Спорт • 06 Қазан, 2022

Эквадорға күресті де, көкпарды да үйретіп жүрмін – дейді еркін күрестен аталған елдің ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы Думан Бөлтіріков

405 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Қазіргі кезде спорттың қай түрінде де қазақ мамандарына сұраныс жоғары. Соның арқасында бірқатар азаматымыз әлемнің әр қиырында жемісті еңбек етіп жүр. Солардың бірі – Думан Бөлтіріков. Кезінде аса ауыр салмақ дәрежесінде күш сынасқан қазақ балуаны бүгінде Оңтүстік Америка құрлығында жаттықтырушылық қызмет атқарады. Нақтылап айтсақ, осыдан тура сегіз ай бұрын ол еркін күрестен Эквадор ұлттық құрама командасының бас жаттықтырушысы болып тағайындалды. Жуырда онымен әңгімелесудің сәті түсті.

Эквадорға күресті де, көкпарды да үйретіп жүрмін – дейді еркін күрестен аталған елдің ұлттық құрамасының  бас жаттықтырушысы Думан Бөлтіріков

– Думан, әуелі «Егемен Қа­зақстан» газетінің оқырман­дарына өзіңді жақынырақ таныстыра кетсең. Еркін күрес­пен «таныстығың» қай кезден басталды, кімдерден тәлім-тәр­бие алдың және қандай жетіс­тіктерге қол жеткіздің?

– Мен 1993 жылы бұрынғы Торғай облысы Жарқайың ауда­нының Тастыталды ауылында дүниеге келдім. Сегіз жа­сымда спорт үйірмесінің табал­дырығынан аттап, Марат Жұма­баевтың қол астында жат­тықтым. 2009 жылы Алма­тыдағы республикалық спорт кол­леджіне оқуға түсіп, Аслан Бай­ғұлов пен Руслан Өмірәлиев сынды білікті бапкерлерден тәлім-тәрбие алдым. 2014 жылы Қарағандыда даңқты ұшқыш, Кеңес Одағының Батыры Нұркен Әбдіровтің дәс­түрлі турнирінде топ жарып, спорт шебері нормативін орындадым. Келесі жылы Ақтөбе облысына қоныс аударып, ол жақта Еркін Ізбасаровтың шапағатын көрдім. Міне, менің спортшы ретінде қалыптасуыма айрықша еңбек сіңірген осы азаматтар.

Жетістіктерім жайында айтар болсам, 2017 жылы Шым­кентте жастар арасындағы ел бірін­ші­лігінде (U-23) бас жүлде олжаладым. 2018 жылы ересектердің Қазақстан чемпионатында кү­міспен күптелсем, келесі жылы қола медальды қанағат тұттым. Сол аралықта Дағыстанда ұйым­дас­тырылған Шәміл Ума­ханов пен Сослан Андиевтің турнирлері, Ботлеховскийдің мемориалы және Избербаш кубогында жүл­­делі орындарды иелендім. Тараз қаласында өткен Алаштың біртуар перзенті Дінмұхамед Қо­наевты еске тү­сіруге арналған ха­лықаралық жарыстың жеңім­пазы атандым. Бұл Біріккен күрес әлемінің (UWW) күнтізбесіне енген жа­һандағы ең беделді және мәр­тебелі турнирлердің бірі екенін жанкүйерлер жақсы біледі.

– Қазақстан чемпионатында екі рет жүлдегерлер қатарына қосылған екенсің. Ал жеңіс тұ­ғырының ең биік сатысына кө­терілуіңе не жетпеді деп ой­лай­сың?

– 2018 жылы өткен жарыс­тың жартылай финалында Лон­дон Олимпиадасының қола жүл­дегері, Азия ойындары мен құрлық чемпионатында сан мәрте олжаға кенелген Дәулет Ша­банбайды ұтқаныммен, ақ­тық айқаста еліміздің тағы бір мықты балуаны Олег Болтиннің осал тұсын таба алмадым. Есе­сіне келесі жылы Қонаевтың турнирінде екеуміздің жолымыз қайта түйісті. Таразда мен Болтиннен басым түстім. Ал 2019 жылғы чемпионаттың жартылай финалында Ермұхамбет Іңкәрға жол бердім. Бұл белдесулерде өз мүмкіндігімді толық пайдалана алмай, қателікке бой алдырдым деп ойлаймын.

