– Думан, әуелі «Егемен Қазақстан» газетінің оқырмандарына өзіңді жақынырақ таныстыра кетсең. Еркін күреспен «таныстығың» қай кезден басталды, кімдерден тәлім-тәрбие алдың және қандай жетістіктерге қол жеткіздің?
– Мен 1993 жылы бұрынғы Торғай облысы Жарқайың ауданының Тастыталды ауылында дүниеге келдім. Сегіз жасымда спорт үйірмесінің табалдырығынан аттап, Марат Жұмабаевтың қол астында жаттықтым. 2009 жылы Алматыдағы республикалық спорт колледжіне оқуға түсіп, Аслан Байғұлов пен Руслан Өмірәлиев сынды білікті бапкерлерден тәлім-тәрбие алдым. 2014 жылы Қарағандыда даңқты ұшқыш, Кеңес Одағының Батыры Нұркен Әбдіровтің дәстүрлі турнирінде топ жарып, спорт шебері нормативін орындадым. Келесі жылы Ақтөбе облысына қоныс аударып, ол жақта Еркін Ізбасаровтың шапағатын көрдім. Міне, менің спортшы ретінде қалыптасуыма айрықша еңбек сіңірген осы азаматтар.
Жетістіктерім жайында айтар болсам, 2017 жылы Шымкентте жастар арасындағы ел біріншілігінде (U-23) бас жүлде олжаладым. 2018 жылы ересектердің Қазақстан чемпионатында күміспен күптелсем, келесі жылы қола медальды қанағат тұттым. Сол аралықта Дағыстанда ұйымдастырылған Шәміл Умаханов пен Сослан Андиевтің турнирлері, Ботлеховскийдің мемориалы және Избербаш кубогында жүлделі орындарды иелендім. Тараз қаласында өткен Алаштың біртуар перзенті Дінмұхамед Қонаевты еске түсіруге арналған халықаралық жарыстың жеңімпазы атандым. Бұл Біріккен күрес әлемінің (UWW) күнтізбесіне енген жаһандағы ең беделді және мәртебелі турнирлердің бірі екенін жанкүйерлер жақсы біледі.
– Қазақстан чемпионатында екі рет жүлдегерлер қатарына қосылған екенсің. Ал жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілуіңе не жетпеді деп ойлайсың?
– 2018 жылы өткен жарыстың жартылай финалында Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері, Азия ойындары мен құрлық чемпионатында сан мәрте олжаға кенелген Дәулет Шабанбайды ұтқаныммен, ақтық айқаста еліміздің тағы бір мықты балуаны Олег Болтиннің осал тұсын таба алмадым. Есесіне келесі жылы Қонаевтың турнирінде екеуміздің жолымыз қайта түйісті. Таразда мен Болтиннен басым түстім. Ал 2019 жылғы чемпионаттың жартылай финалында Ермұхамбет Іңкәрға жол бердім. Бұл белдесулерде өз мүмкіндігімді толық пайдалана алмай, қателікке бой алдырдым деп ойлаймын.
– Небәрі 27 жаста бозкілеммен қош айтысуды құп көрдің. Бұл аса ауыр салмақта айқасатын балуандардың нағыз кемел шағы ғой. Осындай қадамға баруға не себеп болды?
– 2020 жылы Қазақстан чемпионатына қатысып, 97 килоға салмақта күш сынасуға бел будым. Бұл менің қателігім болды. Артық салмақтан арылғаныммен, күш-қуатым қалпына келмеді. Қырсыққанда, бастапқы белдесулердің бірінде жас балуаннан жеңіліп қалдым. Дәл сол жігітті бұған дейін еш қиналмай ұтып жүргенмін. Ал сол кезде күресім мүлде жүрмеді. Ол аздай, бұрындары алған жарақаттарым жиі мазалады. Біраз уақыт бойы соның әлегімен жүрдім. Содан ойлана-толғана келе, үлкен спортпен қош айтысуды жөн көрдім.
– Ал алыстағы Оңтүстік Америка құрлығына жолың қалай түсті. Бір кереметі, Эквадорға қатардағы көп жаттықтырушылардың бірі ретінде аттанбай, бірден ұлттық құрама команданың тізгінін ұстаған екенсің...
