Руханият • 02 Қазан, 2022

Әуезов және ұлт өркениеті

524 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Күллі адамзатты бауырына балап, адамшылықты ту еткен ұлы ойшыл Абайдай алыпты жаһанға танытып, «Абай жолы» дара жол екенін айғақтаған ұлт мақтанышы, заңғар жазушы, ғұлама ғалым Мұхтар Әуезовтің туғанына биыл – 125 жыл. Осыған байланысты кемеңгер тұлғаның туған жері Абай облысында мерекелік іс-шаралар кең көлемде ұйымдастырылды.

Әуезов және ұлт өркениеті

Алдымен Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев бастаған еліміздің зия­лы қауым өкілдері Мұхтар Әуезов атындағы алаң­да аялдап, жазушының ескерт­кіш­те­рі­не гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті.

Тұғыры биік тұлғаның 125 жылдық мерейтойына орай қаладағы Шәкәрім университетінде отандық әде­биет пен руханияттың көрнекті өкілдері «Мұхтар Әуезов және ұлт өркениеті» атты ха­лық­аралық ғылыми-тәжірибелік кон­ферен­цияда бас қосты.

Алқалы басқосуда белгілі әуезов­та­нушы ғалымдар, мемлекет және қо­ғам қайраткерлері, университеттің профес­сорлық-оқытушылар құрамы, об­лыс­тық әкімдік пен мәслихат өкілдері, сон­дай-ақ Нидерланды, Түркия, Қытай және Өз­бекс­таннан келген ғалымдар М.Әуе­зов­тің кемеңгерлігі мен қазақ және әлем әде­биетіндегі аударма мәселесі жайлы ой өр­бітіп, жазушының даралығын танытудың және рухани мұ­ра­сын насихаттаудың тың жолдарын пысықтады.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, абайтанушы ғалым, Мем­­лекеттік сыйлықтың иегері Ғари­фолла Есім мен Ташкенттегі Әлішер Науаи атын­дағы өзбек тілі мен әдебиеті мем­­­ле­­­кеттік университетінің профессоры Абдулла Улугов М.Әуезовтің ұлы­лар елін­­дегі орны мен еліміздің өркен­деп да­муы­на қосқан үлесі жайлы тоқ­та­лып, кон­фе­­ренцияның табысты өтуіне тілектерін жет­кізді.

в

«Абай, Шәкәрім және Мұхтар Әуезов­тің шығармалары арқылы жеткен қазақтың көркем, әдеби тілі – Семей өңірінде сақ­тал­ғаны күмәнсіз. Сондықтан да тағы­лы­мы мол алқалы жиынның Шәкәрім уни­вер­ситетінде өтуі заңды», деді министр С.Нұрбек.

Қатысушылар Әуезовтің әлеміне бой­лаған кез келген адам зұлымдықтан ада, адамгершілікті ту ететін кемел тұлға болып қалыптасатынын айтты.

«Оқу орнымыздың миссиясы – ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген білікті маманды даярлаумен бірге Абай аңсаған, Әуезов армандаған толық адам, кемел тұлғаны қалыптастыру.

Абай әлеміне қаныққан әрбір студент абайтанушы, мұхтартанушы болып кетпейтін де шығар, бірақ ізгілікке ша­қыр­ған тұлғалар сөзі кез келген жастың жү­регіне тұнса – онда біздің мақса­ты­мыздың орындалғаны», деді Shakarim University басқарма төрағасы Бауыржан Ердембеков.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­­верситетінің профессоры, белгілі ға­лым Дандай Ысқақұлының айтуынша, қазір өзекті болып тұрған адами капитал мәселесін шешудің тиімді жолы Мұхтардай Алаш ардақтыларының мәде­ни мұрасында жатыр. Тек сол мұраны зерттеуге тың көзқараспен келіп, заңғар тұл­ға­­ларымыздың еңбегі мейлінше лайықты дең­гейде насихатталса игі.

«Біріншіден, адам капиталы мықты болу керек. Адам капиталын дамытсақ, материалдық әрі рухани жетістіктеріміз еселей түсері анық. Түркі халықтар ішінде қазақтардың арасында да адами ресурстың әлеуеті зор. Әлбетте, кейбір бағыттарда тың­нан түрен салуға тура келеді.

Халқымыздың рухани кемелденуі ықылым замандардан, Күлтегін, Майқы би, Асан қайғылардан бастау алып, хакім Абайдың дәуірінде шырқау шыңға жеткен сынды. Ал Әлихан Бөкейхан және Мұхтар Әуезовтей алаш азаматтары оны білім мен ғылымға айналдырып, ұлттық идеология­мызды қалыптастыруға сүбелі үлестерін қосты», деді Д.Ысқақұлы.

Қазақ әдебиетінің әлемдік аренаға ке­ңінен таралуына бауырлас түрік ағайын­дардың да атсалысып келе жат­қанын айта кеткен орынды. Мәселен, Кас­та­мону университетінің профессоры Орхан Сөйлемез Абай мен Мұхтардың шығар­ма­ларын түрік және ағылшын тілдеріне аударып, оның біразы батыс басылымдарынан көрініс тапқан.

