Аймақтар • 04 Қазан, 2022

Күнбағыспен көркейген шаруашылық

484 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жетісуда күнбағыс өсіру ісі қарқынды дамыған екі аудан бар, оның бірі – Сарқан болса, екіншісі – Алакөл ауданы. Екі аудан да егін егуден алдына жан салар емес. Оның үстіне шаруа иелері табысты дақыл ретінде ерекше мән беріп отыр. Бүгінде Алакөл ауданында күнбағыс егістігі 5 мың гектардан асты, дақылдың бұл түрімен 35 шаруашылық айналысады, шығымы орта есеппен гектарына – 8 центнер.

Күнбағыспен көркейген шаруашылық

Жетісу облысы әкімінің бас­па­сөз қызметінің мәліметінше, об­лыста майлы дақылдар алқа­бы­ның көлемі ұлғайып келеді. Былтыр 93,8 мың гектарға себіл­се, биыл бұл көрсеткіш 96,1 мың гектарға жеткен, соның ішінде күн­бағыстың алқабы өткен жылмен салыстырғанда 1,7 мың гек­тар­ға ұлғайды.

Күнбағыс өсіруде аудандағы «Жазылбеков және К» коман­дит­тік серіктестігінің тәжірибесі мол. Серіктестік жетекшісі Айдар Жа­зылбековтің айтуынша, осы дақылға биыл ғана ден қойған. Осы жылы 350 гектарға күнбағыс сеуіп, әр гектарынан 20-25 центнер жинауды жоспарлап отыр.

«Күнбағыстан жоғары өнім алу үшін оны жақсылап күтіп-баптау керек. Тұқым себерден бұрын алдымен топыраққа агро­тех­нологиялық зерттеу жүр­гіз­дік, сосын барып тыңайт­қыш­пен қоректендірдік. Өйткені күнбағыс құнарлы топырақта жақсы өседі. Климаттың ерекшелігін ескере отырып, «Санай», «Пионер-108», «Пионер-130» деген үш сұрыбын таңдап алдық. Шамамен 500-600 тонна өнім жинаймыз деп отырмыз. Бұл дақылды өсіргенде ауыс­палы егіс талабын сақтау ке­рек», дейді шаруашылық басшысы.

Алынған өнімнің негізгі бө­лі­гін фермер Өскемен кәсіп­ор­нына өңдеуге өткізбек. Ал бір бөлігін өз қажеті үшін алып қалады.

«Өзімізді, өз қызмет­кер­ле­рімізді өсімдік майымен қам­та­ма­сыз ету үшін май шыға­ра­тын құрылғы алып келдік. Жиған шикізаттың 10 тоннаға жуығын алып қаламыз. Соның 4-5 тоннасы қызметкерлерге беретін май жасауға кетеді, қалған бөлігі пай иелеріне беріледі. Жалпы, 600 тон­надан 250 тонна май алуға болады. Оның күнжарасы да жер­де қалмайды, мал азығына тап­тыр­майтын қоспа жем болады», дейді ол.

А.Жазылбеков өсімдік шаруа­шы­лығымен ғана емес, мал өсіру­мен де айналысып отырған та­быс­ты фермер. Оны бір кезде ауыл шаруашылығына ешқандай қатысы жоқ адам еді десе сенер ме едіңіз?! Экономикалық және заңгерлік білімі бар маман ұзақ жыл Алматы қаласында тұрып, мамандығы бойынша жұмыс істеді, кейін туған жеріне оралып, мұнда өзіне мүлдем бейтаныс салада бақ сынап көруге бел байлады. 1991 жылдан бастап фермер аралас егіншілікпен айналысады. Ол жаздық дақылдар, күздік бидай мен күнбағыс себеді, сиыр, жылқы, қой өсіреді және бұл жағынан кәнігі мамандардан еш кем түспейді, қажет десеңіз дақыл өсірудің ерекшеліктері мен құпиялары туралы да айтып бере алады.

«Жақсы табысқа жету үшін ең алдымен топырақ дұрыс өңделуі керек. Біз бұл жағынан швед тех­никасын қолданамыз. Бұл то­пы­рақты күздік егіске, жалпы қысқа жақсылап дайындауға мүм­кіндік береді. Қараңызшы, қа­тарлары қандай түп-түзу, учас­ке­нің бірде-бір сантиметрі қал­май ұқыпты өңделген, кесек көр­м­е­йсіз», дейді А.Жазылбеков.

Қазір шаруашылықтағы егіс алқаптарының жалпы ауданы – 4300 гектар, 25 бірлік арнайы тех­никасы бар, оның ішінде зама­науи озық үлгідегілері де жетерлік. Шаруашылықта мау­сымдық кезеңде 150 адам жұмыс істейді, олардың түгелге дер­лі­гі жергілікті тұрғындар. Ко­ман­диттік серіктестікте 30 жыл­­дан бері жұмыс істеп келе жат­қан қызметкерлер бар. Солар­дың ішінде тәжірибелі механизаторлар Александр Божков, Бауыржан Барақбаев, Андрей және Владимир Серыхтарды атауға болады. Олардың қай-қай­сысы да комбайнның да, трак­тордың да тілін біледі, бір маусымда екі жұмыстың тізгінін ұстайды. Табыстары 430 мың теңгеге жуықтайды. Жалпы, мұн­да­ғы орташа жалақы – 200-250 мың теңге.

«Фермерлер үшін мемлекет қолдауы әрқашан демеу. Әсіресе минералды тыңайтқыштардың, гербицидтердің, жанар-жағар­май­дың бағасы айтарлықтай өскен бүгінгі жағдайда мұндай қол­даудың маңызы тіпті арта түседі. Тыңайтқыштарға, ауыл шаруашылығы техникасына, күн­­бағыс тұқымына субсидия ала­мыз, жеңілдік бағамен сұйық отын аламыз. Күзде тапшылық туа бастағанда шаруашылықтар барымызбен алмасып, ауыс-түйіс жасап жатамыз, кейін мемлекет көмегі берілгенде орнын толтырамыз», дейді «Жазылбеков және К» серіктестігінің басшысы.

Жалпы, фермердің күнбағыс өсіруге қатысты жоспары көп. Келесі жылы күнбағыс 700 гектар алқапқа себілмек. Қазір ал­қап­та жұмыс қызу жүріп жатыр. Өйткені күнбағыстың сабағы күнге әбден кеуіп, қурап, дәнін көтере алмай гүлдері жерге ең­кей­генде нағыз жиын-терім нау­қа­ны туды деген сөз.

 

Жетісу облысы,

Алакөл ауданы