Әдебиет • 04 Қазан, 2022

Биыл Нобель сыйлығын қай жазушы алады?

427 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жұртты елеңдеткен Нобель сыйлығы қазан айының басында жеңімпаздарға табыс етіледі. Әлемдік алпауыт марапаттың додасына түсіп жатқан кіл мықты қаламгерлердің қайсысының бағы жанар екен деген сауал әдебиетке қатысы бар әр жүректе білте шамдай жанып тұрғаны шындық. Кім алса да, қаламы қуатты, шығармасы арқылы адамзатқа ой салатын қалам иесі алғаны дұрыс.

Биыл Нобель сыйлығын қай жазушы алады?

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Сонымен қай сөз зергері әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығын алуы мүмкін? Шамамызша саралап көрелік. Бұл сыйлықтың біз білмейтін қыр-сыры мол екені мәлім. Себебі жыл сайын біз күтпеген есімдер сыйлық төрінен көрініп жатады. Мысалы, Боб Диланды да, Луиз Глюкті де, Абдулразак Гурнаны да ешкім аталған үлкен сыйлықты қанжығалайды деп күткен жоқ. Бұндайда қазақтың «бап шаба ма, бақ шаба ма?» деген сөзі еске түседі.

Ал биыл әдебиетте орны бар, үлкен романдары мен жыр жинақтарын төрткүл дүние оқырмандары түгел мойындаған ақын-жазушылар үміткерлер ретінде бақ сынап жатыр. Осыған дейін де бірнеше рет ұсынылған жапон жазу­шысы Харуки Муракамидің төзімділігі­не таңғалмасқа шарамыз жоқ. Әлемдік әдебиетте аты бар жазушы жыл сайын үміткерлердің ішінде жүреді, ал биыл оның бағы жанса екен деген тілегіміз жоқ емес. Алсын, әбден лайықты жазушы, ол жапон әдебиеті ғана емес, әлем әдебиетінде өзіндік стиль қалыптастырған танымал қаламгер, ол алса, ешкім теріс пікір айтып, сан-саққа жүгіртпесі анық.

Оңтүстік Кореяның танымал ақыны, қайраткер тұлға Ко Ын да үш-төрт жыл­дан бері Нобель сыйлығынан ең мық­ты үміткер ретінде көрініп жүр. Ол да өз еліне, әлемге танылған қаламы жүй­рік ақын. Былайша айтқанда, оны Нобель, ол Нобельді жақсы таниды. Оның «Оңтүстік пен Солтүстік» атты кере­мет кітабы әлемдік деңгейдегі үлкен мәселелерді арқау еткен. Бұл атау – оның бір өлеңінің тақырыбы. Екінші жаһан соғысынан кейін Корей мемлекеті бір сәттің ішінде-ақ екіге бө­лініп кетті. Сол кездегі билік жүйесінің өзара қақтығысы айрандай ұйыған бір елді екіге бөліп жіберді. Үлкен жүректі ақын Ко Ын Корей түбегіндегі осы жағ­дайды өлең арқылы әлемге, оқырман жүрегіне жеткізуге құлшынды, жеткізе алды да. Оның жүрегі, арман-тілегі мен үміті Корей елі күндердің күнінде қайта бірігіп, бір әлем қалыптастырады дейтін ұлы идеядан айныған жоқ. Ол бұл туралы бір сөзінде: « Бұл менің көз алдыма сызылған болашақтың суреті сияқты. Осы суретті тынбай, күн демей, түн демей сыза бергім, сыза бергім келеді... Ал қазіргі арманым – Оңтүстік пен Солтүстікке бөлінген менің елім бір тудың астына жиналып, қайтадан тату ел болса». Міне, отаншыл, үнемі бейбітшілікті жақтаған ақынның сөзі осындай. Ко Ынмен 2019 жылы кездесіп, сұхбаттасқан едік, сол сұхбатында оған «Егер күндердің күнінде Нобель сыйлығын алсаңыз қандай күйде болар едіңіз?» деген сұрақ қойып едім, ол: «Мүмкін, сол сыйлықты алған күні «Әлгі бір қазақ жігіті осылай деп сұрақ қойып еді деп ойланатын шығармын» деп әзілмен жауап беріп еді. Бұл ақын да аталған сыйлыққа лайықты тұлға. Жолы болсын!

Ал Милан Кундера үшін бұл сыйлық қол жетпеске айналмаса екен, жасы тоқ­сан үшке жеткен қаламгер жыл са­йын қысқа тізімнің ішінде жүреді, бірақ оған Нобель мінберіне көтерілу биыл да бұйырмаған сияқты. Оның есімі тізімнің ең соңында тұр.

Сирия елінің екі мықты ақыны Адо­нис пен Сәлім Баракат та Нобельден дә­мелі. Екеуі де – шағын жыр жолдарына жаһандық мәселелерді сыйғызып жүр­ген танымал ақындар. Бірақ бұл сыйлық­ты мұсылман қауымынан өткен жылы Абдулразак Гурна алды, енді Адонис пен Баракаттың біреуіне беруі неғайбыл. Себебі ана жақ­та Канаданың қос жүйрігі Маргарет Этвед пен Энн Карсон сап тү­зеп тұр. Канадалық жазушылар Нобель ал­мағалы да біраз жыл болды. Әлем оқыр­мандары Адонисті жақсы таниды, бі­рақ бұл жерде оқырманның пікірі мен таң­дауы себеп болмаса керек.

Сәлім Баракат та біз үшін жаңа есім емес, ол да – жарқ етіп көрініп, сол биі­гінен түспей келе жатқан қайсар ақын.

Бір өлеңінде ол:

«Мен саған көшедегі сымға асылып

өлген торғайлар туралы айтамын,

Мен саған тереземнен көрінетін

таулар туралы айтамын,

Сұр тұман сұп-сұр балғасын

ымырттың басына ұрғаны туралы айтамын»,

деп жырлайды.

Бұл өлеңде Сирияның, әлемнің қазіргі мәселелері айтылғаны бесенеден белгілі. Сым-ажал айналамыздағы болып жатқан соғыстар мен кикілжіңдер, ал соған асылып өлген торғайлар бейуаз халық емес пе? Ал сұп-сұр тұман ше? Ол сөзсіз құ­был­малы әлем дерсіз.

Мо Яннан кейін Нобель сыйлығына ынтасы оянған қытай жазушыларынан бұл сыйлыққа үш бірдей үміткер бар. Тіс дәрігерінен жазушылыққа келген Үй Хуа, Ши Ши және танымал ақын Сан Шуе. Биылғы үміткерлердің тізімін ақтарсаңыз, Франциядан он, Америкадан он үш, Қытайдан үш үміткер тіркеліпті. Тағы да қазақ жазушылары қашан үміткер бола алады деген ойға қаласыз. Бәріне болашақ жауап береді. Күтеміз де. Ал биылғы әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығы иегерінің есімі алтыншы қазан күні сағат 17:00-де жарияланады. Кім біледі, тағы да баяғы үрдіс бойынша еш­кім күтпеген бір қаламгер Нобель мін­беріне көтерілер.