Бильярдтің еркін пирамида деп аталатын түрі бойынша өткізілген доданың ашылу салтанатында сөз сөйлеген оқу ордасының президенті, облыстық мәслихаттың депутаты Ерболат Саурықов турнир жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатынын тілге тиек етті.
Тілшілер арасындағы турнир тартысқа толы жағдайда өтті. Жарыс қортындысында көптеген ірі додада жүлделі орындардан көрініп жүрген Шу аудандық «Шу өңірі» газетінің бас редакторы Ерғали Қартайған кезекті мәрте өзінің шеберлігін дәлелдеп, жеңістің ең биік тұғырынан көрінді. Екінші орын облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз хатшысы Серік Тәжібайға бұйырса, жас журналист Самат Сатылғанов үздік үштікті түйіндеді. Ардагерлер арасындағы сайыста белгілі журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Бекет Момынқұлдың асығы алшысынан түсті.
Турнир барысында үздік ойын өрнегін көрсеткен жүлдегерлер мен өзге де журналистер қауымы арнайы қаржылай сыйлықпен марапатталды. Осылайша, өңірдегі жалғыз жекеменшік жоғары оқу орны Шерағаның мерейтойын елеусіз қалдырған жоқ. Дәл осы білім ордасында «Шерхантану» ғылыми-зерттеу орталығы жұмыс істеп тұрғанын айта кеткен жөн. Қазан айының соңында өтетін Шерағаның мерейтойында Халықаралық Тараз инновациялық институтына Шерхан Мұртазаның есімі берілмек.
Тараз