«Осыдан 30 жыл бұрын АҚШ-тағы Колумбия университетінде докторантурада оқып жүрген кезімде Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романының тәржімаланған нұсқасы қолым түскен болатын. Одан бұрын әйгілі академик, ғалым Рахманқұл Бердібайұлының шәкірті атанып, қазақ тілі мен әдебиетіне деген құштарлығым артқан еді. «Абай жолы» романы маған Колумбия университетінде докторлық диссертациямды қорғауға оң ықпалын тигізді. Диссертациямның тақырыбы «Қа­за­қ­тың мәдени бірегейлігін сақтау» деп аталды.

Таяу келешекте түркі халықтарының ынтымақ-бірлігі бүгінгіден де нығайып, оның жемісін ұрпақтарымыз көреді деген үміттемін», деді О.Сөйлемез.

Бұдан бөлек профессор Арап Ес­пенбетов «Мұхтар Әуезовтің бір мақа­ласы хақында», доцент Жандос Әубәкір «Мұхтар Әуезовтің даралығы», С.Аман­жолов атындағы Шығыс Қазақстан уни­вер­ситетінің профессоры Айжан Қар­таева «Мұхтар Әуезов мұрасындағы түркі әлемі» ғылыми тұжырымдасын көп­шілікке ұсынды. 

Конференция аясында қатысушылар жазушының әдеби мектебі, өзі негізін қалаған «Абай» журналының бүгінгі тағдыры, ғылыми өмірбаяны, ұлттық құн­ды­лық, ана тілі, Әуезов шығармаларын сах­­наландыру мәселелері төңірегінде пікір алмасты.

Сонымен қатар жиында әлемдік дең­­гей­­­дегі монументалды өнер туынды­ларын Әуезовтің көркем шығар­ма­ла­­рын­дағы кейіпкерлерге арналған ком­позициялық ескерткіштер мен IT өнім­­дер, анимациялық туындыларын жасау керектігі айтылды.

Әрмен қарай мерейтойлық іс-шаралар легі заңғар жазушының туған жері Абай ауданында жалғасын тапты. Мәртебелі меймандар М.Әуезовтің әке-шешесі Омархан мен Нұржамалдың кесенесіне барып құран бағыштап, рухына тағзым етті.

к

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлт­тық университетінің ректоры, Ұлттық ғы­лым академиясының академигі Ерлан Сыдықов бұл мерейтой Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан» тұжырымдамасы аясында ашылған Абай облысында өтіп жатқан алғашқы халық­аралық деңгейдегі ғылым мен білімнің, мәде­ниет пен руханияттың тоғысқан тойы екенін жеткізді.

«Біз тұрған қасиетті өлкені ел тарихын­да мәртебесі ерекше, тіптен құт қон­ған ырысты, берекелі топырақ деп әрбір қазақ мақ­танышпен айтады. Өйткені Абай өңірі дүйім қазаққа ақыл айтқан абыз Әнет бабаның, кемеңгер Кеңгірбай бидің, марғасқа Мамай, қол бастаған Тоқтамыс батырлардың, сонымен бірге құдіретті Құнанбай сынды сұңғыла аға сұлтанның ізі қалған киелі мекен. Қазақтың бас ақыны хакім Абай осы Шыңғыстау бауырындағы Ақшоқы мен Жидебайда отырып күллі әлемге «адамзаттың бәрін, сүй бауырым деп» деген сәулелі сөзін шашты. Ал дала да­нышпаны атанған Шәкәрім бабамыз да осы өлкеде келешектің ойын ашып, өзінің танымы терең тарихи-философиялық еңбектерін жазғаны баршаңызға аян. Абайдың ақындық дәстүрін жалғастырған Көкбай, Ақылбай, Мағауия, Турағұлдың да елге белгілі мұралары осы өңірде дү­ниеге келді.

«Мұңлы қоңыр туған анам, туған жерім Бөрілі» деп өзі жазғандай, Аяққарағанда кіндік қаны тамып, Бөріліде балалық бал­дәурені өткен Мұхтар Омарханұлы Әуе­зов­тің ел тарихындағы орыны ай­рықша. ХХ ғасырда қазақты әлемге таныт­қан екі тұлға болса, соның бірі – Мұхтар Омар­ханұлы.

Абай мен Мұхтар егіз ұғым. Мұхаңның басқа да көркем шығармалары мен ғылы­ми зерттеулерін былай қойғанда, тек Абай тақырыбының өзі оның даралығын ай­қындап береді. Өздеріңіз жақсы біле­тін­дей, Мұхаң ел тарихында көптеген алғаш­қы бастаманың негізін қалады. Семейде құрылған «Ярыш» футбол командасы, Ойқұдықта қойылған «Еңлік-Кебек» спектаклі, Жүсіпбек Аймауыт­ұлы­мен бірге шығарған «Абай» журналы, алғашқы әдеби «Абай» музейінің ашылуына сіңірген еңбегі Әуезовтің жан-жақтылығын айғақтайды», деді Е.Сыдықов.

Абай ауданында жергілікті кәсіпкерлер мен аудан халқының қолдауымен Кең­гірбай биге ескерткіш орнатылды. Сондай-ақ «Еңлік-Кебек» кесенесіне де жөндеу жүр­­гізілгенін айта кеткен жөн.

Ұлы тұлғаның мерейтойына байла­ныс­ты Қарауылда қазақ күресінен дүбірлі сайыс ұйымдастырылып, аламан бәйге мен жорға жарыста нағыз тұлпарлар анық­тал­ды. Бұдан соң мерекелік іс-шаралар кон­ференция, футбол сайысы және гала концертпен түйінделді.

 

Абай облысы