21 Мамыр, 2014

Қазақстан жетістіктері өзге елдер үшін үлгі

406 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Елбасы жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтановтың Халықаралық көші-қон ұйымының (ХКҰ) Оңтүстік-Шығыс Еуропа, Шығыс Еуропа және Орталық Азия елдеріндегі өңірлік директоры Рената Хельд ханыммен кездесуі өтті. Кездесу барысында тарап­тар Қазақстандағы адам құ­қық­­­­тары саласындағы ахуалды, сон­дай-ақ, еңбекші-миг­рант­тардың құқықтарын қам­тамасыз ету мәселелерін талқыла­ды. Қ.Сұлтанов Қазақстан Респуб­ли­ка­сындағы адам құқықтары саласындағы Ұлттық іс-қимыл жоспарының ұсынымдарын жүзеге асыру барысы, Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты атты» Жолдауының шеңберінде қазақстандық қоғамды әлеуметтік жаңғырту міндеттерін қалай іске асыру туралы, сондай-ақ, мемлекеттің ұлтаралық және дінаралық татулықты одан әрі нығайта түсуіне қатысты атқарып жатқан жұмыстары туралы жан-жақты айтып берді. Қонақ Адам құқықтары жөнін­дегі комиссияның құқық қорғау саласындағы жаңа жобаларымен, атап айтқанда, комиссияның адам саудасының алдын алуға және заңсыз көші-қон фактілерін болдырмауға қатысты дайындалатын арнайы жобаларының жұмысымен таныстырылды. Р.Хельд Қазақстан Рес­пуб­ликасы Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның жұмысына жоғары баға беріп, адам саудасымен күреске қатысты дайындалатын арнайы баяндаманы және Адам құқықтары саласындағы жаңа Ұлттық іс-қимыл жоспарын әзірлеуде сәттілік тіледі. Өз кезегінде, Қ.Сұлтанов Халықаралық көші-қон ұйымына және оның Қазақстандағы өкілдігіне адам құқықтарын қорғау және ынталандыру саласындағы сындарлы ынтымақтастық үшін алғыс айтып, комиссияның ХКҰ-мен адам құқықтары саласындағы сындарлы ынтымақтастыққа дайындығын жеткізді. ХКҰ өңірлік директоры комиссияның еңбекші-мигранттар құқықтарын қорғау саласындағы жобасы әлемнің көптеген елдерінде жоқ екенін және Қазақстанның еңбекші-мигранттардың құқық­тарын қорғау саласындағы ұлттық заңнама мен құқық қолдану тәжірибесін жетілдірудегі жетістіктері басқа елдер үшін үлгі болуы мүмкін екенін атап көрсетті. Кездесуге, сондай-ақ, ХҚҰ-ның Қазақстандағы өкілдігінің басшысы Деян Кесерович пен Адам құқықтары жөніндегі комиссияның хатшысы Тастемір Әбішев қатысты. «Егемен-ақпарат».