Түйткілдің түйіні тарқатылады
Кәсіпке бет бұрғандардың ісіне қолбайлау болатын кедергі әлі жойыла қойған жоқ. Сол себептен облыс әкімі Серік Шәпкеновке мұңын шағатын кәсіпкер көп. Сәуірде әкіммен кездескен кәсіпкерлер тарапынан түскен 50 ұсынысты жергілікті билік назарына алды. Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Нұрбол Жаңабековтің дерегіне сүйенсек, осы кезге дейін кәсіпкерлер көтерген 30 мәселе шешімін тауыпты. Енді тағы 19 түрлі ұсынысты жүзеге асыру үшін тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Соның бірі – өңірдегі қысқы мал азығы тапшылығының алдын алу. Осы мақсатта жергілікті бюджеттен 717,4 млн теңге қаржы бөлінген. Жергілікті фермерлерден қараша айында субсидия алуға өтінім қабылдау басталмақ.
Ал өткен аптада облыс әкімі 200-ге жуық кәсіпкермен тағы да кездесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Жылыой ауданынан келген шағын және орта бизнестің өкілдері «Жылыойгаз» серіктестігінің газ жүргізу үшін техникалық шартқа қымбат баға белгілегеніне шағымданып отыр. Ал «АтырауЭнергоСату» ЖШС кәсіпкерлерге тариф құнын 31,45 теңгеге өсіріп жіберген. Бұл мәселе аудандардағы кәсіпкерлермен бірге үй маңындағы азық-түлік сататын дүкен иелерін де мазалайды.
– Мемлекет тарапынан шағын және орта кәсіпкерлікке барынша қолдау жасалып келеді. Өйткені қазір кәсіпкерлікке бет бұратындар көбейді. Шағын және орта кәсіпкерлікті экономиканың барлық саласында өркендетуге болады. Алайда кедергі болатын жайттар бар. Бұл түйткілді оң шешу үшін кәсіпкерлермен ашық сөйлесуге, ұсыныс-пікірлерді тыңдауға дайынмын. Биыл кәсіпкерлермен екінші рет кездестім. Біз алдағы уақытта да қиындық тудырған мәселелерді ашық талқылап, шешу жолдарын бірге іздейміз. Кез келген мемлекеттік мекемедегі мамандардан бірінші басшыларына дейін тұрғындармен ашық пікірлесіп, мәселені шешудің жолдарын тыңғылықты түсіндіріп беруін сұраймын. Әсіресе, кәсіпкерлерге көрсетілетін қолдау ашық әрі жариялы болуы қажет, – дейді С.Шәпкенов.
Қайтарымсыз грант – 40 млн теңге
Сан алуан кедергіге қарамастан кәсібін кеңейткен кәсіпкерлер аз емес. Мәселен, Құрманғазы ауданында мемлекеттің қолдауына сүйенген кәсіпкерлер қатары артып отыр. 17 кәсіпкер «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасымен мемлекеттен 40,4 млн теңгенің қайтарымсыз грантын ұтып алған. Қазір олар өздері ашқан кәсіптің жемісін көріп, 39 тұрғынды жұмыспен қамтып отыр.
Биыл «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы шеңберінде құны 6,7 млн теңгені құрайтын үш жобаға грант берілген. Бұлар – Сүйіндік ауылдық округінде «Азғыр өңірінен компьютерлік қызмет көрсету орталығын ашу», Қиғаш ауылдық округіндегі «Балық өнімдерін өндіру» және Дыңғызыл ауылдық округінен «Ағаштан экоөнімдер өндіру» жобалары. Бұл жобаларды 18 айда іске асыру көзделген.
Аудандағы іскер кәсіпкердің қатарында Бауыржан Құмаров та бар. Құрманғазы ауданының «Үздік жыл кәсіпкері-2019» атанған ол үш жыл бұрын «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында мемлекеттен 2,5 млн теңге қаржы алған. Бұл қаржыға мәрмәр, әйнек, мата және ағашқа ою-өрнек салып жазатын кәсіп түрін бастаған. Мұнда 2D форматта портрет, түрлі сувенир мен ескерткіш бұйымдар, есімтақта жасаумен айналысады. Үш адамды жұмыспен қамтиды.
– Жобаның жалпы құны 7,5 млн теңгені құрайды. Алайда жоба жасақтаған кезде 5 млн теңгеге берген сұранысымның жартысы ғана қолға тиді. Сол себептен өз қалтамнан қаражат шығарып, қажетті шикізаттар мен лазерлік станоктар сатып әкелдім. Қазір кәсібімді кеңейту үшін цех салуды бастадым. Цехта 3D форматта жазу, түрлі бейнелер салуға фрезер станогын орнатып, бесік, баспалдақ тіреуіші, есік сынды ірі бұйымдарды жасаймын, – дейді Б.Құмаров.
Бұл ауданда бұйым жасаудан бөлек жеке медициналық қызметті кәсіп көзіне айналдырғандар қатары толығып келеді. Он жыл бұрын аудандық емханада оториноларинголог дәрігер Жекен Ізтілеуов өз кәсібін бастаған. Ол да «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында 2 млн теңге қайтарымсыз қаржы алып, 2021 жылы жеке лор бөлмесін ашқан. Оған рефлектор, кварц аппараты мен құрал-саймандар сатып алған.
– Денсаулықтан асқан байлық жоқ. Сол себептен лор кабинетін ашып, тұрғындарға тиімді баға ұсынып отырмын. Мұнда келушілер алдын ала жазылып, кезексіз қабылданады. Облыс орталығына шапқыламай-ақ, тиісті ем-домын алуға мүмкіндік бар. Қызмет көрсету бағасы ересек адамдар үшін – 3 мың, балаларға – 2 мың теңге, – дейді Ж.Ізтілеуов.
Аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Асқар Мұфтахтың мәліметінше, 896 шаруа қожалығы бар. Оның ішінде 21 шаруашылығы Теңіз ауылдық округінде тіркеліпті. Мұнда 20 жылдан аса шаруашылықпен айналысатын шаруагер Теміртас Сұлтанғазиев 2 гектар егін алқабы мен 65 гектар шабындық жерін тиімді пайдаланып отыр. Ауылдан 6 шақырым қашықтағы «Бажан» теліміндегі егістіктен жаз мезгілінде 50-60 тонна қауын-қарбыз жиналып, ауыл мен аудан базарларында саудаланады. Ал жылда шабындықтан 1 мың руллон шөп дайындайды.
– Ерте көктемде қауын мен қарбыз дәнін сепкен едік. Енді міне, мол ырысқа кенелдік. Картоп пен қырыққабат та табысымызды молайтты, – дейді Т.Сұлтанғазиев. – Ауданда алғашқылардың қатарында тамшылатып суару әдісін енгізген едім. Қазір біз өсірген ауылшаруашылық өнімдеріне сұраныс көбейді. Өз үйінің ауласына егін салатындарға жас өскін сату жолға қойылды.
Гидропоника – тиімді тәсіл
Ал Жылыой аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұртас Қуатбаевтың айтуынша, былтыр Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасымен 100 кәсіпкер қайтарымсыз грант алған екен. Соның бірі – Нұргүл Дәулетова. Қазір ол қайтарымсыз гранттың 580 мың теңгеден аса қаржысымен жеке ісін ашқан.
– Гидропоника тәсілімен мал азығын дайындаудың қыр-сырын күйеуім Бимағанбет Жұмақашевпен бірге онлайн курста оқу арқылы үйрендім. Қазір көкөністерді, малға арналған шөпті топырақсыз, қоректік заттардың судағы ерітіндісі арқылы өсіремін. Бастапқыда гидропоника әдісімен аздаған жылқымыз үшін мал азығын дайындауды көздеп едік. Кейін ісіміз алға басып, өсірген мал азығының артығын сатылымға шығардық, – дейді кәсіпкер.
Оның айтуына қарағанда, аталған әдіспен өсірілген көк балаусаға сұраныс артқан. Асыл тұқымды ешкі мен сиыр ұстайтын тұрғындардан сұраныс жиі түседі.
– Көпшілік бұл әдісті біле бермейтін секілді. Гидропоникамен мал азығын дайындау оңай әрі қызық. Базардан сатып алынған бидай немесе арпаның дәнін алдымен жуып, тазалаймыз. Содан соң арнайы ыдыстарға салып, үш мезгіл су құямыз. Ыдысқа салынған дәнді дақыл бір аптада көк балауса шөпке айналады. Осылай өсірілген көк балаусаның биікті 20 см-ге дейін жетеді, – дейді Н.Дәулетова.
«Теңіз» кен орнымен әлемге танылған аудандағы жергілікті кәсіпкердің бірі сүт цехын ашуды жоспарлап отыр. Қазір цехқа қажетті құрал-жабдықтары жеткізіліп, монтаждау жұмыстары басталды. Ал «АтырауСауда» ЖШС үш жыл бұрын 2,1 гектар аумаққа салынған жылыжайды іске қосты. Жылыжайда жылына 480 тонна қияр, 350 тонна қызанақ, 185 тонна тәтті бұрыш өсіріледі. Бұл үшін 20-ға жуық адам тұрақты жұмысқа тартылған. Мұнда көкөніс пен бақша дақылдарын өсіруге ұмтылыс байқалады. Мәселен, «Аман Есен» шаруа қожалығы тамшылатып суару тәсілімен 60 гектар алқапта мал азығы үшін екпе шөп өсіруді қолға алды.
Алға ұмтылған «Ақтан»
Қызылқоға аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің сектор меңгерушісі Әділет Шаймерденовтің мәліметінше, «Ақтан» шаруа қожалығының жетекшісі Асхат Үбіғалиев екі жылдан бері асыл тұқымды қой өсіріп отыр. Шаруагердің 1 мың гектар жері бар. «Бастау Қызылқоға» несие серіктестігі» ЖШС арқылы несие рәсімдеп, еділбай тұқымдас 300 тоқты мен бір трактор сатып алған. Ал 80 сиырдың тұқымын асылдандыру үшін «Аян» шаруа қожалығынан ангус тұқымды екі бұқа әкеліпті. Аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы екі адамды тұрақты жұмысқа алыпты.
Былтыр «Ақтан» шаруа қожалығына асыл тұқымды қой мен сиыр үшін оған 800 мың теңге субсидия берілген. Ал биыл тек асыл тұқымды қойға 4,5 млн теңге, мал азығын дайындағаны үшін 744 мың теңге субсидияға қол жеткізген. Шаруагер жыл сайын Ойыл, Жангелдин және Тайсойған ауылдық округтерінің тұрғындарына мал азығын дайындап береді.
– Кейбіреулер қалада не ауылда отырып-ақ мал бақтырып, пайда табамын деген түсінікке бой алдырады. Бұлай істеу қателікке ұрындырады. Өзің бар шаруаның басы-қасында жүріп, бейнетін көруің керек. Сол кезде маңдай термен тапқан табыстың қадірін түсінесің. Қазір еңбекақысы уақытында берілсе, мал бағуға бет бұрушылар табылады. Ұңғыма құдық қаздырып, мобильді байланыс үшін күннен қуат жинайтын панель қондырдым. Енді малды қолдан ұрықтандыру пунктін салып, түлік санын көбейтуді жоспарлап отырмын, – дейді А.Үбіғалиев.
Атырау облысы