Қоғам • 03 Қазан, 2022

Біліктілікті арттыру бағытындағы бастама

357 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының былтырғы Жолдауындағы тапсырмасы бойынша «Кәсіби біліктілік туралы» заң жобасы әзірленіп, Парламент Мәжілісінің қарауына жіберілді. Аталған құжатты әзірлеуде Эстония, Сингапур, Ресей сияқты елдердің тәжірибесі ескерілді. Бұл туралы Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев мәлімдеді.

Біліктілікті арттыру бағытындағы бастама

– Осы заң жобасы еңбек нары­ғындағы барлық тараптың бі­лім беру жүйесінің және бизнес- қауымдастығындағы қыз­меткер­лердің өзара қарым-қатынасты реттеуге арналған. Мұның барлы­ғын Ұлттық біліктілік жүйе арқы­лы іске асыруға болады. Себебі жоба «Қазіргі мамандар нені білу­ге және үйренуге тиіс?», «Олар­ға нені және қалай оқыту керек?», «Олардың кәсіптік біліктілігін қалай анықтауға болады?» деген үш негізгі сұраққа жауап береді. Әрине, заң жобасын әзірлеуден бұрын Ұлттық біліктілік жүйесін дамыту бойынша бірқатар ма­ңызды жұмыс жүзеге асты. 2018 жылдан бастап еңбек нары­ғының құрылымын нақты­лау үшін жаңа Ұлттық қызмет­тер сы­нып­­тауышы енгізілген. Осы құжат­тың құрамында 12 мыңға жуық кәсіп пен лауазым бар, – дейді О.Ордабаев.

Оның айтуынша, ұлттық білік­тілік аясында салалық білік­тілік шеңберлері және кәсіптік стан­дарт­тар әзірленіп бекітілді. Кәсіптік стандарттар жүйенің өте маңыз­ды элементі және осы мамандық қызметкерлеріне нарық талаптарын жинақтау функциясын атқарады, сондай-ақ қызметкерлерді оқыту және даярлау бағдарламаларын құру үшін негіз бола алады. Бұған қоса реттелетін кәсіптер тізбесі бекітілді. Ұлттық палата мамандарын бағалауды жүргізетін сертификаттау орталықтарының тізбесі жүргізіледі.

Сонымен қатар ұлттық білікті­лік жүйесін дамыту мақсатында әзірленген заң жобасы бірқатар жаңалықты қарастырады. Біріншісі – үш деңгейлі институционалдық жүйені енгізу. Екіншісі – кәсіптік біліктіліктерді тану тәртібін регламенттеу. Үшіншісі – еңбек нарығының бейресми және информалды білім беруді тану, жеке шеберлікті растау мүмкіндігі, қыз­меткерлерді ынталандыру шаралары.

– «Кәсіби біліктілік туралы» заң жобасында жұмыс орнын­да сертификаттау процесін ынталандыру шаралары да болады. Сондай-ақ жұмыссыз ха­лыққа осы сертификаттаудан өту үшін белгілі бір ваучерлер көзделеді. Барлық персоналы тәуелсіз растау орталықтарында сертификаттаудан өткен жұмыс берушілер үшін жаңа тәртіп енгізіледі. Сенім сертификаттары беріледі. Бұл еңбек инспекторларын тексеру мүлдем басқа режімде жүзеге асырылатынын көрсетеді. Осы шаралардың барлығы заң жобасында қарастырылды. Біз заң жобасының қаншалықты тиімді болатынын бағамдап отырмыз, өйткені бұл білім беру жүйесі мен еңбек нарығы арасындағы көпір іспеттес, – деді вице-министр.

Жоғары оқу орындарын аккредиттеу немесе кейбір сапасы төмен университеттерді лицензиясынан айыру туралы ақпараттарға қанықпыз. Осы орайда брифингте журналистер тарапынан «Бұл ереже кәсіптік және техникалық білім беру мекемелерінде қалай сақ­талады?», «Маманды да­йын­дау­да талапқа сай келмейтін немесе лицензиясынан айырылған қанша кәсіптік орын бар?» деген сауалдар қойылды.

Бұл ретте Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары міндетін атқарушы Бану Нарбекова ЖОО жүйесінде 2010 жылдан бастап Қазақстанның Болон үдерісіне қосылғанын жеткізді. Ал оның басты талаптарының бірі – тәуелсіз аккредитация немесе сапаны қамтамасыз ету жүйесін қалып­тастыру. Бүгінде елімізде 12 аккре­дитациялық агенттік бар. Олар министрлік тарапынан танылған.

– Алдымен аттестаттау мен лицензиядан өткізудің аражігін ашып алайық. Аккредиттеуден өту Болон үдерісінің декларациясына қол қойғандықтан, жалпыеуропалық білім жүйесіндегі стандарттың негізінде жүзеге асырылады және білім бағдарламалары жұмыс берушілермен бірге әзірленеді. Бүгінде ЖОО-ның 60%-ы арнайы бағдарламаларын аккредиттеуден өткізді. Бұл оларға мамандар дайындауға және мемлекеттік тапсырыс алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар институционалды аккредиттеу бар. Одан барлық университет өтті. Себебі олар аккредиттеуден өтпесе, одан әрі қызмет етуіне қатысты сұрақтар туын­дауы ықтимал. Ал лицензия мәселесі – қазір мемлекет тарапынан жүргізіліп отырған саясат. Осы күнге дейін 15 оқу орны жабылды. Бұл жұмыс жалғасын табады, – деді Б.Нарбекова.