– Барлығы да Алланың қалауымен жүзеге асады ғой. Ол жақта менің Алехандро Виагомес деген досым бар. Оның тегі эквадорлық болғанымен, өзінің қалауы бойынша Ислам дінін қабылдап, есімін Хамза деп өзгертті. Ол – сол елдің ең белді балуаны. Екеуміз бір жолыққанда Виагомес маған Эквадорда еркін күрес тұралап қалғаны және оны дамытуға мүдделі адамдардың барын айтты. «Егер қаласаң, бас бапкерлікке сенің кандидатураңды ұсынайын», деді. Мен келістім. Аталған мемлекеттің федерация басшылары қолдау білдірген екен. Сөйтіп, үстіміздегі жылдың наурыз айында мен Оңтүстік Америкадан бір-ақ шықтым. Келген бетте екі жылдық келісімшартқа отырдық. Егер жақсы нәтижелерге қол жеткізсек, оны ұзарту және айлықты көбейту жөнінде де уағдаластық.
– Құпия болмаса, ол жақтағы еңбекақың қанша?
– Оның еш құпиясы жоқ. Айлығым 3000 АҚШ доллары шамасында. Еңбекақыдан бөлек, пәтер мен азық-түлікке қосымша 400 доллар төлейді. Бұл қаражат күнкөрісіме жетеді.
– Осы әңгімеміздің алдында еркін, грек-рим және әйелдер күресінің тарихын қопардық. Алайда Олимпия ойындары немесе әлем чемпионатында атой салғандардың тізімінен бірде-бір эквадорлық спортшыны кезіктірмедік...
– Иә, оныңыз рас. Эквадорда ондай мықтылар жоқтың қасы. Әйелдер күресінен 23 жастағылар арасындағы әлем біріншілігінде бір спортшысы алтыннан алқа таққан екен. Панамерика чемпионатында ара-тұра жүлде алып жүрген балуандар бар. Олардың одан басқа ауыз толтырып айтарлықтай табыстары жоқ.
– Оның себебін қалай түсіндірер едіңіз: аталған мемлекетте балуандық өнерге дұрыс көңіл бөлінбей ме, әлде жергілікті жастардың күреске ынтасы жоқ па?
– Менің бір байқағаным, бұл жақтың жастары функционалдық тұрғыдан өте күшті. Олар қара күшке бай және кардиолары мықты. Генетикалық жағынан икемді және иілгіш келеді. Оның өзіндік себептері де бар. Мәселен, ел астанасы – Кито теңіз деңгейінен 2,5 мың метрден аса биіктікте орналасқан. Басқа да аймақтары сол секілді. Ал ондай жағдайда өмір сүріп жатқан адамдарға жоғарыдағыдай ерекшеліктер тән. Олар шыдамды әлі төзімді келеді. Бірақ мықты бапкерлік мектеп және қалыптасқан жүйе жоқ. Білікті мамандар кемшін. Көптеген жаттықтырушы өздеріне жүктелген міндеттерге атүсті қарайды. Жастардың да психологиясы қызық. Оларда патриотизм жағы ақсап тұр. «Мен – эквадорлықпын» деп кеудесін қаққан ешкімді көрмейсіз. Балуандардың жаттығуға кешігіп келуі немесе апталап келмеуі дағдыға айналған. Жарыс жолында жандарын салып айқаспайды. Соның кесірінен Эквадорда күрес өнері дұрыс дамымай жатыр. Менің басты міндетім – осы олқылықтардың орнын толтырып, жаттығу жүйесін дұрыс жолға қою. Қазақстанда жинаған мол тәжірибемді, көргенімді, білгенімді, көңілге түйгенімді осы жақта оңтайлы пайдаланып, нәтиже шығару үшін барынша күш салып жатырмын. Осы бағытта қазір қызу жұмыстар жүргізілуде. Егер қазақтың бір ұлы Эквадор күресінің көсегесін көгертіп, оны жаңа деңгейге көтеріп жаста, ол біз үшін де үлкен абырой емес пе?
– Иә, бұл оңай шаруа емес. Десек те «Қалауын тапса, қар жанады» деп бабаларымыз тегін айтпаған ғой.
– Қандай да бір нәтижеге қол жеткізу үшін, ең бірінші кезекте, тәртіп керек. Тәртіпті түземей, басқа шаруаға кіріскеннен ештеңе өнбейді. Екіншіден, жаттығу залында аянбай тер төгіп, еңбектену керек. Үшіншіден, жарыс жолында жанқиярлық танытқан жағдайда ғана жеңістің ауылы жақындай түседі. Осы қарапайым қағидаттарды команда сапындағы барлық балуанға тәпіштеп тұрып ұғындырдым. Қазіргі кезде федерация басшылары мен күрес өнерін дамытамыз деп құлшынып отырған азаматтар бұл бастамамды қолдап, маған барынша қолдау көрсетуде.
– Сенің Эквадорда жүргеніңе сегіз айдан асқан екен. Аз да болса ілгерілеу бар ма?
