Аймақтар • 11 Қазан, 2022

Тірек болар ауылға не кедергі?

389 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Көмірлі шаһарға қарасты бірнеше елді мекен тірек ауыл мәртебесін ала алмай отыр. Қаланың ауылдық аумақтарында тұратын халық саны кейбір аудандағылардан да көп. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасына ілікпеген соң тұрғындар жауапты министрліктерден көмек сұрап отыр.

Тірек болар ауылға не кедергі?

Өңірге жұмыс сапарымен келген Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровқа жергілікті жұрт базынасын айтты. Екібастұз қаласына қарасты Бәйет ауылындағы мәселелер ведомство басшысының назарына ілікті. Бүгінде ауылда 700 адам тұрады. Жергілікті мектеп, ауыл клубы мен көше жолдары тозып тұр. Оны жөндеу үшін қыруар қаражат қажет. Алайда мемлекеттік бағдарламаға ену үшін біраз қиындық туындап тұрған көрінеді. Бәйет қала маңында орналасқан ауыл саналады.

– Екібастұздың ауылдық аумақ­та­р­ында 17 мыңнан астам адам тұрады. Біз қала мәртебесіне ие болғандықтан, ауыл­дарымыз «Ауыл – ел бесігі» бағдар­ла­масына енбей отыр. Салдарынан өзге аудан­дардағы секілді жаңғырту жұмыс­тары бізде жоқ. 25 елді мекен ішінде біреуі тірек ауыл және тағы бірі спутниктік елді мекен саналады. Солнечный мен Шідерті кенттері аудан орталықтарындағыдай мәнге ие. Дей тұрғанмен бізде дамуы тірек ауылға сәйкес келетін ауылдар да бар, соларды қолдауды сұраймыз. Бүгінде жалпы құны 5 млрд теңгені құрайтын жобаларымыздың құжаты әзір тұр. Министрлік қолдап, қазынадан қаражат бөлінсе, ауыл тұрғындарының игілігі үшін көп жұмыс атқарылар еді, – деп өтінді қала басшысы Аян Бейсекин.

Ә.Қуантыров Бәйет ауылының тізімге ілігуге мүмкіндігі мол екенін жеткізді. Елді мекеннің болашағы зор, халқы көбейіп келе жатқаны байқалады. Өзге де ұсынылып отырған ауылдар қарас­тырылады. Қазақстан бойынша 3,5 мың тірек және серіктес ауылдар бар, ал бар­лық ауыл саны – 6,3 мың. Оның барлы­ғына көмектесу үшін қыруар қара­жат қажет. Сондықтан бөлінетін қаржы бар­лығына бірдей жететіндей тетіктер ойлас­тырылады.

Бәйетте министр ауылдық мектеп пен Мә­дениет үйіне бас сұқты. Онда жергі­лікті тұрғындармен кездесіп, мәселелерін тыңдады. Ақсақалдар білім ордасы мен ауыл ішіндегі жолдарды жөндеп беруді сұрады.

Бұдан соң министр Екібастұздағы құрылыс алаңына барды. Былтыр қаланың 2025 жылға дейінгі кешенді даму жоспары әзірленген. Жүзден астам жобаны қамтыған жоспарда қалалық инфрақұрылымды жаңарту, экологиялық және әлеуметтік мәселелер қамтылған. Кешенді іс-шараларды жүзеге асыру үшін 900 млрд теңге қажет екен, оның 90 па­йызы жеке меншік салымдардан құралмақ.

«Бастапқыда ипподром аумағында бір-екі қабатты үйлер құрылысын жүргізу жоспарланған еді. Ол жерде барлық инфрақұрылым тартылған, 400-ден астам жер телімі бар. Алайда біз бұл жобалардан тиімділік көріп отырған жоқпыз. Құрылыстардың құны қымбат, сон­дықтан ертең оны сатуда қиындық туын­дайтыны сөзсіз. Сондықтан бұл жерде көп­пәтерлі тұрғын үйлер салу үшін қала­ны кешенді дамыту бағдарламасына бірқа­тар өзгеріс енгізуді ұсынып отырмыз. Біздің қолымызда әрқайсысы бес қа­бат­ты 7 үйдің жобалық-сметалық құ­жат­тамалары бар, тағы 17 көпқабатты үй құ­рылысын жобалаудамыз», деді қала әкімі.

