Қазақстанда әйелдер дзюдосы тым баяу дамып жатқаны жайында талай мәрте айтылды да, жазылды да. Жер-жаһанның мықтылары жиналған жарыста бұған дейін бір ғана балуанымыздың жеңіс тұғырына көтерілуге күш-жігері жетті. Десек те Рио Олимпиадасы мен екі бірдей әлем чемпионатында қолаға қол созған Галбадрах Отгонцэцэгтің легионер екенін жұрт жақсы біледі. Біздің бұрымдылар еңсе тіктей алмай жатқаннан кейін республикалық федерацияның басшылары Моңғолиядан осы спортшыны аттай қалап алдырды. Нәтижесі жаман болған жоқ. Галбадрах талай байрақты бәсекеде ел намысын абыроймен қорғады. Атақты дзюдошы үлкен спорттан қол үзгеннен кейін «Енді кімге үміт артамыз?» деп құрама бапкерлері біраз бас қатырғаны рас. Алайда арамызда да дүбірлі додаларда даралана алатын арулар бар екен. Соның бірі – Әбиба Әбужақынова.
Осыдан екі ай бұрын Астанада өткен Азия чемпионатында Әбужақынова күміс медаль иеленген соң «Егемен Қазақстан» газетіне сұхбат бергенде «Бұйыртса, биыл Ташкентте шымылдығы түрілетін әлем чемпионатында жеңіс тұғырына көтерілу үшін барымды саламын. Оған менің күш-жігерім жетеді» деп сенімді сөйлеген еді. Әбиба сөзінде тұрды. Алғашқы айналымдарда Панамерика чемпионы, бразилиялық Аманда Лима мен Еуропаның екі дүркін чемпионы, әлемдік рейтингтің көшбасшысы, франциялық Ширин Буклиден басым түсті. Одан кейін құрлық біріншілігінің қола жүлдегері, сербиялық Милица Николичтен айласын асырды. Жартылай финалда әлем чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы, жапониялық Нацуми Цунодадан ұтылып, қола медаль үшін бәсекеде Чилидің өкілі Мари Ди Варгас Лейді жеңді. Осылайша, Әбибаның есімі қазақ қыздары арасынан әлем чемпионатында жүлде алған тұңғыш дзюдошы ретінде тарихта қалды.
Бастапқы бәсекелерде әзербайжандық Карамат Хусейнов пен израильдік Матан Ковалаевты қапы қалдырған Елдос Сметовтің ширек финалда былтыр Токио Олимпиадасында күміс медальды мойнына іліп, Азия ойындары мен құрлық біріншілігінде жүлдегер атанған тайпейлік Ян Юн Вэймен жолы қиысты. Иығынан алған жарақатын асқындырып алған әйгілі балуанымыз бұл бәсекеде кеңінен көсіле алмай, IJF рейтингінде көш бастап тұрған Вэйге есе жіберді. Десек те одан кейінгі екі белдесуде барын салған Сметов жұбаныш кездесуінде әлем чемпионатының қола және Еуропа ойындарының күміс жүлдегері, Еуропаның екі дүркін чемпионы, испаниялық Франсиско Гарригосты ұтып, үшінші орын үшін тартыста өзбекстандық Дильшодбек Баратовтан басым түсті. Сөйтіп, Елдос өзінің спорттық мансабында әлем чемпионатының үшінші жүлдесіне қол жеткізді. 2015 жылы ол Астанада алтын тұғырдан қол бұлғаса, 2019 жылы Токио және 2022 жылы Ташкентте қола медаль иеленді.
Алғашқы күні 60 кило салмақтағы Мағжан Шамшадин тұсаукесер кездесуінде италиялық Анджело Пантаноға есе жіберсе, келесі күні 66 кило салмақтағы Ғұсман Қырғызбаев та сүрінді. Соқыр жеребе оны екінші айналымда Ан Баулмен жолықтырды. Оңтүстік Корея өкілінің Рио Олимпиадасының күміс, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, әлем чемпионы және Азия ойындарының жеңімпазы деген атақтары бар. Өкінішке қарай, Ғұсман Аннан айласын асыра алмады. 52 кило салмақтағы Гауһар Ирмағамбетова «шүу» дегенде швейцариялық Фабине Кошерді шабысынан жаңылдырғанымен, екінші кезеңде польшалық Александар Калетадан жеңіліп қалды.
Жарыстың үшінші күні Данияр Шамшаев татамиге шықты. Таяуда ғана Астанада өткен Азия чемпионатында барлық қарсыласын сыпыра ұтып, бас жүлдені олжалаған 18 жастағы жас балуанға Өзбекстанның бас шаһарында айрықша сенім арттық. Сол кезде оған құрлықтың ең үздік дзюдошысы атануға небәрі 149 секунд жеткілікті болған еді. Өкінішке қарай, жылдың басты додасында Даниярдың жолы болмады. Алғашқы сынақтан ол сүрінбей өткенімен, екінші кезеңде кореялық Ли Енхуулден ұтылды.
56 кило салмақтағы Севара Нышанбаева Босния мен Герцеговинаның өкілі Анджела Самаранджичке жол берді. 81 кило салмақтағы Абылайхан Жұбаназаров нидерландтық Франк де Виттен айласын асыра алмады.
Жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері
Ерлер: 60 кило – 1. Наохисо Такато (Жапония), 2. Арунболд Энхтайван (Моңғолия), 3. Елдос Сметов (Қазақстан) пен Ян Юн Вэй (Тайпей).
66 кило – 1. Дзёсиро Маруяма (Жапония), 2. Хифуме Абе (Жапония),
- Ан Баул (Оңтүстік Корея) мен Денис Виеру (Молдова).
73 кило – 1. Тцогбаатар Ент-Очир (Моңғолия), 2. Сойши Хашимото (Жапония), 3. Даниэль Гаргнин (Бразилия) мен Хидаят Хейдаров (Әзербайжан).
Әйелдер: 48 кило – 1. Нацуми Цунода (Жапония), 2. Катарина Менц (Германия), 3. Әбиба Әбужақынова (Қазақстан) мен Ассунта Скутто (Италия).
52 кило – 1. Ута Абе (Жапония), 2. Челисе Гилес (Ұлыбритания),
- Дистрия Красники (Косово) мен Аманди Бушар (Франция).
57 кило – 1. Рафаэла Сильва (Бразилия), 2. Харука Фунакубо
(Жапония), 3. Джессика Климкайт (Канада) пен Енхерлен
Лхкагватагоо (Моңғолия).