Спорт • 07 Қазан, 2022

Жүлденің ауылы алыс емес

295 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өзбекстанның бас шаһары – Ташкентте дзюдодан ерлер мен әйелдер арасындағы әлем чемпионаты басталды. Жарыстың алғашқы күні екі салмақ дәрежесі бойынша бәсекелер өтті. Татамиге Қазақстанның үш балуаны шықты. Солардың екеуі жүлделі орындар үшін таласу мүмкін­дігіне ие болды.

Жүлденің ауылы алыс емес

60 кило салмақтағы Ел­дос Сметов тұсаукесер кезде­суін Кара­мат Хусейновке қар­сы өт­кізді. 24 жастағы Әзер­бай­жан­ның балуаны 2021 жылғы әлем және Еуропа чемпионаттарында қола медаль иеленді. Қазіргі кезде ол IJF рейтингінде 11-орында. Салыстырмалы түрде алсақ, қандасымыз 38- са­­тыға табан тіреп тұр. Оның үстіне дәл осы жігіт былтыр Будапештте ұйымдастырылған дүниежүзілік додада біздің Мағжан Шамшадинді қола медальдан айырған еді. Екеуара тартыс өте шиеленісті өтіп, бұл бәсеке Сметовтің пайдасына ше­шілді. Келесі кезеңде Елдос израильдік Матан Ковлаевты иппонмен жеңді. Ширек финалда оның жолы әлемдік рейтингте көш бастап тұрған тайпейлік Ян Юн Вэймен қиысты. Токио Олимпиадасының финалисі, Азия ойындары мен құрлық чем­пио­натының бірнеше дүркін жүл­­дегеріне қазақ дзюдо­шы­сының әлі жетпеді. Кеше кеш­кісін Сметов жұ­баныш бел­десулерінде бақ сынады.

Дәл осы салмақтағы Мағжан Шамшадин алғашқы айналымда 25 жастағы Италия дзюдошысы Анджело Пантаномен күш сынасты. Үздіктер тізімінде Мағжан 9-сатыға жайғасса, Апеннин түбе­гінің өкілі қалың топтың орта­сын­да қалып қойды. Соған қара­мастан, Пантано Шамшадинді шаң қаптырып кетті.

Әйелдер сайысында аса жеңіл салмақта Әбиба Әбу­жа­қынова өз жанкүйерлерін қуантты. Бастапқы бәсекесінде ол бразилиялық Аманда Ли­мамен шеберлік байқасты. IJF рейтингінде екеуі қатар жайғасқан. Қазақ қызы 22-орынды иеленсе, Панамерика чемпионы одан екі саты жоғары тұр. Қосымша уа­қытта Әбиба қарсыласын қос жауырынымен жерге қадаса, келесі кезеңде Еуропаның екі дүркін чемпио­ны, әлемдік рейтингтің көш­басшысы, франциялық Ширин Буклиден басым түсті. Ширек фи­налда Әбужақынова құрлық бірін­шілігінің қола жүлдегері, сер­биялық Милица Николичтің осал тұсын тапты. Осылайша, ол жар­тылай финалға жолдама алды.