– Бар. Мәселен, осыдан біраз уақыт бұрын Алехандро Виагомес Иранда өткен аса ірі халықаралық турнирде бас жүлдені олжалады. Ал Парсы елінде еркін күрестің деңгейі өте жоғары екенін өздеріңіз жақсы білесіздер. Ондай турнирлерде топ жару ілуде біреудің ғана қолынан келеді. Сол кезде Виагомеске Германияның мамандарының көздері түсіп, оны өз елдеріне шақырды. Қазір ол бундеслигада күш сынасуда. Алехандроның бір кереметі – 92 кило, 97 кило, тіптен 120 кило салмақ дәрежесінде де күресе береді. Қысқа ғана мерзімде салмақ қосу немесе артық салмақтан арылу оған еш қиындық туғызбайды. Бұл – екінің бірінің қолынан келетін оңай шаруа емес. Бұйырса, дәл осы балуанды біз келесі жылғы әлем чемпионаты мен лицензиялық турнирлерге апарамыз. Ал ең басты меже – 2024 жылы Парижде алауы тұтанатын Олимпия ойындары.
– Ал спортшылар, басшылар мен бапкерлер және айналаңдағы адамдармен аудармашы арқылы сөйлесесің бе?
– Спортпен айналысып жүрген кезімде ағылшын тілін жетік меңгерген едім. Өйткені күреспен қош айтысқан соң жаңа өмірде оның қажет болатынын білдім. Бірақ бұл жақта ағылшынша сөйлейтіндерді тым сирек кезіктеріміз. Жергілікті халық испанша тілдеседі. Қазір сол тілді меңгеріп жатырмын. Әзірге нәтижесі жаман емес. Айналамдағы адамдармен тілмаштың көмегінсіз ұғыныса аламын.
– Жалпы эквадорлықтар қай спорт түріне көбірек қызығады?
– Аралас жекпе-жек, ауыр атлетика, жеңіл атлетика, дзюдо, садақ атуға деген құлшыныстары ерекше. Дәл осы спорт түрлерінен олар дүбірлі додаларда жүлде алып жүр.
– Бос уақытта немен айналысасың?
– Эквадордың табиғаты өте керемет. Жан-жағыңда тау-тастар мен джунглилер, мұхит та жанымызда. Бұрын-соңды теледидар арқылы ғана тамашалаған экзотиканы өз көзіңмен көресің. Бұл жақта қолтырауын мен жылан, қабылан және басқа да аңдар мен жануарлардың түр-түрі бар. Өзім де бұрыннан табиғат аясында қыдырғанды ұнататынмын. Эквадордан жаңа достар таптым. Дастан есімді қазақ жігіті осыдан 13 жыл бұрын Алматыдан көшіп келіп, Китода өз кәсібін ашқан екен. Сонымен жақын араласамын. Ауыр атлеттерді жаттықтыратын Александр есімді молдовалық бапкер бар. Солармен бірге Эвкадордың көрікті жерлерін аралаймыз. Мен оларға және қасымдағы әріптестерім мен шәкірттеріме көкпар тартуды үйреттім. Ұлтымыздың төл өнерімен кезінде өзім де айналысқанмын. Біраз уақыт бойы Алматы облысындағы Қарасай ауданының құрама командасы сапында да өнер көрсеттім. Мені таңғалдырғаны, эквадорлықтардың біразы көкпар деген ойынның барын біледі екен. Өйткені олар түріктердің «Ертұғырыл» телехикаясын қызыға тамашалайды. Сол фильмде көкпар жайында біраз көріністер бар.
– Жергілікті халық Қазақстан жайында не біледі екен?
– Шынымды айтсам, көп нәрсе білмейді. Тіпті картаны көрсетсең де, оның қай жерде орналасқанын дөп басып айта алмайды. Тек кейбір көзі ашық азаматтар Қазақстан Димаш Құдайберген мен Геннадий Головкиннің Отаны екенінен құлағдар. Біздің елімізді күллі әлемге танытып жүрген осындай азаматтардың барына риза болдық.
– Қазір Қазақстанда жүр екенсің. Сонау ит арқасы қияндағы Эквадордан елге келу де оңай шаруа емес шығар. Шұғыл шаруаларың болды ма?
– Жақында Алина есімді Арқаның сұлуымен неке қиып, Қостанай қаласында той жасадық. Сол үшін елге келдім. Үлкендердің батасын алып, туған-туыс, дос-жарандарымның қасында болдым. Бұйыртса, шамалы уақыттан кейін Оңтүстік Америкаға қайта оралып, жұмысымды әрі қарай жалғастырамын.
– Әңгімеңе рахмет, Думан. Ісіңе сәттілік тілеймін!
– Рахмет, аға!
Әңгімелескен
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Egemen Qazaqstan»