Бұл электронды платформа бес парызын орындауға асыққан мұсылмандарға көмектесу мақсатында әзірленген. Nusuk – Сауд Арабиясының Vision 2030 стратегиясының Pilgrim Experience («Қажылық тәжірибесі») бағдарламасының бір бағыты.
Платформада қажылыққа келгендерге арналған ақпарат пен кең ауқымды қызмет жинақталған. Сондай-ақ қажылық рәсімін өтеу кезінде көрсетілетін қызметтің сапасын арттыруға үлес қоспақ. Бұдан бөлек, визалар, рұқсаттар, брондау үдерістері мен рәсімдерін жеңілдету секілді мәселелер ескерілген.
Қажылық және умра министрі, Pilgrim Experience Program бағдарламасы жөніндегі комитетінің төрағасы Тауфик әл-Рәбияның айтуынша, Nusuk платформасы жаңа технологияларды қолдану арқылы қажылыққа келгендерге көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға үлес қосады. Сонымен қатар Nusuk бірнеше мемлекеттік мекемемен бірлесіп рәсімдерді жеңілдетіп, бес парызын өтеушілердің рухани сапарларын оңай әрі жайлы өткізуге мүмкіндік береді.
Сауд Арабиясы туризм министрі, Туризм жөніндегі басқармасының директорлар кеңесінің төрағасы Ахмед әл Хатиб Nusuk платформасының Pilgrim Experience Program бағдарламасы шеңберіндегі маңызына тоқталды.
Жалпы, кейінгі жылдары Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы қарым-қатынас нығайып келеді. Мәселен, алдағы уақытта екі елді байланыстыратын әуе бағытының санын 4-тен 8-ге арттыру көзделіп отыр. Мәдени бағыттағы ынтымақтастықтың да өрісі кең.