Өнер • 10 Қазан, 2022

«Дос-Мұқасан» – аңыз ансамбль

868 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Шымкенттегі «Nauryz park» сауда ойын-сауық орталығында отандық кино нарығына жол тартқан «Дос-Мұқасан» фильмінің жабық көрсетілімі өтті. Астана мен Алматыдан кейінгі көрсетілім үшінші мегаполисте жалғасты. Осы іс-шараға орай фильмнің бас продюсері, режиссері және актерлері шаһарға арнайы келіп, көрермендермен кездесті. Аты аңызға айналған өнер тобының өмірбаяндық драмасы Қазақстанда 29 қыркүйекте прокатқа шыққан.

«Дос-Мұқасан» – аңыз ансамбль

«Дос-Мұқасан» вокалды-аспаптық ансамблі қазақ халқының мақтанышы. Олардың өмірі, өнер жолындағы ең­бектері жайлы фильм түсіру біз үшін үлкен мәртебе. «Дос-Мұқасан» – менің бас про­дюсер ретіндегі алғашқы толық­метрлі көркем фильмім. Әлбетте, кәсіби му­зыкант ретінде мен үшін аты аңыз­ға айналған ансамбльдің негізін қалау­шылармен бірге қоян-қолтық жұмыс істеп, тіпті жақын достай араласып, топ­­тың құрылу тарихы жайлы көп де­рек­­терге қанығу, сөйтіп, өнердің ең қиын да нәзік салаларының бірі музыка жанрында фильм түсіру күр­делі әрі қызық болды. Біз осы фильм ар­қылы өнерсүйер қауымға, жалпы кө­рер­­менге «Дос-Мұқасанның» шына­йы тарихын, сол дәуірдегі музыкалық шығар­машылықтың жастар арасында­ғы әсері, оның тұтас қоғамдағы көрініс­те­рі туралы жеткізуге тырыстық», дейді фильмнің бас продюсері Айгүл Байбек.

Киножоба Мәдениет және спорт министрлігі мен Ұлттық кинемато­гра­фияны қолдау мемлекеттік орта­лы­ғы­ның қолдауымен түсірілген. Сондық­тан ұлттық құндылықтар­ды, қазақ тарихын насихаттау бағытын­да мемлекет тарапынан қолдау тапқан фильм деуге болады. Аталған киношығарманың түсірі­лім жұмыста­рын жүргізген Aray Media Group студиясы. Ал фильмнің сценарий авторы – Евфрат Шәріпов.

Сонымен бірге бұл қазақ кино­индустриясында бірінші мәрте көрер­менге жол тартқан тарихи-музыкалық кинотуынды. Яғни бұған дейін қазақ режиссерлері мен сценаристері мұндай жобаны түсіріп көрмеген. «Дос-Мұқа­сан» сонысымен де құнды дүние саналады. Алдағы уақытта қазақ кинематография шежіресінде ойып тұрып орын алатын нағыз таңдаулы фильмдердің қатарына кіретініне сенім мол.

Фильм мазмұны тарихи оқиғалар­ға және музыкалық шығармаларға құ­­рыл­ғандықтан адамдарды бір жер­ге шо­ғырландыру, сол заманның концерт­терін ұйым­дас­тыру, шетелді көрсету секілді жұмыс­тар­ды атқару керек болды. Кино­жобаның күрделілігі мен ауқымдылығы міне, осында жатыр. Әсі­ресе камераға сыртқы ортаны алған кезде кеңестік дәуірдің көрі­нісі нанымды болуы үшін суретшілер көп еңбектен­ді. Өйткені бүгінде үйлердің көпшілігі жаңа. Бұрынғы кеңестік заманнан келе жатқандарының өзінің қасбеті бүгінгі уақытқа сай өзгеріп кет­­кен. Әсіресе қазіргі баспаналардың бар­­лығының терезесі металпластиктен жасалған. Сонымен бірге актерлердің үстіндегі киімдері де атақты әншілердің өткен ғасырдың 70-80-жылдарындағы стилінде киген киімдері­не ұқсатып, тіпті айнытпай тігілді. Ал мұның бәрі үлкен күшті, еңбекті және белгілі бір деңгейде қаражат пен уақыт­ты талап ететіні белгілі.

Кинотуындының қоюшы-режис­се­рі Айдын Сахаман фильм жайлы пікі­рін­де рөлдерді сомда­ған актерлердің бар­лығы шетінен талантты азаматтар екенін, сондықтан кәсіби шеберліктері арқылы қызықты да тартымды картина жасауға зор мүмкіндік туғанын жеткізді. Сондай-ақ осы туындының кө­мегімен жасы үлкен кісілер сол дәуір­дің болмысын сезініп, жастық шақ­тарына қайта оралса, бүгінгі жас­тар қазақтың әйгілі тобы өнері жағынан кезінде есімдері әлемді шарлаған «Битлздан» еш кем түспегенін біліп, вокальды-аспаптық ансамбльдің еліміздегі даму тарихымен де жақынырақ танысып шығатынын атап өтті.

Сол кездің тыныс-тіршілігін, «Дос-Мұқасанның» құрамындағы әншілердің бет-бейнесі мен ішкі мінезін нақты сомдап, көрерменнің көз алдына дәл көшіріп әкелу үшін түсіру тобы қазақ рок өнерінің негізін қалаушылардың өздерінен ақыл-кеңес сұраған. Сол себепті вокальды-аспаптық ансамбльдің белді мүшелері Мұрат Құсайынов пен Досым Сүлеевті қолқалап, түсіру алаңына шақырған.

