Қоғам • 11 Қазан, 2022

Ономастика ойландырады...

4332 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Еліміз тәуелсіздік алған соң елді мекендер мен көшелердің жаңа заман талабына сай келмейтін атауларын өзгерту ісі қолға алынып, бірталай іс тындырылды. Соның ішінде кеңес заманында коммунистік идеология ерекше екпінмен жүргізілген солтүстік өңірлерде де. Мәселен, Ақмола, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарының бірқатар ауда­ны мен қаласының комму­нис­тік атаулары ауыстырылды. Алайда көптеген елді мекеннің патшалық отарлау және кеңестік тың көтеру кезінде берілген ескі атауларының көбі әлі күнге сақталып қалып отыр.

Тәуелсіздігінің отыз жылдан астам тарихы бар еліміз үшін ономастиканың өзекті мәселелерінің толық шешілмеуі – ойландыратын да, опындыратын да жағдай. Себебі кейінгі кезде көршілес Ресейде қазақ жерінің теріскейіне көз алартушы саясаткерсымақтар бірінен соң бірі бас көтеріп, оқтын-оқтын ақпараттық шабуыл жасап, көпе-көрінеу арандаушылық әрекетке барып жатқаны мәлім. Солтүстік өңірлердегі елді мекендердің орысша атау­лары – олардың арам пиғылды саяси ойы­нын­дағы маңызды «көзір» екені анық.

Елді мекендердің ескі атауларының әлі түгел ауыстырылмауының, біздіңше, екі себебі бар. Біріншісі – жергілікті билік органдары мен зиялы қауымның немқұрайдылығы мен табансыздығы. Мысалы, СҚО-ның Қызылжар ауданындағы Чапаево ауылының тұрғындары кезінде осы елді мекен атауын Болашақ деп өзгерту үшін жиналыс өткізіп, көпшілік дауыспен келісім берген. Өкінішке қарай, тіпті Чапаевода тұрмайтын, «сенгенінен сүйенгені күшті» бір белгілі кәсіпкердің қарсылығына бола, бұрынғы облыс әкімі мен төртінші шақырылымдағы облыстық мәслихат депутаттары заңды не­гіз­де шешіліп тұрған мәселені кейінге қалдырған.

Ақмола облысының орталығы Көкшетау қаласының құрамдас бөлігі – Красный яр ауылы тұрғындарының көбі – қазақтар. Ал көкшетаулық зиялы қауым өкілдері ара-тұра: «Петропавл қаласының атауын қашан Қызылжар қыласыңдар?», деп көршілес солтүстікқазақстандық ағайындарды сынап-мінеп жүрсе де, өз іргелеріндегі Красный ярды Қызылжар етіп өзгертуді әлі ойға алмапты. Осы өңірдегі Щучинск, Степногорск, Степняк сынды шағын қалалар атаулары да мызғымай тұр.

Елді мекендер атауларының өзгертіл­меуінің екінші себебі – қолданыстағы заң­на­мадағы олқылықта. Өйткені бір кезде ономастика мәселелерін жергілікті әкім­діктер мен мәслихаттар елді мекендер тұрғындарының пікірін сұрамай-ақ, өздері бірлесіп шеше-тұғын. Мұның аяғы қазағы қалың өңірлерде қолында билігі бар лауазым иелері мен оларға ықпалын жүргізіп тұрған байлардың «атасының атына – ауыл, көкесінің атына – көше беруіне» әкеліп соққаны мәлім. Осыған орай, 2013 жылы «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» заңға өзгеріс енгізіліп, елді мекендер мен олардың құрамдас бөліктерінің атауларын ауыстыру үшін тиісті аумақ халқының пікірін сұрау міндеттелді. Алайда бұл өзгеріс солтүстік өңірлердегі орыстілді тұрғындар көбірек қоныстанған елді мекендердің күні өткен атауларын жаңартуда үлкен кедергі тудырып отыр. Шынтуайтында, мұндай елді мекендер атауларын өзгерту үшін тұрғындар жиналысын өткізіп, оларды өзара пікірсайысқа түсіріп, екіге жару этносаралық татулыққа сызат түсіретін теріс факторға айналды. Демек, ономастика саласындағы түйіндерді тарқату үшін аталған заңды қайтадан қарап, түзету қажет.

Біздіңше, кез келген елді мекен мен көше атауын өзгерту үшін тұрғындардың пікірін сұрау қажет емес. Мұндай мәселені жергілікті атқарушы және өкілетті органдар бұрынғыша бірлесіп шешкені жөн. Тек ертеректе жол берілген өрескелдіктерді болдырмау және қоғамдағы этносаралық татулықты сақтау мақсатында тиісті аумақ­тағы Қоғамдық кеңес пен Қазақстан халқы өңірлік ассамблеясының пікірлерін ескеруді заңдастырған дұрыс болар. Сондай-ақ халық сайлаған Мемлекет басшысына осы салада айрықша құқық берілсе, құба-құп. Ата Заңда жазылғанындай, Қазақстан – байырғы қазақ жерiнде құрылған, біртұтас мемлекет екенін ескере отырып, алдағы уақытта осындай қадамдарға бару керек деп білеміз.