Экология • 06 Қазан, 2022

Жайық өзенін сақтау жұмыстары қашан аяқталады?

342 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев Каспийдегі су балансын сақтау мақсатында қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жайық өзенін сақтау жұмыстары қашан аяқталады?

«Қазір Ресеймен бірлесіп Еділ өзенін сақтау бойынша үлкен федералды бағдарлама жүргізіп жатырмыз. Себебі Еділ Каспий теңізіне де құйылады. Еділдің жылдық ағыны шамамен 250 миллиард текше метр суды құрайды. Бұл жұмыстармен Ресей тарапы айналысады. Біздің тарап Жайық өзенін сақтау бойынша іс-шара кешенін жүргізуде», деді Серікқали Брекешев Сенатта өткен брифингте.

Министрдің айтуынша, соңғы бірнеше жыл ішінде өзеннің жылдық ағыны екі есе азайды.

«Бұған климаттық өзгерістер мен Ресей аумағындағы өзен ағынының жоғары реттелуі себеп болуы мүмкін. Ресейде көптеген су қоймалары салынды. Біз көрші мемлекетпен осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз», деді ведомство басшысы.

Оның айтуынша Жайықты сақтау жұмыстары 2024 жылы аяқталады деп күтілуде.

«Бұл жұмысты 2024 жылға дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Іс-шаралар кешеніне өзен түбін тереңдету, жағалауды нығайту жұмыстары, сондай-ақ өзен арнасын ғылыми зерттеу жатады», деп толықтырды Экология министрлігінің басшысы.