– Небәрі 27 жаста боз­кі­лем­мен қош айтысуды құп көр­дің. Бұл аса ауыр салмақта ай­қасатын балуандардың на­ғыз кемел шағы ғой. Осын­дай қа­дамға баруға не себеп болды?

– 2020 жылы Қазақстан чемпионатына қатысып, 97 килоға салмақта күш сынасуға бел будым. Бұл менің қателігім болды. Артық салмақтан арылғаныммен, күш-қуатым қалпына келмеді. Қырсыққанда, бастапқы белде­су­лердің бірінде жас балуаннан жеңіліп қалдым. Дәл сол жігітті бұған дейін еш қиналмай ұтып жүргенмін. Ал сол кезде күресім мүлде жүрмеді. Ол аздай, бұрындары алған жарақаттарым жиі мазалады. Біраз уақыт бойы соның әлегімен жүрдім. Содан ойлана-толғана келе, үлкен спорт­пен қош айтысуды жөн көр­дім.

– Ал алыстағы Оңтүстік Америка құрлығына жолың қалай түсті. Бір кереметі, Эква­дорға қатардағы көп жаттық­тырушылардың бірі ретінде аттанбай, бірден ұлттық құрама команданың тізгінін ұстаған екенсің...

– Барлығы да Алланың қа­лауымен жүзеге асады ғой. Ол жақта менің Алехандро Виагомес деген досым бар. Оның тегі эквадорлық болғанымен, өзінің қалауы бойынша Ислам дінін қабылдап, есімін Хамза деп өзгер­тті. Ол – сол елдің ең белді балуаны. Екеуміз бір жолыққанда Виа­гомес маған Эквадорда еркін күрес тұралап қалғаны және оны дамытуға мүдделі адам­дардың барын айтты. «Егер қаласаң, бас бапкерлікке сенің кандидатураңды ұсынайын», деді. Мен келістім. Аталған мемлекеттің федерация басшылары қолдау білдірген екен. Сөйтіп, үстіміздегі жылдың наурыз айында мен Оңтүстік Америкадан бір-ақ шықтым. Келген бетте екі жылдық келісімшартқа отырдық. Егер жақсы нәтижелерге қол жет­кізсек, оны ұзарту және айлық­ты көбейту жөнінде де уағдаластық.

– Құпия болмаса, ол жақ­та­ғы еңбекақың қанша?

– Оның еш құпиясы жоқ. Айлығым 3000 АҚШ доллары шамасында. Еңбекақыдан бөлек, пәтер мен азық-түлікке қосымша 400 доллар төлейді. Бұл қаражат күнкөрісіме жетеді.

– Осы әңгімеміздің алдында еркін, грек-рим және әйелдер күресінің тарихын қопардық. Алайда Олимпия ойындары немесе әлем чемпионатында атой салғандардың тізімінен бір­де-бір эквадорлық спортшыны кезіктірмедік...

– Иә, оныңыз рас. Эквадорда ондай мықтылар жоқтың қасы. Әйелдер күресінен 23 жастағылар арасындағы әлем біріншілігінде бір спортшысы алтыннан алқа таққан екен. Панамерика чемпионатында ара-тұра жүлде алып жүрген балуандар бар. Олардың одан басқа ауыз толтырып айтарлықтай табыстары жоқ.

– Оның себебін қалай түсін­дірер едіңіз: аталған мемле­кетте балуандық өнерге дұрыс көңіл бөлінбей ме, әлде жергі­лікті жастардың күреске ынтасы жоқ па?

