Білім • 02 Қазан, 2022

Әмбебап оқу орталығы

654 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бүгінде көпшілік ата-аналар жоғарғы сыныпта оқитын баласы үшін ҰБТ-ға сапалы даярлай­тын қосымша білім беру орталықтарын жиі іздей­ді. Өйткені мектеп біті­ру­­шілердің қосымша даяр­лықсыз жоғары оқу орны­на грантқа түсу мүм­­кіндіктері жылдан жылға азайып барады. Ал өңірлерде сапалы бі­лім беретін әрі баға­сы қол­жетімді репе­ти­тор­лық орталық табу тіпті қиын.

Әмбебап оқу орталығы

Ақтөбе облысында бір жағы­нан орта мектеп бағдар­ла­масын оқытып, екінші жағынан ҰБТ-ға даяр­лайтын репетиторлық орта­­лық­тың қажеттігі сезілетін. Аудан мектептері үшін осы мәсе­ле тіп­ті өзекті күйінде қалып отыр.

Былтыр Ақтөбеде ашылған 125 High school мектебі қала мектептерінің 10-11 сыныптарынан 185 оқушыны шетелдік және қазақстандық жоғарғы оқу орындарына даярлай бастады. Осы мектептің директоры Ербол Телемисовтың айтуынша, 185 оқушының 92-сі мемлекеттік грант­қа қол жеткізсе, 6 оқушы еліміздің ірі ЖОО-ның арнайы грантына ие болды. Сондай-ақ 27 түлек Түркия, Ресей, Италия, Польша, Испания, Бе­ларусь, АҚШ жоғарғы оқу орын­дарына бакалавриатқа оқу­ға түскен. Айта кету керек, былтырғы Ақтөбе облысы бо­йынша ҰБТ-дан ең жоғарғы ұпай жинаған Бағдат Нарқыз – осы мектептің түлегі. Нарқыз бүгінде М.Оспанов атын­да­ғы Ақтөбе мемлекеттік медицина университетінде стоматология бөлімінде 1 курста оқиды.

«Осы оқу жылында 10-11 сыныптарда 335 оқушы оқиды, оларға 20 пән мұғалімі сабақ береді, 12 ментор жұмыс іс­тейді. Қазақ мектебі болсақ та, шетелдік ЖОО-на дайындайтын SAT сыныбын аштық. Бұл сынып Н.Назарбаев университетіне және ше­телдік университеттерге оқуға түскісі келетін оқушылар үшін ашылған. Мектебімізге 9 сыныпты бітірген оқушылар қабылданады. Оқу ақысы онша қымбат емес, орташа курстың бағасы сияқты. Жалпы білім беретін мектептерден көп айыр­ма­­шылығы да жоқ. Бізде ҰБТ-ның негізгі бес пәні, физика-математика, химия-биология, дү­ние­жүзі тарихы, ағылшын ба­­ғытында тереңдетіліп оқы­ты­лады. Менторлар баланы таңертеңгілік күтіп алып, күн ұза­ғына сабаққа қатысуын қада­ға­лайды, оқушының үй жұмы­сын тексереді, ата-анамен байланыс жасап, әртүрлі іс-шаралар өткізеді. Бізде баланың басқа сабақтармен басы қатпайды. Түске дейін негізгі сабақтарды оқыса, түстен кейін қосымша сабақтар басталады, үй тапсыр­ма­сына дайындалады. Әр апта­ның соңында пәндер бойынша апталық тест алынады, ай сайын оқушы ҰБТ-ның 140 сұра­ғы­нан байқау сынағын тапсырады», дейді 125 High school мек­тебінің директоры Ербол Телемисов.

Білім инвестицияға айналып келе жатқан қазіргі жағдайда баланың бастауыштан бастап білімі дұрыс қаланбаса, жоғары сыныпқа ауысқанда алдынан кедергі болып шығады.

Еліміздің жоғарғы оқу орындарына грантқа түсуге кепілдік беретін 125 High school мектеп желісі тұңғыш рет 2019 жылы Тараз қаласында ашылды. Осы мектептің негізін қалаған Әлібек Есенов тиімді білім әдістемесін жетілдірді. Басқа қалаларда да осы мектеп желілері көптеп ашыла бастады. Баланың бі­лім­ді болуы ұстаздан десек те, оқу­шы­лардың сабақ үлгерімін бір деңгейде ұстап тұру оңай емес. Баланың сабаққа деген ынтасын оята білу де өте маңызды. Осы жағынан 125 High school мектебінің ерекшелігі неде деген сұрағымызға директор былай деп жауап берді: «Мектебіміздің бірнеше артықшылығы бар. Біріншіден, пән мұғалімдері тек сабақ оқы­та­ды және қосымша сабақ­та­рын өткізеді. Екіншіден, бізде екі мектеп психологі мен арнайы кәсіби бағдар беруші маман бар. Психолог өз бағытында жұ­мыс атқарады. Кәсіби бағдар беруші әр оқушының қандай мамандыққа оқуға түсуге бола­ты­­нын, Қазақстанда қандай ма­­­ман­дыққа сұраныс бар екен­дігін көрсетіп, баламен кешенді түрде жұмыс жүргізеді. Олар ба­ланың қабілетін, қай салаға бейімділігін анықтап, бағдар береді. Үшіншіден, бізде ментор қызметі бар. Менторлар оқу­шының үй тапсырмасын қа­да­ғалап, ата-анасымен байланыс орнатады».

Осы мектепте тақырыпты меңгеру үшін сабақтардың әр түрлі ортада өткізу тәжірибесі енгізілген. Мәселен, бірнеше күннен бері биология, тарих, математика, ағылшын тілі пәндері орталық саябақта және мектеп ауласында әртүрлі формат­та өтіп жатыр. Табиғат аясында өткен сабақты бала тез ұғынады. Әр баланың қабылдауы әр түр­лі, мінез ерекшелігі тағы бар. Сондықтан сабақ кезіндегі сер­гіту шаралары оқушының тақы­рып­ты жақсы меңгеруі үшін қажет. Жеткіншектің өзіне деген се­німділігі жоғары болса, өмір жолында кездесетін қиын­шы­лықтарды жеңе біледі. Түпкі нәтиже – өзіндік пікірі бар, ойын ашық айта алатын, тұлғалық жа­ғы­нан қалыптасқан жақсы аза­­мат тәрбиелеу. Еліміздегі орта білім саласында өз орнын ай­қындап үлгерген 125 High school мектебінің басты бағыты да осы.

 

Ақтөбе облысы