Қоғам • 05 Қазан, 2022

Қадірі өткен қамқор көлік

155 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Тұрғындардың бәріне бірдей тең құқық, тең мүмкіндік қарастырылған ізгі қоғамның бір үлгісі өмір сүруге икемді инфрақұрылымынан көрінеді. Осындай игілікке қарай қадамдап жылжып келе жатқан елімізде мүгедектігі бар адамдардың мүдірмей жүріп-тұруына мүмкіндік жасап жүрген инватакси қызметінің шарапаты мол. Жақсыға тез үйренуге болмысы бейім жұртымыздың ендігі тілегі – осы көлік түрі көбейе түссе, нұр үстіне нұр болар еді.

Қадірі өткен қамқор көлік

Қазіргі кезде Қазақстанда 705 мың мүгедектігі бар адам тір­­кел­ген. Өкінішке қарай, оның барлығы инватакси қызме­тіне түгел қол жеткізе алмай отыр. Мүм­кіндігі шектеулі аза­мат­тар­дың ел қатарлы күнделікті тір­шілікке белсене араласуына үл­кен қолғабыс етіп жүрген осынау көлік түріне деген сұраныс күн өткен сайын өсіп келеді. Оның үстіне бұл инватакси жаңа оқу мау­сымы басталғалы біраз бала­ның да қатарынан қалмай, саба­ғына уақтылы үлге­ріп баруын­а сеп­тігін тигізді. Бі­рақ барлық қам­көңіл баланың қаже­тіне толық жарауға қызмет түрі­нің қау­қары жетіңкіремей тұрға­ны рас. «Қа­йыр қылсаң, бүтін қыл» де­ген­дей, Балалар жылын­да бас­шы­­лыққа алатын мәсе­ленің бірі ре­­тінде осы қамқор кө­лік­тің қа­тар­ын арттыру қаперсіз қал­маса екен.

Жалпы, инватакси қызметі елі­­мізде 2010 жылдан бас­тап кресло-арбаның және же­ке көмекшінің қызметін қажет­сінетін, жүріп-тұруы қиын бірін­ші және екінші топтағы мүге­дектігі бар адамдарды қол­даудың қосымша шарасы ретін­де енгізілді. Содан бері инватак­си қажеттігін жер­гілікті атқа­рушы органдар тұрақты негіз­де айқындап отырады. Соны­мен қатар әкімдіктердің шеші­мімен жергілікті бюджеттің мүм­кіндіктерін ескере отырып, инватакси қызметін алушылар санаттарының тізімі кеңейтілуі мүмкін.

Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау вице-министрі Ерлан Оспановтың бізге берген ақпаратынша, бүгінде ел аумағында 122 инватакси қыз­меті жұмыс істейді. Биыл арнау­лы заңнамаға түзету енгізіліп, таксопарктерге әрбір он таксидің біреуі мүгедектігі бар адамдарды тасымалдауға бейімделуі ке­рек деген талап қойылды. Осы­лайша, таксопарктердің бар­лық автомобилінің 10%-ы мү­гедектігі бар адамдардың қаже­тіне жарауға тиіс. Бұл норма 2023 жылдың қаңтар айынан бастап күшіне енеді.

– Инватакси қызметінің жұмысын ұйым­дастыру әкімдіктермен бірге елдің бар­лық өңірінде жергілікті бюджет қаражаты есебінен қамтамасыз етілді. Ин­ва­такси қызметі бірінші кезекте жұ­мыс істейтін және оқитын мүгедектігі бар адамдарға жұмыс немесе оқу кес­те­сіне сәйкес ұсынылады. Басқа ниет білдірген адамдарға бұл қызмет олардың өтініш беру тәртібімен ұсынылады. Бұл қызмет инватаксиі бар үкіметтік емес ұйымдар арасында мемлекеттік әлеу­мет­тік тапсырыс аясында жүзеге асырылады және жергілікті бюджеттен қар­жыландырылады. 2021 жылы қаржыландыру 2,2 млрд теңгені құраса, биыл 2,4 млрд теңге бөлініп отыр. Қағидаларға сәйкес инватакси қызметін алу үшін мүгедектігі бар адам осы қыз­метті көрсететін ұйымға мынадай құ­жат­тарды ұсынуы қажет: өтініш (еркін нысанда); жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі; 035-1/е нысан бо­йынша дәрігерлік-консультациялық комиссияның қорытындысы; мүгедектігі бар туралы анықтаманың көшірмесі, – дейді Е.Оспанов.

Осы орайда айта кететін тағы бір жайт, мү­гедектігі бар адамдарды так­си қыз­метімен қамтамасыз ету теті­гін жетілдіру үшін Парламент Сена­тының де­путаттары бұл қызметті «Мем­ле­кет­тік сатып алу туралы» Заңның қол­да­ны­сынан шығарып, әлеуметтік қыз­меттер порталына ауыстыруды ұсын­ды. Бұған қоса осы жаңалықтарға сәй­кес бәсекелестік орта нормаларының сақталуын қамтамасыз ету жоспарланып жатыр. Яғни осы қызмет түрін көрсетуге барлық такси қызметін ұсынушы ұйым­дар тартылады. Бұл ретте инватакси қызметін әлеуметтік қызметтер порталы арқылы іске асыру жөніндегі жаңа­лық­тар мүдделі мемлекеттік органдармен, мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық бірлестіктерімен, сарапшылармен және мүгедектігі бар адамдардың өздерімен бірлесіп қаралады.

