Қоғам • 04 Қазан, 2022

Жұмысқа орналастыратын супермаркет

192 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Электрондық еңбек биржасы базасында Бірыңғай цифрлық экожүйе құрылады. Мұны жұмыспен қамту саласындағы онлайн қызметтер супермаркеті деп атауға да болады. Аталған экожүйе азаматтардың мамандық таңдауынан бастап еңбек қатынастарын ресімдеуіне дейін қолғабыс етеді.

Жұмысқа орналастыратын супермаркет

Еңбек және халықты әлеу­мет­­тік қорғау министрлігі баспа­сөз қызметінің хабарлауынша, бүгінгі таңда ЭЕБ базасында жұ­мыспен қамту саласындағы бола­шақ супермаркеттің 6 негізгі құ­рамдас бөлігінің бесеуі іске асы­рылды. Атап айтқанда, жұ­мыс­қа орналастыру бойынша бір­ың­ғай цифрлық алаң – Enbek.kz. Бұл 205 жұмыспен қамту орталығынан, 44 жеке жұмыспен қамту агенттігінен және 5 онлайн жұмыспен қамту алаңынан бос орындарды шоғыр­лан­дырады. Бұл алаңнан азамат­тар бағыттар, кәсіптер және дағ­ды­лар бойынша лайықты бос жұ­мыс орындарын, ал жұмыс бе­рушілер талап­тарына сәйкес ке­летін қыз­мет­керлерді іздей алады. Бұл ретте Армения, Беларусь, Қыр­ғызстан мен Ресейдің ұлт­тық ақпараттық жүйелеріне қол­же­тім­ділігі бар «Шекарасыз жұмыс» бірыңғай іздеу жүйесі ар­қы­лы тек Қазақстанда ғана емес, Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде де жұмыс табуға бола­ды.

«ЭЕБ арқылы жұмыспен қам­ту саласындағы көрсетілетін мем­ле­кеттік қызметтерді де оңай алу мүмкін болады. Өткен жылы 126 мың адам онлайн форматта жұмыссыз ретінде тіркелді. Плат­форма арқылы азаматтар жұ­мысынан айырылуға байланысты әлеуметтік төлем алу, суб­сидияланған жұмыс орындары­на жұмысқа орналасу, жұмыс күші тапшы аймақтарға қоныс аудару үшін өтініш бере алады. Биыл көрсетілетін мемлекеттік қыз­меттерді ЭЕБ арқылы 314,2 мыңнан аса адам пайдаланды», дейді «Еңбек ресурстарын дамыту орта­лығы» АҚ президенті Дәулет Арғындықов.

Сондай-ақ ЭЕБ базасында халық үшін қажетті дағдылар бойынша Skills Enbek – маркетплейс курстарының онлайн оқыту платформасы жұмыс істей­ді. Бүгінде мұнда 157-ден аса курс орналастырылған, олар­дың 103-і – тегін. Бұл ретте 124 мыңға жуық адам белгілі бір курстан өтіп, тиісті дағдыларды игеру туралы сер­тификат алды.

«Жұмыспен қамтудың цифр­лық инфрақұрылымындағы тағы бір жаңалық жалдамалы жұ­мыс­шылардың еңбек жолын цифр­лық есепке алу алаңы ретінде HR Enbek платформасын атауға болады. Бүгінде плат­форманы 272 мыңға жуық жұмыс беруші пайдаланады, бұл елдегі барлық жалдамалы қызметкердің 63%-ын қамтиды», дейді Д.Арғындықов.

Сондай-ақ жұмыспен қамту­дың цифрлық экожүйесінің ма­ңызды элементі – Business Enbek платформасы. Бұл бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар алудың: өтініш беруден бастап гранттың өзін алуға дейінгі барлық процестерін толық автоматтандыру үшін іске асырылған. Барлық құжаттама электрондық форматта ресімделеді. Қазіргі уақытта 12 мыңнан аса өтінім ма­құлданды. Жыл соңына дейін барлығы 20 мың грант беру жос­парланып отыр.