Қазақстан • 07 Қазан, 2022

Ашықтықты арттыратын игі істер

243 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қорғаныс ведомствосының басшысы, генерал-полковник Руслан Жақсылықов «Аналар жүрегі» cарбаздар аналары комитеті» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Лилия Хайруллинамен кездесті.

Ашықтықты арттыратын игі істер

Кездесу барысында жас сарбаздардың әскери ортаға бейімделуі, командирлердің әскери және құқықтық тәртіптің жай-күйіне жауапкершілігі, әскери қызметшілердің құқықтарын сақтау және тамақтану сапасы сияқты өзекті мәселелер талқыланды.

Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов қоғамдық ұйымның басшысы Лилия Хай­руллинаны әскери ұжымдарда саламатты атмосфера құру, әскери қыз­меттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, «Өмі­ріңді сақта» бағдарламасын іске асыру, ашықтық пен әділеттілік қағидаттары, әскери қызметтің беделін арттыру және борышын өтегендерге әлеуметтік кепілдіктер төңірегінде ведомство қабылдайтын шаралар жөнінде хабардар етті.

Қорғаныс ведомствосының қоғам өкіл­дерімен ынтымақтастығы артып келеді. Мы­салы, «Аналар жүрегі» қоғамдық бір­лестігі қорғаныс істері жөніндегі депар­таменттермен бірлесіп әскерге шақыры­лушылармен және ата-аналармен шақыру пункттерінде тұрақты кездесулер өткізіліп тұрады. Бұл формат көптеген қызықты мәселені шешу, байланыс орнату және азаматтың жеке болмысын қалыптастыру үшін осындай маңызды кезеңде болатын күмәнді сейілтуге едәуір мүмкіндік береді.

Қоғамның армияға деген сенімін арттыру, әскери қызметшілердің жауынгерлік рухын қолдаудағы пәрменді қадам «От­ба­сымен бейнеқоңырау» бейнесервисін енгізу болды. Жаңашылдықтың арқасында әрбір әскери қызметші жұмыс күндері туыстарымен және жақындарымен байланыса алады.

Аналар комитетінің жетекшісі Лилия Хайруллина қорғаныс ведомствосының қоғаммен диалог орнатудағы қадамдарын оң бағалап: «Тиісті құралымдардың, бөлімшелердің бастықтары және әскери бөлімдер командирлері жергілікті қоғамдық орындардың жұмысына ықпал етеріне сенемін», деді.

2022 жылдың қыркүйегінде Қор­ға­ныс министрлігі сарбаздардың аналар коми­теттерінің өкілдерімен бірқатар кездесу өткізді. Алматыда әскери қызметшілердің тамақтану сапасы мәселелері бойынша дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Астанада «Өміріңді сақта» бағдарламасының ере­желері, сондай-ақ әскери-патриоттық тәр­биенің маңызды аспектілері талқыланды. Әскерге шақыру науқаны кезінде Маң­ғыстау облысы сарбаздар аналары комитетінің өкілдері «Батыс» өңірлік қолбасшылығының теңіз жаяу әскерлері құрамына барды. Одан өзге Семейде қоғам өкілдерінің қатысуымен кездесу
өтті.

– Бұл Қорғаныс министрлігімен үл­кен ынтымақтастықтың бастамасы ғана. Кездесу тағылымды өтті. Біздің қа­рым-қатынасымыздың өзі көкейдегі көптеген сұраққа жауап алуға мүмкіндік берді, – деп Лилия Хайруллина кездесу нәтижелерімен бөлісті.

Әскери ұжымдардағы моральдық-психологиялық ахуалдың жай-күйі Қорғаныс министрлігі басшылығының ерекше бақылауында. Олардың сәтті шешімін табуы көбіне азаматтық сектор реттеген ынтымақтастыққа байланысты.