Мұның мысалын жүрегі шырылдап, шындықты айтатын, әр қазақты емес, бар қазақты бауырына тартып, поэзиядағы өзіндік өрнегімен 80 жастың сеңгіріне көтерілген Қазақстанның Еңбек Ері Мұхтар Шахановтың «Сәлем, ұлы Жайығым!» деп Атырауға келгенінен аңғаруға болады. Ақынды өңір әкімі Серік Шәпкенов арнайы шақырды. Қаламгердің мерейтойына орай Махамбет атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрында «Ғасырдың ғаламат ақыны» атты поэзия кеші өтті.
Театр фойесінде жыр жампозының кітаптары мен қайраткердің шығармашылығы туралы зерттеу мақалалар топтастырылған көрме ұйымдастырылды. Поэзия кешін өнер ордасының әртістері қаламгердің жырларынан құралған «Сәлем, ұлы Жайығым!» атты театрландырылған прологпен ашты. Бұдан соң облыс әкімі Серік Шәпкенов мерейтой иесін құттықтап, берекелі ғұмыр мен шығармашылық шабыт тіледі.
– Біз жүрек қылын шертер жырларын қазақ халқы жатқа білетін ақын, Желтоқсан жылнамасынан роман-эпопея жазған жазушы, әндерін барша жұрт шырқаған композитор, қазақ тілінің қамы үшін шыбын жанын шүберекке түйе күрескен қайраткер Мұхтар Шахановпен кездесіп отырмыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында мұхитқа құятын асау өзен арнасындай табиғат сыйға берген бар талантын, азаматтық асыл қасиетін жоғары бағалап, «Бұл кісі – өте адал, шыншыл, ұлтжанды адам. Мен Мұхтар Шахановқа Қазақстанның Еңбек Ері атағын беру туралы Жарлыққа қол қойдым» деп жоғары баға берді. Бұдан артық қандай баға беруге болады? Жыр сүйген, сөз қадірін түсінген Атырау жұртшылығының атынан ақын ағамыздың биігімен сүйсіндіріп, тереңдігімен ойландырып, ортамызда әрдайым аман жүруіне тілекшімін, – деді Серік Шәпкенов.
Атыраулықтар Мұхтар Шахановты осы өңірдің төл перзентіндей құрметтейді. Ақынның бар жырын жатқа айтып, әндерін шырқап, онымен бір туған бауырындай, арасынан қыл өтпес досындай сырласуға асығып тұратындар көп. Сол себепті өңір жұртшылығы поэзия кешінде ақынның жырлары мен әндерін ұйып тыңдап, мерейтой иесіне қошемет көрсетті.
«Сәлем, ұлы Жайығым!
Толқыныңа кім салмады қайығын,
Кім шертпеді саған
келіп шаттығын,
Кім жумады саған келіп айыбын»,
деп күндей күркіреп, найзағайдай жарқылдап жыр оқитын ақынның туындыларынан алдаспан Махамбеттің рухына, көсіле аққан Жайық өзеніне іңкәрлігі анық аңғарылады.
Өзін қаумалаған қалың оқырманын қарапайымдылығымен баурап, паңдығымен емес, парасаттылығымен шоқтығы биіктеген ақын Мұхтар Шаханов Атырау жұртшылығына жібекке тізген лағыл моншақтай ақжарма алғысын білдірді.
Атырау облысы