Осы ретте Досым Сүлеев ағамыз отан­­дық тарихи-музыкалық фильм ха­қында «Авторлар ең бастысы, біздің музы­каға деген сүйіспеншілігімізді, көңіл күйімізді, сол кездегі атмосфераны жеткізе алыпты. Ұзақ жылдар бойы сахна сыртында қалып келген өнер жолындағы қиындықтарымыз – өз сти­лімізді сақтаудағы кеңестік идео­логиямен күрес, ұжым ішіндегі қа­рым-қатынастар, реніштер мен қуаныш­тар түгелімен бұрмалаусыз, өзгертусіз беріліпті», деген пікір білдірді.

Қоюшы-режиссер фильмнің актер­лік құрамы портреттік ұқсастық бо­йынша таңдалғанын айтады. Бас­ты рөльдерді кинода Мейірғат Аман­гел­дин, Мақсат Сәбитов, Елдос Шай­ке­нов, Саят Мақұлбаев, Айғаным Са­ғын­баева, Никита Погодаев, Нұрғиса Қуа­нышбайұлы және Әбілмансұр Сері­ков сынды талантты жас актерлер сомдаған.

«Маған көзі тірі танымал тұлға­лар­ды сомдау аса қиын емес, тек жауап­кершілікті сезіну ауырлау. Өйткені ол азаматтарды жұрттың барлығы таниды. Жүріс-тұрысына, қалай ән айтатынына дейін халықтың бәрі біледі. Сондық­тан оларды сомдауда мейлінше рөльдің шынайы шығуына тырысу, кәсіби ше­берлік тұрғысынан қателіктерге бой алдырмау, киноактер үшін ең маңыз­дысы – осы. Түсірілім барысында ­ре­жиссер бізге бағыт-бағдар беріп отырды. Сол үшін де әнші ағаларымыздың рөлін­де ойнау үлкен қиындық тудырмады. Бәрінен бұрын сонау жетпісінші жылдардан бүгінге дейін сырт келбетін бұзбай сақталып қалған ғимараттар­ды, қонақүйлерді табу оңайға соқпады. Дегенмен бағымызға қарай Өскемен қаласында сондай ескі ғимараттар бар екен. Бұдан бөлек Алматы қаласынан киноға арнап арнайы декорация жа­садық. Фильмді түсірудегі ең қиын сәт­­тер деп осыны айта аламын. Және де тағы бір маңызды тұсы – фильмнің музыкалық көркемделуі. Өйткені ән­нің барлығы түгел қайта жазылу кезе­ңінен өтті. Әннің алғашқы нұсқасын – ырғағы мен өзіне тән ерекшеліктерін еш­қандай бұзбастан сақтау керек болды. Дей тұрғанмен біз сол заманда өмір сүрмегендіктен әндердің түпнұсқа­сын дәлме-дәл қайталап айтып шығу, музы­каның әуезді әуенін сол дәуірдің адамдарындай сезіну оңай болған жоқ. Соған қарамастан музыкалық жетекшілердің, хормейстерлердің ақыл-кеңесімен, көмегімен әндерді жазу дұрыс бағытта жүрді деп есептеймін. Түсірілім мен одан кейінгі пост яғни өңдеу жұмыстары шамамен екі жылдай уақытты алды. Бірақ кинотуынды музыкалық байопик болғандықтан пост продакшнге кеткен уақытты тіпті аз деп есептеуге болады», дейді актер әрі фильмнің дубляждық режиссері Шахмұрат Ордабаев.

Ал бас продюсер А.Байбектің айтуынша, қазақстандық көрерменге музыка жанрындағы тұңғыш отандық киноны түсіру идеясы Батыстың атақты әншісі Фредди Меркюридің өмірбаянын бейнелеген «Богем рапсодиясы» фильмі жаппай прокатқа шыққан соң туған. Осы орайда «Дос-Мұқасан» фильмнің жалпы бюджеті 425 млн теңгені құра­ды. Негізінен бұл кинотуынды тарихи-му­зы­калық әрі отбасылық фильм болып саналады. Өйткені мұнда өткен ғасырдың жетпісінші-сексенінші жылдары елімізде кеңінен шырқалған әндер айтылады. Сондықтан фильм кішіге де, үлкенге де бірдей ортақ аудиторияға арналған.

Өз кезегінде Шымкент қаласы әкімі­нің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан фильмнің көрсетілімінен соң арнайы сөз алып, осынау киножобаны өмірге алып келген шығармашылық ұжымға зор табыстар тілеп, шымкенттіктер атынан риза­шылығын білдірді.

«Расында да «Дос-Мұқасан» музы­калық ансамблін тек әншілерден құрал­ған топ деп қарауға болмайды. Ол қазақ­тың кешегісі, қазақ музыка өнерінің көк аспанында нұрын шашып қалықта­ған күн сәулесі, кеңестік кезеңдегі қазақ жастарының темірқазығы, мақтаны­шы болған топ. Сонымен бірге «Дос-Мұқасан» кеңестік идеология қоғамды билеп-төстеген заманда халқымыздың өнерін, тілін, құндылықтарын кең әлемге паш етіп, ұлтымыздың абыройын дүйім жұртқа асқақтатты. Өткен ғасырдағы тарихты, музыкалық ансамбльдің құры­лу жолындағы қиындықтарын, өнер ұжымындағы адамдардың бір-бірімен арадағы қарым-қатынасын боямасыз, шынайы бейнелеген бұл кинотуынды жалпы көрермен қауымның жүрегінен жол тауып, көңілінен шығады деген үміттемін», деді ол.

Айта кету керек, биыл қазақтың әншілік өнер тарихында тұңғыш рет рок жанрында топ құрып, киелі сахна төрінде ерекше қайталанбас дауыстарымен талайды тамсандырған атақты «Дос-Мұқасан» вокалды-аспапты ансамбліне 55 жыл толып отыр.

п

 

ШЫМКЕНТ