– Менің бір байқағаным, бұл жақтың жастары функционалдық тұрғыдан өте күшті. Олар қара күшке бай және кардиолары мықты. Генетикалық жағынан икемді және иілгіш келеді. Оның өзіндік себептері де бар. Мәселен, ел астанасы – Кито теңіз деңгейінен 2,5 мың метрден аса биіктікте орналасқан. Басқа да аймақтары сол секілді. Ал ондай жағдайда өмір сүріп жатқан адамдарға жоғарыдағыдай ерек­шеліктер тән. Олар шыдамды әлі төзімді келеді. Бірақ мық­ты бапкерлік мектеп және қалып­тасқан жүйе жоқ. Білікті мамандар кемшін. Көптеген жаттық­тырушы өздеріне жүктелген міндеттерге атүсті қарайды. Жастардың да психологиясы қы­­зық. Оларда патриотизм жағы ақсап тұр. «Мен – эква­дор­­лықпын» деп кеудесін қақ­қан ешкімді көрмейсіз. Ба­луандардың жаттығуға кешігіп келуі немесе апталап келмеуі дағдыға айналған. Жарыс жолында жандарын салып айқаспайды. Соның кесірінен Эквадорда кү­рес өнері дұрыс дамымай жатыр. Менің басты міндетім – осы олқылықтардың орнын толтырып, жаттығу жүйесін дұрыс жолға қою. Қазақстанда жинаған мол тәжірибемді, көргенімді, білгенімді, көңілге түйгенімді осы жақта оңтайлы пайдаланып, нәтиже шығару үшін барынша күш салып жатырмын. Осы бағытта қазір қызу жұмыстар жүргізілуде. Егер қазақтың бір ұлы Эквадор күресінің көсегесін көгертіп, оны жаңа деңгейге көтеріп жаста, ол біз үшін де үлкен абырой емес пе?

– Иә, бұл оңай шаруа емес. Десек те «Қалауын тапса, қар жанады» деп бабаларымыз тегін айтпаған ғой.

– Қандай да бір нәтижеге қол жеткізу үшін, ең бірінші кезекте, тәртіп керек. Тәртіпті түземей, басқа шаруаға кіріскеннен ештеңе өнбейді. Екіншіден, жаттығу залында аянбай тер төгіп, ең­бек­тену керек. Үшіншіден, жа­рыс жолында жанқиярлық таныт­қан жағдайда ғана жеңістің ауылы жақындай түседі. Осы қарапайым қағидаттарды команда сапындағы барлық балуанға тәпіштеп тұрып ұғындырдым. Қазіргі кезде федерация басшылары мен күрес өнерін дамытамыз деп құлшынып отырған азаматтар бұл бастамамды қолдап, маған барынша қолдау көрсетуде.

– Сенің Эквадорда жүр­геніңе сегіз айдан асқан екен. Аз да болса ілгерілеу бар ма?

– Бар. Мәселен, осыдан біраз уақыт бұрын Алехандро Виа­гомес Иранда өткен аса ірі ха­лықаралық турнирде бас жүл­дені олжалады. Ал Парсы елін­де еркін күрестің деңгейі өте жоғары екенін өздеріңіз жақсы білесіздер. Ондай турнирлерде топ жару ілуде біреудің ғана қолынан ке­леді. Сол кезде Виагомеске Гер­манияның мамандарының көз­дері түсіп, оны өз елдеріне ша­қырды. Қазір ол бундеслигада күш сынасуда. Алехандроның бір ке­реметі – 92 кило, 97 кило, тіптен 120 кило салмақ дәрежесінде де күресе береді. Қысқа ғана мер­зімде салмақ қосу немесе артық салмақтан арылу оған еш қи­ындық туғызбайды. Бұл – екінің бірінің қолынан келетін оңай ша­руа емес. Бұйырса, дәл осы ба­­луанды біз келесі жылғы әлем чем­­пионаты мен лицензиялық тур­­нирлерге апарамыз. Ал ең бас­ты меже – 2024 жылы Парижде алауы тұтанатын Олимпия ойын­дары.

