Спорт • 06 Қазан, 2022

Дамир Арманмен айқасады

237 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Аралас жекпе-жектен UFC-де өнер көрсетіп жүр­ген қазақтың ұлы Дамир Исмағұлов өзі­нің келесі жекпе-жегін­де Ре­сейдің на­мысын қорғай­тын армян спортшысы Ар­ман Ца­рукянмен күш сы­на­са­ды. Бұл бәсеке 18 жел­тоқ­­сан­да АҚШ-тың Лас-Ве­гас қа­ласында өтеді деп бел­гіле­ніп отыр.

Дамир Арманмен айқасады

Арман Царукян 1996 жылдың 11 қазанында Грузияның Ахал­калаки қаласында дүниеге келген. Кейіннен ата-анасымен бірге Ресейдің Краснодар өлкесіне қоныс аударды. Сол жақта жү­ріп еркін күреспен айналыс­ты. Кейіннен панкратион мен грэпплингтен Ресей чемпионы атанып, түрлі халықаралық турнирде топ жарды. Азия чемпионы деген атағы да бар. Арман 2015 жылдан бері аралас жекпе-жектен жарыстарға шығып, елеулі табыстарға қол жеткізді. Сол аралықта 21 кездесу өткізіп, 18 рет жеңіс тойы­н тойлады. 12 бәсекеде айқын басымдық танытты. Царукян үш рет жеңі­лістің кермек дәмін татты. Өзі­нің спорттық карьерасын бастағанда Александр Бе­лыхтан ұтылса, 2019 жылы UFC-дегі тұсаукесер кезде­суінде Ислам Махачевке ұпай санымен есе жіберді. Биылғы жазда польшалық Матеуш Гам­бротқа жол берді.

Дамир Исмағұлов 1991 жыл­­дың 3 ақпанында Ресей­дің Орынбор облысында туған. 2014 жылдан бері аралас жекпе-жекті серік еткен ол 25 кездесудің тек біреуінде ғана ұтылды. 2015 жылдың күзінде қандасымыз Назраньда жергілікті спортшы Рамазан Есебаевқа есе жіберді. Одан кейін қатарынан 19 бәсекеде басым түсті. 13 кездесуде ай­қын басымдық танытты. Ре­сейдің М-1 нұс­қасы бойынша чемпиондық белбеуді иеленді. Ал UFC-де Ис­мағұлов бес рет октагонға шығып, барлығында жеңіске жетті.

Бір қызығы, бұл спорт­шының екеуінің де менеджері бір. Ол – қазақ жігіті Саят Аб­драхманов. БАҚ өкілдеріне бер­ген сұхбатында: «Менің фай­терлерім бір-бірімен айқас­қанын әу бастан қаламаған едім. Осы орайда екеуін беттестірмеу үшін бар күшімді салдым. Бірақ UFC басшылығы өздерінің кесімді сөздерін айтып, бұл әңгі­меге нүкте қойды. Оның үстіне, қазір Дамирге де, Арманға да ше­гінер жол жоқ. Екеуі де әлем­дік рей­тингте алға жыл­жығысы келеді. Сондықтан да олар өз келісімдерін берді», деп Саят жоғарыдағы жекпе-жекке байланысты өз пікірін білдірді.

Қазіргі кезде Дамир Ис­ма­ғұлов жеңіл салмақ­тылардың рейтингінде 12-орында тұрса, Арман Царукян үздік ондықты түйіндеуде. Ал ТОП-10 фай­тер­дің қатарына Чарльз Оли­вейра (Бразилия), Дастин Порье (АҚШ), Джастин Гэтжи (АҚШ), Ислам Махачев (Ресей), Майкл Чендлер (АҚШ), Бенеил Дариуш (АҚШ), Рафаэль Фи­зиев (Әзер­байжан), Рафаэль дос Аньос (Бразилия) және Матеуш Гамрот (Польша) сын­ды саң­лақтар еніп отыр. Ал кезінде атағы жер жарған Ирландияның атышулы спортшысы Конор Макгрегор 11-орын­ды ен­шілеуде.

ав