Жиырма төрт жасында КСРО халық әртісі атанған талантты тұлғаның туғанына биыл 110 жыл толып отыр. Қазақ операсының негізін салушылардың бірі, мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты, көрнекті опера әншісі, драма актрисасы, қоғам қайраткері Күләш Байсейітованың ұлт тарихындағы жолы ерек. Бұлбұл әнші бала кезінен-ақ халық әндерін тамаша орындап, бойындағы әртістік шеберлігімен көзге түсе бастапты. «Қазақтың бұлбұлы» атанған өнер иесінің ғұмыры бүгінде аңызға айналды.
Ол қазақстандық және шетелдік операда түрлі образды сомдады, оның ішінде Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсында Жібектің, Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсында Ажар бейнесін, Петр Чайковскийдің «Евгений Онегин», Джакомо Пуччинидің «Чио-Чио сан» операсында басты рөлдерді ойнады. Осы рөлдер арқылы Күләш Байсейітова көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Аңыз-ғұмырдың мерейтойына арналған «Бұлбұл» концертінің қарсаныңда Қазақ оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айтқали Жайымовпен аз-кем сұхбаттасқан едік.
«Қазақ оркестрі жаңа маусымды Күләш апамыздың 110 жылдық мерейтойына арналған кешпен ашты. Ол кісі дүйім жұртқа белгілі, еліміздің атын асқақтатқан, халық мақтанышына айналған қайталанбас дауыс иесі. Бұлбұл әнші Күләш апамыз 1936 жылы қазақ мәдениетінің он күндігін өткізу үшін еліміздің өнерпаздарымен бірге Мәскеуге аттанады. Оның орындаушылық шеберлігі жоғары бағаланып, жезтаңдай әншіміз көптің қошеметіне бөленген болатын. Концертімізді «Бұлбұл» деп атауымыз бекер емес, себебі әсем үнді Күләш апамыз қалың жұртшылыққа «Бұлбұл» есімімен танылған еді. Кейінгі ұрпақ талантты өнер иесі есімін ешқашан ұмытпайды деп сенеміз», дейді бас дирижер. Сондай-ақ ол талантты тұлғаның репертуары кең әрі бай екенін атап өтті.
«Бір концерт бағдарламасында барлық репертуарды орындау мүмкін емес. Күләш апамыз күй анасы Дина шешеймен өте жақсы қарым-қатынаста болған. Сондықтан Динаның «Әсем қоңыр» күйін енгізіп отырмыз. Жамбыл атаның «Күләшқа» әні, Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсынан «Гәкку», Латиф Хамидидің «Қазақ вальсі» мен «Бұлбұл», Мұқан Төлебаевтың «Біржан мен Сара» операсынан айтыс, «Абай» операсынан Ажар ариясы, «Қыз Жібек» операсынан «Шегенің термесі» орындалады. Одан бөлек Күләш Байсейітова Құрманғазы оркестрімен тығыз байланыста болды. Олар алғашқы гастрольдік сапарларға бірге барған. Соны ескере отырып, Құрманғазы бабамыздың «Сарыарқа» күйімен концертімізді аяқтаймыз», деді Айтқали Жайымов.
Айта кетейік, концертте Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткерлері Арайлым Рахымқызы, Светлана Айтбаева, Сүндет Байғожин, Бибігүл Жанұзақ, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Алтынбек Әбілда, Халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары Феруза Рахметова, Әйгерім Аманжолова, Әйгерім Ораз, Талғат Аллабиринов, Ботагөз Тәшімова өнер көрсетті.