Нұрлан Әбдіровтің төрағалығымен өткен Орталық сайлау комиссиясының кезекті отырысында Мейрам Қажыкеннің Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидаттыққа сәйкестігі туралы мәселе қаралды.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Шавкат Өтемісов баяндама жасады. Ол Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Мейрам Қажыкенге қатысты сайлау туралы Конституциялық заңның 59-бабының талаптарына сәйкес ОСК уәкілетті мемлекеттік органдарға тиісті сұрау жібергенін хабарлады. Құзыретті мемлекеттік органдардан келген мәліметтерге сай М.Қажыкеннің Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат ретінде тіркелуіне кедергілер жоқ екені анықталды.
Мәселен, Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметіне сай Мейрам Қажыкен Қазақстан президенттігіне кандидаттарға қойылатын Конституция мен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңының талаптарына сәйкес келеді. Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша ол тумысынан Қазақстан Республикасының азаматы, Қазақстанда соңғы 61 жыл бойы тұрады. 2022 жылғы 8 қазандағы лингвистикалық комиссияның қорытындысы бойынша мемлекеттік тілді еркін меңгерген. Ұсынылған дипломның көшірмесіне сай жоғары білімі бар (дипломның түпнұсқасымен салыстырып тексеру жүргізілді). Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі ұсынған мәліметтерге сай мемлекеттік қызметтегі және сайланбалы мемлекеттік лауазымдардағы жұмыс тәжірибесі – 14 жыл. Әділет министрлігі ұсынған мәліметтерге сәйкес, Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидатты ұсынған «Аманат» Қазақстан кәсіподақтарының ынтымақтастығы» республикалық кәсіподақтар бірлестігінің Әділет министрлігінде тіркелгені туралы құжаты бар.