Әскер • 26 Қараша, 2024

Елді қорғау – абыройлы міндет

74 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Әскердегі дәстүрлі қадамдардың бірі – ант қабылдау. Алматыда 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағында Мемлекеттік күзет қыз­меті айрықша мақсаттағы күштер «Батыр» президенттік полкі 0111 әскери бөлімінің сарбаздары Әскери ант қабылдады. Республика өңірлерінен әскери борышын өтеуге келген 89 сарбаз тәжірибелі офицерлердің даярлығынан өтіп, Отан алдын­дағы борышын адал атқаруға, әскери қызметін бұлжытпай орындауға ант берді.

Елді қорғау –  абыройлы міндет

Суретті түсірген – Юрий БЕККЕР

Айрықша мақсат­та­ғы күш­­тер қолбасшы­сы­ның орынбасары пол­ков­­­ник Бауыржан Таңатаров әс­кер қа­тарына қосылып жатқан жас сар­баздарды Отанға қалтқысыз қыз­мет етуге шақырып, әрдайым қы­рағы күзетте болуға үндеді.

Құрметті жауынгерлер, қас­терлі Отанымызға қалтқысыз қыз­мет ету мен қорғау – әрбір аза­маттың қасиетті борышы. Баба­ларымыздың даңқты жолымен Отанға қызмет ету дәстүрін жал­ғастыра отырып, әскер күзетінде қызмет ете жүріп, еліміздегі әр­бір отбасының тыныштығын қам­тамасыз етесіздер. Отандастары­мыз ел күзетінде, қырағы шекара шебінде әскери дайындығы жо­ғары, күші мығым сарбаздардың тұрғанына сенім артады. Алдағы бір жыл әскери қызметте намыс туын биікте желбіретесіздер деп сенемін. Әскери жол әрбір жа­уынгердің бойында мықты ерік-жігерді шыңдайды, төзімділікке тәрбиелейді. Осы бір жылда дене тәрбиесімен қатар киелі әскери қызметтің қыр-сырына қанығып, мол білім жинап, кәсіби әскери маман дәрежесіне жетесіздер. Осы кезеңде отбасыларыңызға сабыр мен шыдамдылық тілеймін», деді Б.Таңатаров.

ІІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері, әскери бөлімнің ардагері Қайрат Бақаев жас сарбаздарды Әскери ант қабылдау рәсімімен құттықтауға келді.

«Әскери дайындық пен тәртіп әр сарбаз үшін үлкен ерік-жігерді талап етеді. Отан алдындағы борышын өтеу, қашанда ел қорғаны болу сезімін арқалап жүру – зор жауапкершілік. Ел қорғаны жолында жас сарбаздарға төзімділік серік болсын. Осы абыройлы міндет­ті адал да асқан жауапкершілік­пен өтей отырып, Отанға, ел мен жерге деген патриоттық сезімді, сүйіспеншіліктің жарқын көрінісін көрсету жас сарбаздардың күші­не күш, рухына рух қосады деп сенемін», деді ол.

Мемлекеттік күзет қызмет ай­рықша мақсаттағы күштерінің «Батыр» президенттік полкі 0111 әскери бөлімі 3-басқарма бас­­тығының орынбасары майор­ Мер­ғали Сарымсақовтың ай­туын­ша, еліміздің барлық өңі­рі­нен іріктеуден өтіп келген, дене­шы­нықтыру дайындығы өте жо­ға­ры сарбаздар таңдалған. Алдағы жыл ішінде 89 сарбаз кәсі­би даярлықтан өтіп, өздерін ел кү­зетінің алғы шебіндегі мықты жауынгер екенін көрсетеді. Сар­баздар жедел әскери қызметі барысында әскери тәжірибеге бе­йімделіп, әскери мамандықтарды меңгереді.

Ант қабылдағаннан кейін мем­лекеттік күзет қызметінің ай­рықша мақсаттағы күштерінің жеке құрамы өз міндеттерін орын­дауға кіріседі. Атап айтқанда, Мем­лекеттік Ту мен Елтаңба эталондарын қорғап, ел Президенті­нің қатысуымен өтетін хаттамалық іс-шараларды сүйемелдеп, айрық­ша күзетті талап ететін тұлғалар мен нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Бұл ерекше құрамға бойының ұзындығы 180–195 см, білімі орташадан төмен емес, дене бітімі мығым, 18–27 жас­қа дейінгі ел азаматтары ірікте­ле­ді. Жоғары білімді, спорттық жетістіктері мен разрядтары бар әскерге шақырылушыларға басым­дық беріледі.

Әскери ант қабылдау барысында Түркістан облысынан келген қатардағы жауынгер Алмат Ақжігіт, Алматы облысы Райым­бек ауданынан келген Жәнібек Жамбыл «Батыр» полкі қатарын­да әскери борышын өтеуді мек­тепте жүргенде мақсат еткенін айтты. Осы себепті де полк құрамына кіру үшін арнайы дайындық жасап, салада үздік болуды мақсат етіп келген. Ерек­ше даярлықтан өткен тәжірибе­лі сарбаздарды алдағы уақытта кәсіби әскери қызмет күтіп тұр. Мемлекеттік қызмет күзеті­нің айрықша бөлімі қатарында әске­ри қызметін өтеу – батылдық­тың мектебінен өтуге, ер-азамат­тың өмірлік жолында баға жетпес жетістік саналады. Жас сарбаздар әскери қызметтің қыр-сы­рын, дағдыларын игеріп, әлеуметтік, мансаптық кезеңнің сатысынан өтуге мүмкіндік алады. Әскери тәжірибенің осы кезеңінен өткен сарбаздар ел қорғаны ғана емес, қырағы күзетте кәсіпқой әскери маман ретінде болашақ мамандарды даярлауға ықпал етеді. Олар жаңа технологияларға негіздел­ген әскери техника, цифрлық жүйемен басқарылатын қарулы күш құрылымдары жүйесіндегі шешімдерді үйреніп, болашақ­тың мықты әскерилері сапында тұрады.

Әскери ант қабылдау барысында офицерлік құрам ата-аналарды әскери режім талаптарымен таныстырып, жас сарбаздардың қауіпсіздігін сақтау, отбасымен кездесу тәртібімен таныстырды. Әскери ант қабылдаған сарбаздар бір тәулікке демалысқа кетті.

 

АЛМАТЫ