Білім • 10 Қазан, 2022

Оқыған азамат кім?

4430 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жоғары білімді азаматы көп елдің бола­шағы жарқын, әлеуеті де зор, беделі де биік. Бұл сөзімізге ешкім дау айта қоймас. Бұрыннан айтылып келе жатқан пікір. Оқығаны көп елдің бірі – Қазақ­стан. Олай болса, неге біздің елі­міз дамыған мемлекеттер көшіне ілесе ал­май отыр?

Көптеген маңызды салада артта қалу­шы­лық бар, ал сыбайлас жемқорлық бойын­ша талайдан қара үзіп, алда келеміз...

Иә, Қазақстанның табыстары бар, бірақ бұл халықтың әлеуметтік-экономикалық жағ­дайына, мәдени-рухани өміріне, қоғам­дық көңіл күйге оң әсерін тигізе алар емес. Саяси-экономикалық зерттеулер орта­лы­ғының дерегі бойынша бүгінде еліміз­де кедейлік шегінде өмір сүріп жатқан халықтың саны 5,5 млн төңірегінде көрінеді. Бүгінгі ахуалымыз осындай болса, онда жоғары білімді азаматтары көп ел деген «даңқымыз» қайда қалады, әлгі экономикалық белсенді білім­ді­ле­ріміздің күш-жігері қайда жұмсалып жатыр? Елі­міз­дегі 120-дан астам жоғары оқу орнын жыл сайын бітіріп шығатын мыңдаған түлек­тің игілігін неге толық көре алмай отырмыз? Бұл сұраққа кім жауап береді? Егер бұл сауалдарға тиісті орындар нақты жауап бере алмаса, жоғары білімді азаматтары көп елдің болашағы жарқын, әлеуеті де зор, беделі де биік болады деген түсініктің Қазақстан жағдайында мәні бола қоймас. Бәлкім бізге ЖОО-ларды бітірген түлектерді жоғары білімді азаматтар деп танығаннан гөрі оларды жай ғана «бітірушілер» деп атағанымыз дұрыс шығар. Сонда, жоғары білімді азамат деген мәртебелі статусқа білімі мен тәжірибесін, қарым-қабілетін ел игілігіне бар мүмкіндігінше жұмсап жүр­гендерді лайықты деп танып, мәселенің мәні­сін аша түсер едік.

Әрине, бітірушілердің толыққанды жоға­ры білімді азамат-маман атануына бірін­ші кезекте ЖОО-лардың білім беру сапа­сының деңгейі әсер етеді. Білім беру сапасы төмен оқу орнын бітірушілердің жоғары білімді азамат атануы неғайбыл. Ол жай диплом иесі ғана болып қалып қояды. Бұдан да маңыздысы – ЖОО-ларды бітірушілердің мамандығына сай әрі лайықты еңбекақысы бар жұмысқа орналасуы. Егер мемлекет тарапынан мүмкіндік берілер болса, ЖОО-ларды бітірушілер нағыз жоғары білім­ді азаматтар қатарына сенімді түрде қосы­лар еді. Демек бітірушілердің жоғары білім­ді адам атануына мемлекет пен ЖОО-лардың ықпалы айрықша. Бұл екі тараптан айтылған мәселеде тиімді іс-қимыл болмаса, онда дипломды қара жұмысшылары көп ел болып қала береміз. Сондай-ақ бізде қаншама ЖОО бар, қаншама түлегіміз диплом алды деп жалған мақтаннан аса алмай, құры босқа өкпе өшіреміз.

Осы арада айта кетер жайт, біз нарықтық экономика дендеп енген қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Демек сұранысқа сай әрекет етудің маңыздылығына ден қоюымыз керек-ақ. Бұл орайда Ғылым және жоғары білім министрлігі басқа министрліктермен, ірісі бар, ұсағы бар өндіріс орындарымен, шағын және орта кәсіпкерлік саласындағы кәсіпорындармен тығыз байланыста жұмыс істеп, өзінің менеджерлік қызметін сауатты әрі тиімді жүргізгені абзал.

Сұранысты қанағаттандыру үшін іс-қи­мыл жасаудың сенімді әрі заңды тетіктері іске қосылмай пайда жоқ. Әрине, сұраныс­тың көлемін анықтау оңай. Бірақ сол сұранысты өтеуге жіберілгендер қызметіне сай лайықты игілік көре ала ма? Міне, үкімет осы сұрақтың жауабын табуға тиіс. Сонда ғана сұранысқа ие мамандық иесін даярлауда сенімділік орнап, мемлекет өзі грант бөліп оқытқан азаматтың көзіне тура қарай алады.

Жалпы, қоғамда бұрыннан келе жатқан жағымсыз үрдіс бар, ол – не болса, о болсын, әйтеуір бір дипломды еншілеу. Осы құжатқа қол жеткізу мектепті бітірген түлектердің көп­ші­лігінің биік мақсаттарының алғаш­қысы. Жарайды делік. Мақсатына жетсін, содан кейін не болады? Көбісі алған дипломын сандықтың түбіне тастайды. Жеткен мақсатының «қызығы» сол ғана. Әйтеуір жұрттан қалмау әрекеті. Бұл үрдіс көптен бері бәсекеге қабілетсіз, білім беру сапасы көңіл көншітпейтін, материалдық-техни­ка­лық базасы жұпыны, қысқасы уақыт талабына жауап бере алмайтын ЖОО-лардың асығын алшысынан түсіріп келеді. Өзгерген әлемде өмір сүріп жатсақ та, ескі де өзін өзі ақтамаған үрдіс – «әйтеуір бір диплом алып қоя салайын, ертең бір керегіме жарар» немесе «басқадан қалып қоймайын, мен де бір оқу орнына түсіп алайын» деген таптаурын түсініктен бас тартар емеспіз. Міне, бізге сананы өзгерту қажет. Онсыз ескі сүрлеуге түсіп алып, адасқан бетімізбен жүре береміз. Бұл ұтылудан өзге ештеңе емес.