Отырысты жүргізген Мәжіліс Төрағасының орынбасары Балаим Кесебева келтірген деректерге сүйенсек, қазіргі таңда қазақстандықтардың шамамен 41 пайызы ауылдық жерлерде тұрады. Соның 3,6 миллионы немесе 46 пайызы – балалар мен қарттар.
«Өкінішке қарай, біраз себептерге байланысты ауылдық жерлерде денсаулық сақтау мәселелерін жедел шешуді қажет ететін көп сұрақ қордаланып қалған. Ауылдық жерде басты проблема – медициналық көмекке қол жеткізу. Материалдық-техникалық базаның ескіргенін, дәрігерлер мен кіші медициналық персоналдың, медициналық техниканың жетіспеуін, дәрі-дәрмектердің жоқтығы мәселені күрделендіре түсті.
Жалпы, денсаулық жағдайына коронавирус инфекциясы пандемиясының салдары да әсер етті. Мәселен, 2021 жылдың қорытындысы бойынша ауыл тұрғындарының қан айналымы жүйесі ауруларынан өлім-жітімі 11 пайызға артып, қатерлі ісіктермен сырқаттанушылық 10,5 пайызға өсті. Ауылдық жерлерде медициналық көмектің сапасын арттыру үшін көліктік медицина ұйымдастырылды, өткен жылы оның қызметтерімен 2,2 мың елді мекен қамтылды. Сондай-ақ медициналық пойыздар іске қосылып, 38 мыңнан астам ауыл тұрғынына медициналық қызмет көрсетілді», деді Б.Кесебаева.
Мәжіліс Төрағасының орынбасары келесі жылдан бастап «Ауылдық жердегі денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы іске асырылатынын жеткізді. Бұл жобаның басты мақсаты – медициналық инфрақұрылымды кешенді түрде жақсарту. Осыған орай, алдағы екі жылда 655 алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету нысаны, 32 ауданаралық көпсалалы аурухана ашылмақ. Бұған 217 млрд теңгеден астам қаржы бөлінеді.
Үкімет сағатында көтерілген тақырып бойынша баяндама жасаған Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният ауыл тұрғындарына 5 мыңнан астам медициналық ұйым, оның ішінде 2 мыңнан астам медициналық пункт, 800 фельдшерлік-акушерлік пункт, 1 мыңнан астам дәрігерлік амбулатория, 200-ден астам емхана және 203 аурухана медициналық көмек көрсететінін айтты.
«Халықтың денсаулық көрсеткіштерін талдауға сүйенсек, ауыл тұрғындары қала тұрғындарынан ұзақ өмір сүреді. 2021 жылы ауылдарда туу деңгейі қалаға қарағанда жоғары болды. Биылғы 7 ай қорытындысы бойынша республикалық көрсеткіштен 5 пайызға жоғары. Былтырмен салыстырғанда жалпы өлім көрсеткішінің 14 пайызға төмендеуі байқалады. Ауылдағы ана өлімі биылғы 6 айдың қорытындысы бойынша қалаға қарағанда 2 есе төмен.
Осы жылы нәресте өлімі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ауылдық жерде 30,6 пайызға ұлғайған. Бұл ретте ауылда бала өлімі қаламен салыстырғанда 38,7 пайызға төмен. Нәресте өлімі әйелдердің денсаулығына тікелей байланысты. Әйелдердің денсаулығын сақтау және балалардың денсаулығын нығайту үшін жүкті әйелдерді жеке және дисциплинааралық босанғанға дейінгі бақылаумен қамту ұлғайды», деді А.Ғиният.
Денсаулық сақтау министрінің сөзіне сүйенсек, балалардың денсаулық жағдайын жақсарту және өлімді азайту үшін елімізде жүйелі жұмыс атқарылып жатыр. Атап айтқанда, ауруларды және даму бұзылыстарын уақтылы анықтау үшін жыл сайын 3,1 млн балаға профилактикалық тексеру, 1,6 млн сәбиге скринингтік зерттеулер жүргізіледі.
