«Дос-Мұқасан» вокалды-аспаптық ансамблі қазақ халқының мақтанышы. Олардың өмірі, өнер жолындағы еңбектері жайлы фильм түсіру біз үшін үлкен мәртебе. «Дос-Мұқасан» – менің бас продюсер ретіндегі алғашқы толықметрлі көркем фильмім. Әлбетте, кәсіби музыкант ретінде мен үшін аты аңызға айналған ансамбльдің негізін қалаушылармен бірге қоян-қолтық жұмыс істеп, тіпті жақын достай араласып, топтың құрылу тарихы жайлы көп деректерге қанығу, сөйтіп, өнердің ең қиын да нәзік салаларының бірі музыка жанрында фильм түсіру күрделі әрі қызық болды. Біз осы фильм арқылы өнерсүйер қауымға, жалпы көрерменге «Дос-Мұқасанның» шынайы тарихын, сол дәуірдегі музыкалық шығармашылықтың жастар арасындағы әсері, оның тұтас қоғамдағы көріністері туралы жеткізуге тырыстық», дейді фильмнің бас продюсері Айгүл Байбек.
Киножоба Мәдениет және спорт министрлігі мен Ұлттық кинематографияны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген. Сондықтан ұлттық құндылықтарды, қазақ тарихын насихаттау бағытында мемлекет тарапынан қолдау тапқан фильм деуге болады. Аталған киношығарманың түсірілім жұмыстарын жүргізген Aray Media Group студиясы. Ал фильмнің сценарий авторы – Евфрат Шәріпов.
Сонымен бірге бұл қазақ киноиндустриясында бірінші мәрте көрерменге жол тартқан тарихи-музыкалық кинотуынды. Яғни бұған дейін қазақ режиссерлері мен сценаристері мұндай жобаны түсіріп көрмеген. «Дос-Мұқасан» сонысымен де құнды дүние саналады. Алдағы уақытта қазақ кинематография шежіресінде ойып тұрып орын алатын нағыз таңдаулы фильмдердің қатарына кіретініне сенім мол.
Фильм мазмұны тарихи оқиғаларға және музыкалық шығармаларға құрылғандықтан адамдарды бір жерге шоғырландыру, сол заманның концерттерін ұйымдастыру, шетелді көрсету секілді жұмыстарды атқару керек болды. Киножобаның күрделілігі мен ауқымдылығы міне, осында жатыр. Әсіресе камераға сыртқы ортаны алған кезде кеңестік дәуірдің көрінісі нанымды болуы үшін суретшілер көп еңбектенді. Өйткені бүгінде үйлердің көпшілігі жаңа. Бұрынғы кеңестік заманнан келе жатқандарының өзінің қасбеті бүгінгі уақытқа сай өзгеріп кеткен. Әсіресе қазіргі баспаналардың барлығының терезесі металпластиктен жасалған. Сонымен бірге актерлердің үстіндегі киімдері де атақты әншілердің өткен ғасырдың 70-80-жылдарындағы стилінде киген киімдеріне ұқсатып, тіпті айнытпай тігілді. Ал мұның бәрі үлкен күшті, еңбекті және белгілі бір деңгейде қаражат пен уақытты талап ететіні белгілі.
Кинотуындының қоюшы-режиссері Айдын Сахаман фильм жайлы пікірінде рөлдерді сомдаған актерлердің барлығы шетінен талантты азаматтар екенін, сондықтан кәсіби шеберліктері арқылы қызықты да тартымды картина жасауға зор мүмкіндік туғанын жеткізді. Сондай-ақ осы туындының көмегімен жасы үлкен кісілер сол дәуірдің болмысын сезініп, жастық шақтарына қайта оралса, бүгінгі жастар қазақтың әйгілі тобы өнері жағынан кезінде есімдері әлемді шарлаған «Битлздан» еш кем түспегенін біліп, вокальды-аспаптық ансамбльдің еліміздегі даму тарихымен де жақынырақ танысып шығатынын атап өтті.
Сол кездің тыныс-тіршілігін, «Дос-Мұқасанның» құрамындағы әншілердің бет-бейнесі мен ішкі мінезін нақты сомдап, көрерменнің көз алдына дәл көшіріп әкелу үшін түсіру тобы қазақ рок өнерінің негізін қалаушылардың өздерінен ақыл-кеңес сұраған. Сол себепті вокальды-аспаптық ансамбльдің белді мүшелері Мұрат Құсайынов пен Досым Сүлеевті қолқалап, түсіру алаңына шақырған.
Осы ретте Досым Сүлеев ағамыз отандық тарихи-музыкалық фильм хақында «Авторлар ең бастысы, біздің музыкаға деген сүйіспеншілігімізді, көңіл күйімізді, сол кездегі атмосфераны жеткізе алыпты. Ұзақ жылдар бойы сахна сыртында қалып келген өнер жолындағы қиындықтарымыз – өз стилімізді сақтаудағы кеңестік идеологиямен күрес, ұжым ішіндегі қарым-қатынастар, реніштер мен қуаныштар түгелімен бұрмалаусыз, өзгертусіз беріліпті», деген пікір білдірді.
