер негізгі 4 бағытқа жұмылдырылады. Бұдан бөлек, шабуылдаушы, күзетші, патрульдік бағыттағы иттер де бар. Сәйкесінше, кинологтер сол бағытта дайындайды, үйретеді. Негізгілері: жарылғыш затты анықтайтын, есірткіні іздейтін, із кесу және одрология бағыты. Соңғысы жайлы естімеген шығарсыз, біз де сол жерде алғаш рет қанығып, «ә-ә-ә» дестік. Бағымызға орай, біз барған күні одрология бағытындағы жұмыстар жүргізілейін деп жатыр екен. Белгілі болғандай, криминалист қылмыс болған оқиға орнында күдіктінің затқа сіңген иісін алып, консервілеп сақтап қояды. Кейін күдікті қолға түсіп, дәлелдеу жеткіліксіз болса, детектор иттер жұмылдырылатын көрінеді. Күдіктінің іш жағынан иісі алынады. Сөйтіп, арнайы бөлмеде сол иіспен қатар, бұл іске қатысы жоқ қылмыстардағы иістер қатар қойылады. Бұған кем дегенде 3 ит тартылады. Егер екі ит күдіктінің исін дәл табатын болса, сотта дәлел ретінде пайдаланылады. Сол себепті, бұл шараға хаттама толтырылып, камераға түсірілетінін атап өткен жөн. Әлі күнге дейін әлемде иттей иіс сезетін бірде-бір заманауи технология жоқ екенін атап өткен жөн.
Күшік кезінен күшті
«Дорамен» жылы қоштастық та, Кинологиялық қызмет орталығы басшысының орынбасары Рауан Дәулетовтің кабинетіне кіріп, бірнеше сауалымызға жауап алдық.
– Шаһардың әр ауданында кинолог мамандар кезекшілік етеді. Олар із кесу бағыты бойынша адам өлтіру, ұрлық, азаматтардың жоғалуы сияқты жұмыстарға тартылады. Осыдан бірнеше жыл бұрын бір қыз жоғалып, қылмыскер оны зорлайын деп жатқан жерінен біздің мамандар сұмдық жағдайдың алдын алған еді. Иісшіл иттің арқасында осы сияқты ауыр қылмыстарға жол берілмеген фактілер көп. Кейде шұғыл шақыртулар түсіп, кинологтер есірткі қылмысына қатысты оқиғалардың басы-қасында жүреді. «Жарылғыш зат қойылған» деген ақпарат түссе, сол жақтан табылады. Барлық жағдайда ақпарат жалған болып шығады. Бірақ ғимаратты толық тексеріп шығу – міндетіміз. Бұдан бөлек, ауқымды мәдени-спорттық іс-шаралар өткізілмес бұрын нысанды тексереміз. Күндіз-түні, демалыс күндері де аяғымыздан тік тұрып, өз міндетімізді мінсіз орындауға атсалысып жүрміз, – дейді Рауан Дәулетов.
Кинолардан, тіпті алыс шетелдегі жаңалықтардан адамдарды тұтқынға алып, өтінішін орындатуға тырысқан қылмыскерлерді көріп жүрміз. Орталықта мұндай жағдайға жұмылдырылатын барлаушы иттер де үйретіледі екен. Ол адамды қаппайды. Оған бейнекамера тағылып, оқиға орнындағы ахуалды анықтауға тартылады. Ал шабуылдаушы иттердің қылмыскерді қуып жетіп, құлатып, тәртіп сақшылар келгенше тырп еткізбей жатқызуға қауқары бар.
– Жалпы, кез келген итті үйретуге болады. Десе де, әлемдік тәжірибеде неміс және бельгиялық овчаркалары жоғары бағаланады. Себебі олар ерекше қасиеттерімен ерекшеленеді әрі үйрету оңай. Еркегі ұрғашысынан мықты деуге болмас. Кинолог мамандар өзіне қайсысымен жұмыс істеу ыңғайлы, соны таңдайды. Жалпы, қызметтік иттер әр бағытқа ерекшеліктеріне сай үйретіледі. Мәселен, шабуылдаушы бағытқа еркек иттер сай келеді. Адамның психологиялық тұрғыдан мінез-құлқы төртке бөлінсе, иттер де дәл солай. Мәселен, сангвиниктер пәрменді (берілген команда) тез қағып алып, қызметте шапшаң қимылдайды. Меланхолик иттер байсалды болып келеді, олар көп жағдайда жарылғыш затты іздеуге үйретіледі.
Иттерді сырттан сатып аламыз, қала берді, өзімізге де көбейтуге мүмкіндік жасалған. Бұл іске арнайы мамандар жұмылдырылады. Иттердің жұмыс қабілеттілігін салыстыра отырып, жақсы күшік алуға тырысамыз. Арнайы дайындықтар күшік 9 айға толған кезінде басталады. Кейбір күшіктердің қабілеті жоғары болады, сол себепті 3-4 айында үйретуге мүмкіндік бар. Бір-екі айдан бастап мойынына шынжыр тағып, адамдарға үйрету, айналасын сезіндіру сияқты жалпы дайындықтар қолға алынады. Кейін арнайы бағыттар бойынша үйретіле бастайды. Дайындықтар
9 айдан 2 жасқа дейін жүргізілуі керек. Кейін кеш болады. Иттер шамамен
8 жасқа дейін «қызмет» ете алады. Ай сайын комиссиялық тексеру жүргізіліп, иттердің денсаулығы, жарамдылығы жіті қадағаланады, дейді Р.Дәулетов.
Кинолог мамандар итті үйретуде түрлі әдіс қолданады. Бұрыннан келе жатқаны – Павлов әдісі. Яғни тапсырманы дұрыс орындаған кезде «Жарайсың» деген мәндегі мақтау зор дауыспен айтылады. Соңғы уақытта әлемде аустриялық әдіс кеңінен таралған. Кинологтің қолында дыбыс шығаратын құрылғы болады. Тапсырманы дұрыс орындаған сайын белгіні басып отырып, итті «тәрбиелейсіз». Кейде тәтті-дәмдісін немесе ойыншығын бере қою керек. Иттерді бейімдеудің тағы бір тәсілі – ойын әдістері. Доппен ойнау – олардың сүйікті ісі. Ит неғұрлым көбірек команданы орындай білсе, соғұрлым жақсы дамып, әр нәрсеге машықтана түседі. Қызметтік иттер бір адамға үйреніп, сол адамның ғана бұйрығын орындайды. Ал екінші адамға үйрену үшін 2-3 жыл уақыт керек екен. Мұнда әр маманға екі иттен бекітіледі.
Кинолог болу оңай шаруа емес. Итпен жұмыс істеу үшін тіл табыса білу керек. Жан-жақты дайындықтан өткен маман ғана қылмысты ашуға үлес қоса алады. Сәйкесінше, ит баптауға ебі бар азаматтар таңдап алынады. Әскерде осы сала бойынша сынақтан өтсе немесе жануарларды баптауға икемді болса жұмысқа қабылданады. Кадр мәселесін бекерден-бекер қозғап отырған жоқпыз. Бүгінде елімізде кинолог мамандығын оқытатын оқу орны жоқ. Жұмысқа қабылданған азаматтар 3 ай білімін жетілдіру курсынан ғана өтеді екен. Кинологтердің арқасында көп қылмысқа тосқауыл қойылғанын ескерсек, бұл іске құзырлы органдар кадр дайындауға назар аударса екен дейміз.