Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің VI отырысында Мемлекет басшысы ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін барынша қолайлы жағдай жасауды, оларды қағазбастылықтан арылтуды, инстанциялар бойынша жүруін және қызмет көрсетушілердің қызмет алушылармен байланысын болдырмауды тапсырған болатын. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі уақытта жобаға 625 медициналық ұйым қосылған. Пилоттық жоба арқылы 2022 жылы мүгедектікті белгілеу бойынша сырттай қызмет көрсетумен қамтуды 20%-ға дейін жеткізу жоспарланған. Бұл көрсеткіш бүгінде 22,6%-ды құрайды.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Денсаулық сақтау және Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерімен бірлесіп, Қазақстанның барлық 20 өңірінде жаңа режімде медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізудің сырттай форматы бойынша жасалған жобаны іске асыруда. Мүгедектік тобын анықтау бойынша қызмет алу үшін өтініш беруші тек тұрғылықты жері бойынша емханаға барып, қажетті тексеруден өтуі қажет, қалған процестер ақпараттық жүйелерді интеграциялау есебінен оның қатысуынсыз өтеді.
Жалпы, сырттай куәландыруға көшу әкімшілік және бюрократиялық кедергілерді жояды, медициналық-әлеуметтік сараптаманың сараптамалық шешімдерінің ашықтығын қамтамасыз етеді, үйден шықпай-ақ мүгедектікті белгілеу және мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау шараларын айқындау бойынша қызметтер алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ көрсетілетін қызметті алушының көрсетілетін қызметті берушімен тікелей байланысын болдырмайды. Осылайша, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайту көзделіп отыр.