– Ал спортшылар, басшылар мен бапкерлер және ай­на­лаңдағы адамдармен аудармашы арқылы сөйлесесің бе?

– Спортпен айналысып жүр­ген кезімде ағылшын тілін жетік меңгерген едім. Өйткені күреспен қош айтысқан соң жаңа өмірде оның қажет болатынын білдім. Бірақ бұл жақта ағылшынша сөйлейтіндерді тым сирек кезіктеріміз. Жергілікті халық испанша тілдеседі. Қазір сол тілді меңгеріп жатырмын. Әзір­ге нәтижесі жаман емес. Ай­на­ламдағы адамдармен тіл­маш­тың көмегінсіз ұғыныса аламын.

– Жалпы эквадорлықтар қай спорт түріне көбірек қы­зы­­ғады?

– Аралас жекпе-жек, ауыр атлетика, жеңіл атлетика, дзюдо, садақ атуға деген құлшыныстары ерекше. Дәл осы спорт түрлерінен олар дүбірлі додаларда жүлде алып жүр.

– Бос уақытта немен айна­лысасың?

– Эквадордың табиғаты өте керемет. Жан-жағыңда тау-тас­тар мен джунглилер, мұхит та жанымызда. Бұрын-соңды теледидар арқылы ғана тамашалаған экзотиканы өз көзіңмен көресің. Бұл жақта қолтырауын мен жы­лан, қабылан және басқа да аңдар мен жануарлардың түр-түрі бар. Өзім де бұрыннан та­биғат аясында қыдырғанды ұна­татынмын. Эквадордан жаңа достар таптым. Дастан есімді қазақ жігіті осыдан 13 жыл бұ­рын Алматыдан көшіп келіп, Ки­тода өз кәсібін ашқан екен. Сонымен жақын араласамын. Ауыр атлеттерді жаттықтыратын Александр есімді молдовалық бапкер бар. Солармен бірге Эвкадордың көрікті жер­ле­рін аралаймыз. Мен оларға және қасымдағы әріптестерім мен шә­кірттеріме көкпар тартуды үй­реттім. Ұлтымыздың төл өне­­рімен кезінде өзім де айна­лыс­­қанмын. Біраз уақыт бойы Алматы облысындағы Қара­сай ауданының құрама коман­да­сы сапында да өнер көрсет­тім. Мені таңғалдырғаны, эква­дор­лық­тардың біразы көкпар деген ойынның барын біледі екен. Өйт­кені олар түріктердің «Ер­тұ­ғырыл» телехикаясын қызыға та­машалайды. Сол фильмде көк­пар жайында біраз көріністер бар.

– Жергілікті халық Қазақ­стан жайында не біледі екен?

– Шынымды айтсам, көп нәрсе білмейді. Тіпті картаны көрсетсең де, оның қай жерде орналасқанын дөп басып айта алмайды. Тек кейбір көзі ашық азаматтар Қазақ­стан Димаш Құдай­берген мен Геннадий Го­лов­киннің Отаны екенінен құлағдар. Біздің елімізді күллі әлемге танытып жүрген осын­дай азаматтардың барына риза болдық.

– Қазір Қазақстанда жүр екенсің. Сонау ит арқасы қиян­дағы Эквадордан елге келу де оңай шаруа емес шығар. Шұ­ғыл ша­руаларың болды ма?

– Жақында Алина есімді Ар­қаның сұлуымен неке қиып, Қостанай қаласында той жаса­дық. Сол үшін елге келдім. Үл­кен­дердің батасын алып, туған-туыс, дос-жарандарымның қа­сында болдым. Бұйыртса, шама­лы уақыттан кейін Оңтүстік Аме­­рикаға қайта оралып, жұмы­сым­ды әрі қарай жалғастырамын.

– Әңгімеңе рахмет, Думан. Ісіңе сәттілік тілеймін!

– Рахмет, аға!

 

Әңгімелескен

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Egemen Qazaqstan»