Екібастұз қаласында тұрғын үйлер құ­рылысы 2017-2020 жылдары қарқын­ды дамығанымен, соңғы уақытта рес­пуб­ликалық бюджеттен бөлінетін қара­жаттың аздығынан бәсеңдеп қалды. Бү­гінде шаһарда құрылысы жоспарланған 8 көпқабатты баспананың төртеуі то­лы­ғымен аяқталды. Таяу күндері бесінші үй қолданысқа беріледі. Қалған үш үйдің құрылысына республикалық бюджеттен қаржы қарастырылса, олар арендалық баспана ретінде тұрғындарға үлестіріледі. Кешенді жоспарда бұл бағыт қамтылған. Егер республикалық деңгейде қаржылай қолдау болмаса, қаржы ұйымдарынан қарыз алынып, кейін баспаналарды несие­лер желісі бойынша сатылымға шығаруға тура келеді.

Биылға белгіленген жоспарға сәйкес, 80 шараны жүзеге асыруға барлығы 190 млрд теңге қарастырылды. Оның 14 млрд теңгесі – республикалық бюджет. Жалпы сомасы 176 млрд теңгені құрайтын жеке инвестицияның қатарында МАЭС-1 стансасындағы №1 энергоблоктың жөндеуі, МАЭС-2 орталығындағы №3 энергоблоктың құрылысы, «Богатырь Көмір» кенішінде циклдық-ағындық желіні іске қосу сынды ірі жобалар бар. Ал келесі жылы кешенді жоспардағы 63 шараны іске асыруға барлығы 346 млрд теңге қарастырылды. Бұл ретте 25 млрд теңге мемлекеттік бюджеттен бөлінбек. Басым бөлігінің жобалық-сметалық құжаттамасы әзір.

Ал МАЭС-1 және МАЭС-2 станса­ла­рына қарасты су қоймаларындағы ба­лық шаруашылығын дамытуға қатысты бас­таманы қаланың кешенді жоспарынан мүлде алып тастау ұсынылды. Маман­дар шаруашылықтың мұндай түрі­нен дайындалған тамақ өнімі адам ден­сау­лығына кері әсерін тигізеді деп санайды.

Сондай-ақ ведомство басшысы қа­ла­дағы темір жол дөңгелектерін шығаратын «Проммашкомплект» ЖШС зауытын аралады. Биыл кәсіпорында 200 мыңға жуық бірлік өнім шығару жоспарлануда. Зауыт өнімнің 70 пайызын шетелге экспорттайды. Өндірісте 720-дан астам адам еңбек етеді. Министр өнеркәсіптік кәсіпорындар мемлекеттің дамуында маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Олардың саны өсуі керек, импортқа тәуелділікті айтарлықтай төмендету ел үшін өте маңызды. Бүгінде мұнда күніне 800 дөңгелек дайын күйінде шығады.

– Біз жүк вагондарының және метроға арналған вагондардың дөңгелектерін жасаймыз. Қазіргі ең басты мақсатымыз  – еуропалық нарыққа шығу. Осыдан екі апта бұрын өнімдерімізді Берлинде өткен халықаралық көрмеде таныстырдық, – деді кәсіпорынның бас директоры Иван Дычко.

Зауыт жұмысымен танысып шыққан министр жергілікті өндірістің отандық экономиканы әртараптандырудағы ма­ңызы жоғары екенін атап өтті.

Ә.Қуантыров сапарын Павлодар қаласында түйіндеді. Мұнда бірқатар нысандарды аралап, кәсіпкерлермен кездесті.

 

Павлодар облысы