Қоюшы-режиссер фильмнің актерлік құрамы портреттік ұқсастық бойынша таңдалғанын айтады. Басты рөльдерді кинода Мейірғат Амангелдин, Мақсат Сәбитов, Елдос Шайкенов, Саят Мақұлбаев, Айғаным Сағынбаева, Никита Погодаев, Нұрғиса Қуанышбайұлы және Әбілмансұр Серіков сынды талантты жас актерлер сомдаған.
«Маған көзі тірі танымал тұлғаларды сомдау аса қиын емес, тек жауапкершілікті сезіну ауырлау. Өйткені ол азаматтарды жұрттың барлығы таниды. Жүріс-тұрысына, қалай ән айтатынына дейін халықтың бәрі біледі. Сондықтан оларды сомдауда мейлінше рөльдің шынайы шығуына тырысу, кәсіби шеберлік тұрғысынан қателіктерге бой алдырмау, киноактер үшін ең маңыздысы – осы. Түсірілім барысында режиссер бізге бағыт-бағдар беріп отырды. Сол үшін де әнші ағаларымыздың рөлінде ойнау үлкен қиындық тудырмады. Бәрінен бұрын сонау жетпісінші жылдардан бүгінге дейін сырт келбетін бұзбай сақталып қалған ғимараттарды, қонақүйлерді табу оңайға соқпады. Дегенмен бағымызға қарай Өскемен қаласында сондай ескі ғимараттар бар екен. Бұдан бөлек Алматы қаласынан киноға арнап арнайы декорация жасадық. Фильмді түсірудегі ең қиын сәттер деп осыны айта аламын. Және де тағы бір маңызды тұсы – фильмнің музыкалық көркемделуі. Өйткені әннің барлығы түгел қайта жазылу кезеңінен өтті. Әннің алғашқы нұсқасын – ырғағы мен өзіне тән ерекшеліктерін ешқандай бұзбастан сақтау керек болды. Дей тұрғанмен біз сол заманда өмір сүрмегендіктен әндердің түпнұсқасын дәлме-дәл қайталап айтып шығу, музыканың әуезді әуенін сол дәуірдің адамдарындай сезіну оңай болған жоқ. Соған қарамастан музыкалық жетекшілердің, хормейстерлердің ақыл-кеңесімен, көмегімен әндерді жазу дұрыс бағытта жүрді деп есептеймін. Түсірілім мен одан кейінгі пост яғни өңдеу жұмыстары шамамен екі жылдай уақытты алды. Бірақ кинотуынды музыкалық байопик болғандықтан пост продакшнге кеткен уақытты тіпті аз деп есептеуге болады», дейді актер әрі фильмнің дубляждық режиссері Шахмұрат Ордабаев.
Ал бас продюсер А.Байбектің айтуынша, қазақстандық көрерменге музыка жанрындағы тұңғыш отандық киноны түсіру идеясы Батыстың атақты әншісі Фредди Меркюридің өмірбаянын бейнелеген «Богем рапсодиясы» фильмі жаппай прокатқа шыққан соң туған. Осы орайда «Дос-Мұқасан» фильмнің жалпы бюджеті 425 млн теңгені құрады. Негізінен бұл кинотуынды тарихи-музыкалық әрі отбасылық фильм болып саналады. Өйткені мұнда өткен ғасырдың жетпісінші-сексенінші жылдары елімізде кеңінен шырқалған әндер айтылады. Сондықтан фильм кішіге де, үлкенге де бірдей ортақ аудиторияға арналған.
Өз кезегінде Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан фильмнің көрсетілімінен соң арнайы сөз алып, осынау киножобаны өмірге алып келген шығармашылық ұжымға зор табыстар тілеп, шымкенттіктер атынан ризашылығын білдірді.
«Расында да «Дос-Мұқасан» музыкалық ансамблін тек әншілерден құралған топ деп қарауға болмайды. Ол қазақтың кешегісі, қазақ музыка өнерінің көк аспанында нұрын шашып қалықтаған күн сәулесі, кеңестік кезеңдегі қазақ жастарының темірқазығы, мақтанышы болған топ. Сонымен бірге «Дос-Мұқасан» кеңестік идеология қоғамды билеп-төстеген заманда халқымыздың өнерін, тілін, құндылықтарын кең әлемге паш етіп, ұлтымыздың абыройын дүйім жұртқа асқақтатты. Өткен ғасырдағы тарихты, музыкалық ансамбльдің құрылу жолындағы қиындықтарын, өнер ұжымындағы адамдардың бір-бірімен арадағы қарым-қатынасын боямасыз, шынайы бейнелеген бұл кинотуынды жалпы көрермен қауымның жүрегінен жол тауып, көңілінен шығады деген үміттемін», деді ол.
Айта кету керек, биыл қазақтың әншілік өнер тарихында тұңғыш рет рок жанрында топ құрып, киелі сахна төрінде ерекше қайталанбас дауыстарымен талайды тамсандырған атақты «Дос-Мұқасан» вокалды-аспапты ансамбліне 55 жыл толып отыр.
ШЫМКЕНТ