Бүгінгі таңда инватакси қызметі жол­ға қойылған, тұрғындары игілігін көріп жүрген өңірдің бірі – Астана қала­сы. Қалалық Жұмыспен қамту және әлеу­мет­тік қорғау басқармасының әлеу­мет­тік жобалар және объектілердің қол­же­­тімділігі бөлімінің басшысы Зарина Тоқтабекованың айтуынша, қазір елордада бұл қызметті 68 автокөлік көрсетіп жүр. Оның екеуі арнаулы көліктер болса, 46-сы – жеңіл көлік.

– Астанада инватакси 1 769 адамға қыз­мет көрсетіп жүр. Бұл үшін мем­ле­кеттік әлеуметтік тапсырыс аясында 363,8 млн теңге қарастырылған. Оның ішінде 18 жастан асқан, кресло-арбамен қозғалатын 721 адамды 6 көлік тасымалдайды. Көру қабілеті бұзылған 385 адамға 16 көлік қызмет етеді. Сон­дай-ақ кресло-арбамен қозғалатын кәме­лет жасына толмаған 129 балаға 6 көлік бөлінген. Ал жалпы мүгедектігі бар 534 баланың жүріп-тұруына 40 көлік арналған. Бұл көліктердің саны жыл са­йын артып жатқанын да айта кету ке­рек. Мысалы, бұрнағы жылы қала­мыз­­да 43 инватакси болса, былтыр оның қатары 50-ге, ал биыл 68-ге кө­бей­ді. Бірақ кресло-арбаларды көтер­гіш құ­рыл­ғымен жабдықталған арнаулы кө­лік­т­ерді көбейту қажеттілігі бар, – деді З.Тоқтабекова.

Елордадағы инватакси көлігін жүр­гі­зіп жүрген маманның бірі – Самат Игесинов. Ол қала халқының саны арт­қан сайын инватаксиге сұраныстың кө­бей­­­генін, сәйкесінше жүктемелері де арт­қанын атап өтті.

– Инватакси көліктерін жүргізіп жүр­ге­німе 5 жылдан асты. Бұл жұмысқа әбден үйреніп кеттім. Бұдан басқа жұ­мыс­тарды қоса атқаруға үлгермеймін. Өйт­кені уақытымыз тығыз. Айына 200 мың теңгенің шамасында жалақы ала­­мын, осыған қанағат. Күніне бір қыз­меткерге орташа есеппен 12-15 тапсырыс жүктеледі. Сағатына бір тапсырысты орындаймын. Күнделікті мар­шру­тымыз бір күн бұрын арнайы кесте түзіліп, бекітіліп қояды. Әсіресе бала­ларды мектеп, балабақша, бассейн, оңалту орталықтары сияқты орын­­дар­ға тасымалдаймыз. Кейде кешкі уа­­қытта мүмкіндігі шектеулі клиент­тер­­ді әуежайларға, темір жол вокзалдарына шығарып салып, күтіп аламыз. Мұндай жандарға қызмет көрсетіп қа­на қоймай, ерекше көңіл бөле білу де керек. Анда-санда ата-аналар тарапынан реніш, қынжылыстар болып жатады, бірақ оның бәріне кеңінен қараймыз. Астананың халқы көбейген сайын инватаксиге деген сұраныстың артып жатқаны байқалады, – дейді С.Игесинов.

Ал мүгедектігі бар екі бала өсіріп отырған Айнұр Қадірбекова инватакси қызметін көрсетушілерге зор алғысын біл­діріп, осы жақсылықтың еселене түс­ке­нін қалайтынын білдірді.

– Инватакси қызметін 2017 жылдан бері пайдаланып келемін. Ерекше қа­жеттілігі бар тұрғындарға жасалған осын­дай жағдай үшін ризашылығымды біл­діремін. Өзім бұл қызметті көпке де­йін білмей келдім, дәлірегі аса мән бер­меген болуым керек. Оған де­йін мүм­кіндігі шектеулі екі бірдей баламды қоғамдық көліктермен тасымалдайтын едім. Бұл өте үлкен қолайсыздық туғызатын. Содан соң ізденіп, ХҚО арқылы осындай қыз­метке жүгінуге болатынын білдім. Қазір игілігін көріп жүрміз. Ұл мен қызым тете өсіп келеді, олардың жасы – 14 және 13-те. Балаларды негізінен күн сайын мектебіне, кейде оңалту орталықтарына апарып тұрамыз. Осы орайда бізге уақыт тауып, инватаксиді жүйелі түрде жіберіп отыратын диспетчер Гүлмираға ерекше ризашылығымды білдіргім келеді. Өйткені қалада өздігі­нен жүріп-тұра алмайтын бала көп. Оның бәріне бірдей үлгеріп, қызмет көрсету оңай емес. Білуімше, елордада 800-ге жуық мүмкіндігі шектеулі бала бар. Ал инватаксидің саны 40-тан сәл асады. Сондықтан бұл көліктің санын одан сайын арттыра түссе екен деген тілек бар. Бұл осындай бала тәрбиелеп отырған барлық ата-ананың тілегі деп ойлаймын, – дейді А.Қадірбекова.

Қамқор ел болуға ұмтылатын елімізде жасалып жатқан осындай қадамдар дамуымызды ілгерілетіп, ізгілікке жетелей түседі. Түптеп келгенде, қоғамда әділет салтанат құрса, қайырымды қала қағидаттары негіз болып қаланса, ел бірлігі бекіп, берекеміз арта түсетіні анық.