«Ауыл халқы көбінесе тыныс алу мүшелерінің ауруынан зардап шегеді. Мұның үлесі – 42,7 пайыз. Несеп-жыныс жүйесі – 6,3, қан айналым жүйесінің аурулары – 5,4, жазатайым оқиғалар, жарақаттар мен уланулар 4,6 пайызды құрайды. Онкологиялық аурулар
1 пайызға тең. Ауылда, жалпы ел бойынша, қан айналымы жүйесінің ауруларынан, қатерлі ісіктерден, тыныс алу ағзаларының ауруларынан және жарақаттардан болатын өлім басым. Коронавирус инфекциясы пандемиясының жалпы халық денсаулығының негізгі көрсеткіштеріне әсер еткенін атап өткен жөн.
Сонымен бірге ауылда денсаулық сақтауда біраз мәселе бар. Динамикалық бақылау сапасының төмендігі, консультациялық-диагностикалық қызметтердің жеткіліксіздігі байқалады. Сонымен қатар созылмалы аурулары бар пациенттерді қымбат дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету ауыл тұрғындары арасында қала тұрғындарымен салыстырғанда 2 есе аз. Бірқатар ауылда дәріхана пункттері жоқ», деді А.Ғиният.
Талдау көрсеткендей, ауылдық жерлерге 1 700-ден астам медицина қызметкері, соның ішінде 1 мыңнан астам дәрігер жетіспейді. 200-ден астам елді мекенде медициналық нысан жоқ, 400-ге жуық ауылда медициналық объекті жалға алынған, апаттық, бейімделген ғимараттарда орналасқан. Медициналық инфрақұрылымының жартысы тозған.
«Медициналық кадрларды ауылға тарту үшін түлектердің міндетті түрде 3 жылдық жұмыс істеу нормасы қабылданды. Келген әрбір дәрігерге 1 млн теңгеден 2 млн теңгеге дейін көтерме жәрдемақы бөлінеді. Ал кейбір әкімдіктер үш-бес млн-ға дейін (Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарында) жәрдемақы бөледі. Әлі де ауылға баратын дәрігерлердің әлеуметтік қолдауын күшейту қажет.
Жыл сайын клиникалық бейіндегі 1 500 медициналық кадрды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысы – грант бөлінеді. Түлектерді бөлу жүзеге асырылады. Бүгінде ауылдық жерлерде 67 мыңнан астам медицина қызметкері, оның ішінде 13 мың дәрігер және 54 мың орта медицина қызметкері жұмыс істейді», деді министр.
Ведомство басшысы келтірген деректерге сүйенсек, ауылды дәрігермен қамтамасыз ету көрсеткіші Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінен екі есеге аз. Сонымен қатар ауылда резиденттер міндетті практикадан өту үшін «Резиденттер ауылға» пилоттық жобасы пысықталып жатқан көрінеді.
«Мемлекет басшысы үш жылдың ішінде резидентураға берілетін гранттар санының жыл сайын 70 пайызға ұлғаюын қамтамасыз етуді тапсырды. Биыл практикалық денсаулық сақтау қажеттіліктеріне сәйкес өңірлерге 2 981 жас маман, оның ішінде ауылға – 797 адам бөлінді. Осылайша, тапшылықты жабу 61 пайызды құрады. Министрлік әкімдіктермен бірлесіп тұрақты негізде мамандардың келу мониторингін жүзеге асырады. Ал жергілікті органдар келген жас мамандарды тұрақтандыруға жұмыстануы қажет», деді А.Ғиният.
Шалғай ауылдардың тұрғындарын медициналық қызметпен қамтамасыз ету үшін көлік медицинасы жолға қойылған. Мұндай көмек көрсететін 149 жылжымалы медициналық кешен жұмыс істейді.
«Биыл еліміздің 10 өңірінде 64 мың тұрғынға медициналық көмек көрсеткен «Жәрдем» және «Саламатты Қазақстан» медициналық пойыздарының жұмысы қайта жанданды. Медициналық авиацияда ауыл тұрғындарын тасымалдайтын және шұғыл көмек көрсететін 33 әуе кемесі бар. Ауылда жедел медициналық көмек көрсететін 595 бригада жұмыс істейді. Олар 1,5 млн шақыртуға бара алады», деді министр.
Сондай-ақ медициналық көмектің сапасын жақсарту үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдаған озық тәжірибе енгізіліп жатыр. Сонымен қатар емханаларда жұмыс істейтін мейіргерлердің функциялары кеңейтілді.
«Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының аудандық емханасы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық аймағына мүше 53 мемлекет үшін медициналық-санитарлық алғашқы көмек бойынша демонстрациялық алаң болып танылғанын атап өткім келеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өзінің Еуропалық аймағының үш елінде Қазақстан, Испания және Швецияда демонстрациялық алаңдар ашты», деді ведомство басшысы.
Коронавирусқа қатысты шектеулерге байланысты мамандандырылған медициналық көмек көрсету азайған. Соған байланысты, ауруларды ерте анықтау және уақтылы емдеу үшін ауқымды профилактикалық қарап-тексерулер енгізіліп жатыр. Жыныстық жас құрамын, халықтың денсаулығын талдауды ескере отырып, нысаналы топ пен ауыл тұрғындарын скринингтеу қызметтерінің тізбесі кеңейтілген.
«15 қыркүйектен бастап Қарағанды облысы Абай ауданының, Ақмола облысы Аршалы ауданының және Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының аудандық орталық ауруханаларында пилоттық жоба жүргізіліп жатыр. 20 қазаннан бастап ауылдарда профилактикалық қарап-тексерулер бүкіл ел аумағын қамтиды. Профилактикалық қарап-тексерулер жүрек-қан-тамыр жүйесі ауруларының, қант диабетінің, асқазан мен бүйректің созылмалы ауруларының ерте кезеңдерін анықтауға бағытталған.
Асқазан-ішек жолдарының ауруларын, 18 жастан 70 жасқа дейінгі және одан жоғары жастағы адамдарға арналған несеп бөлу жүйесін, 50 және одан жоғары жастағы адамдарға арналған тыныс алу ағзаларының ауруларын және қуықасты безінің обырын ерте анықтау қызметтері кеңейтілді», деді А.Ғиният.
Ауылдардағы денсаулық сақтау саласын цифрландыру бойынша бірқатар шара қабылданған. Денсаулық сақтау объектілерінің 87,2 пайызы интернетке қосылған, жұмыс орындарының 98,5 пайызы компьютермен жабдықталған. 98,2 пайызында медициналық ұйымдар госпитальдық ақпараттық жүйелерді енгізген. Денсаулық сақтау министрлігі медициналық қызметтерді қашықтан көрсету форматына ауыстыруды жоспарлап отыр.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы екі міндетті қамтиды. Біріншісі – бүкіл ауылдық елді мекендерді медициналық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету.
«Бұл ауылдағы медициналық қызметтердің, оның ішінде профилактикалық қарап-тексерулердің, скринингтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға жол ашады. Сондай-ақ ауруларды ерте анықтауға және пациентке қашықтықтан көрсетілетін қызметтерге, созылмалы науқастарды сауықтыруға, қалпына келтіруге және медициналық оңалтуға, оның ішінде үйде қарап-тексеруге бағдарланған жаңа тәсілдерді енгізуге мүмкіндік береді.
Екіншісі – заманауи медициналық жабдықтармен жабдықталған негізгі 5 орталықты қосымша орналастыра отырып, заманауи көпбейінді ауданаралық орталық ауруханалар желісін ұйымдастыру. Бұл ауыл тұрғындарына дер кезінде шұғыл және мамандандырылған медициналық көмек көрсетуді жоғарылатуға мүмкіндік береді», деді А.Ғиният.
Жиын барысында Мәжіліс депутаттарының сауалдарына құзырлы орган өкілдері де жауап берді. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау және ауыл тұрғындарының өзекті мәселелерін шешу бойынша біраз тақырып қозғалды. Ол – жұмыссыз азаматтарға медициналық қолдау көрсету, білікті медициналық кадрларды тарту, жаңа ауруханалар мен фельдшерлік пункттер салу, жедел медициналық көмек көрсету, ауыл ауруханаларын интернетпен қамтамасыз ету.
Үкімет сағатына бейнеконференция форматында Денсаулық сақтау комитеттерінің, медициналық ұйымдардың басшылары, өңір әкімдері мен денсаулық сақтау басқармаларының өкілдері де қатысты.
Парламент ғимаратының алдындағы алаңда көлік медицинасы құралдарының, санитарлық автокөліктердің, жылжымалы дәріхана бекеттерінің көрмесі өтті. Ал мәжіліс залында үш ауданаралық аурухана – Еңбекшіқазақ, Аягөз және Меркі Орталық көпсалалы ауруханаларының үздік тәжірибелері таныстырылды.