Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ТМД кеңістігінде жаңа интеграциялық жоба – Еуразиялық одақ құру идеясын 1994 жылы ұсынғаны мәлім. Осы идеяның пісіп-жетілгеніне де көз жеткізіп отырмыз. Елбасының М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде оқыған лекциясында аталмыш одақтың түпкілікті мақсаты тағы бір мәрте айқындалды. Бұл күнде елімізде сауда-экономикалық айналым айтарлықтай жоғарылады және халықаралық саясат, қауіпсіздік, қорғаныс салаларындағы ынтымақтастық арта түсті. Еуразиялық одақтың Қазақстан үшін ықпалы зор болады, сондықтан біз экономикалық одақ құра отырып еш нәрседен ұтылмаймыз деп есептеймін.
Әлемдік шаруашылық тәжірибесінде дамып, қазір орын алып отырған мемлекетаралық экономикалық интеграция
сыртқы және ішкі факторлардың әсерінен қалыптасқаны белгілі. Нәтижесінде қазіргі экономикасы озық дамыған мемлекеттер қадамы ашық экономика қағидалары бойынша ұйымдастырылып, алға басуда. Өркениетті елдерде мемлекетаралық экономикалық интеграцияның көптеген нысандары мен модельдері бар. Соның ішінде Еуропа елдерін біріктіретін Еуропалық одақты (ЕО) және Еуропа еркін сауда ассоциациясын (ЕСЕА), Солтүстік Америкадағы Солтүстікамерикалық еркін сауда ассоциациясын (НАФТА), Азия-Тынық мұхиты аймағындағы елдердің Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы ассоциациясын (АТЭС), Азиядағы Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің ассоциациясын (АСЕАН), Латын Америкасындағы Латынамерикалық интеграция ассоциациясын (ЛАЙ) және «Меркесур» сияқты т.б. озық интеграциялық құрылымдарды атауға болады. Қазіргі кезде бұл экономикадағы интеграциялар заман талабындағы мемлекет арасындағы ынтымақтастықтарды әлемдік деңгейде тереңдете дамытып отыр.
Осындай халықаралық тенденция бағытында еуразиялық кеңістікте экономикалық одақ құру туралы Елбасының идеясы болашақты көрегендікпен болжауынан және еліміздің жаһандану жағдайларындағы дамуының объективті қажеттіліктерін ескеруінен туындап отыр. Оның негізгі себептеріне әлемдегі өндіріс нысандарының өзгеріп, әлемдік ішкі жиынтық өнімдегі трансұлттық корпорациялардың орны мен рөлінің арта бастағандығын, жаһандану барысында ұлттық экономиканың халықаралық стандарттарға бейімделуінен, халықаралық басқару орталықтары, бірлескен кәсіпорындар мен халықаралық стандарттар жүйесіндегі (Тарифтер мен сауда жөніндегі бас келісім, Халықаралық валюта қоры, Біріккен Ұлттар Ұйымының органдары және тағы басқа) өзгерістерді айтуға болады.
Жалпы, бұрынғы Кеңес Одағының орнындағы жеке мемлекеттер арасында алғашқы рет экономикалық мақсатта құрылған құрылымдардың бірі Ресей, Беларусь және Қазақстан арасындағы Кеден одағы болып табылады. Ол аталған үш мемлекет арасындағы өзара сыртқы сауда бойынша қатынастарын оңтайландырып, жеңілдетті. Статистикалық деректерге жүгінсек, 2012 жылы Кеден одағына мүше мемлекеттер арасындағы сыртқы сауда бойынша тауар айналымы 383,6 млрд. американ долларын, оның ішінде экспорт бойынша 254,7млрд. долларды, импорт 128,9 млрд. долларды құрапты. Сонымен бірге, Қазақстан, Беларусь, Ресей арасындағы толыққанды Кеден одағының құрылуы осы мемлекеттер үшін геосаяси және экономикалық тиімді бағыт болып, бизнес бірліктер мен тұрғындар үшін сипаты мен мерзімі және қолжетімділігі тартымды болып отырғанын өмір көрсетуде.
Ал, қазіргі Еуразиялық экономикалық одақ құрудың алғышарттары Кеден одағының дамуына байланысты қалыптасуда және оның нәтижесінде бірыңғай кедендік аумақ, үшінші елдермен бірыңғай сауда режімі, Кеден одағына кірген мемлекеттер арасында өзара сауданы кедендік ресімдеудің жойылуы, кедендік бақылауды сыртқы шекараға шығару, кедендік тариф және тарифтік емес жүйенің бірыңғай реттелінуі сынды тиімді жағы шешілуде.
Осы негізде Еуразиялық экономикалық кеңістікте әлеуметтік-экономикалық дамуға ықпал ететін халықаралық шаруашылық байланыстардың тереңдеуі, елдер арасындағы тауар айналымы мен жұмыс күші, капитал ағылымы және т.б. жаңа сандық және сапалық деңгейге көтерілмек.
Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуы оған енетін мемлекеттер арасындағы экономикалық интеграциялық үдерістердің әлемдік деңгейде дамуын білдіреді. Сонымен бірге, Еуразиялық экономикалық одақтың қарқынды дамуына тарихи жағынан алғанда еуразиялық кеңістіктегі өзгерістер (скифтер, ғұндар, хазар, моңғолдар, славян) кеңестік коммуна биліктерімен бірде бірігіп, бірде тарағанына қарамастан, әлемдік шаруашылық жүйесінде орны біршама сақталды. Еуразиялық кеңістіктегі елдер өзінің табиғи-географиялық, демографиялық және экономикалық шарттары бойынша, оның ішінде бай ресурстық және экономикалық қуатымен осы аймақты дамытып қана қоймай, әлемдік экономика ілгерілеуінің басты факторы бола алады. Түрік және славян елдерімен бірге осы кеңістікті мекендеген басқа да көптеген еуропалық және азиялық этностардың бай тәжірибесін өз бойына жинаған және сол арқылы әлемдік өркениеттің дамуына ықпал еткен еуразиялық мәдениет орнықты.
Сонымен бірге, Еуразиялық экономикалық одақтағы мемлекеттер әлемдік өнеркәсіп өнімінің 10%-ын өндіріп, өз қуаттарын біріктірген жағдайда 10-15 макротехнологиялық, оның ішінде әлемге әйгілі 55 өнім түрлерін, космостық, авиациялық, ядролық, машина жасау, кеме құрылысы мен био-нанотехнология және т.б. өндіруі ықтимал.
Осындай экономикалық ықпалдасу жағдайында Еуразиялық экономикалық одақ елдеріндегі ресурстар жиынтығы мен демографиялық әлеуеті кеңістіктегі орнықты экономикалық өсімнің негізі болып, халықтың тұрмыс деңгейін тұрақты дамытуға мүмкіндік тудырады.
Балқия ШОМШЕКОВА,
экономика ғылымдарының кандидаты, доцент.
ТАЛДЫҚОРҒАН.