Мұнда бірінші кезеңде 100 жаңа жұмыс орны ашылды. Алдағы уақытта жұмысшылар санын 500-ге дейін ұлғайту көзделген. Тартылған инвестиция көлемі 4 млрд теңгеден асады. Экспортқа бағытталған кәсіпорынның салтанатты ашылуына Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев, «Горное бюро» ЖШС компаниялар тобының директоры Абдраман Еділбаев, зауыт жұмысшылары мен текелілік тұрғындар қатысты. Текелі тұрғындарын кәсіпорынның ресми ашылуымен құттықтаған өңір басшысы жыл басынан бері облыс экономикасына 129 млрд теңге инвестиция тартылып, 15 жоба іске асырылғанын атап өтті. Солардың бірі – Текеліде ашылып отырған «Электромарганец» ЖШС. Бұл – металлургия саласындағы ғылыми жетістіктерді өндіріске енгізіп отырған айтулы нысан.
«Электромарганец» ЖШС-нің темірді тікелей қайта қалпына келтіретін зауыты Текелі қаласының ғана емес, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін береді деп ойлаймын. Өндірістің экологиялық жетістігі – ғылыми ізденістер мен заманауи технологияны қабыстырудың қандай табысқа жеткізетінінің айқын айғағы. Ел Президентінің алдымызға қойған басты міндеттерінің бірі де осы. Бұл алғашқы қарлығашы десек те болады. Кәсіпорынның болашағы зор, жоспары ауқымды. Алда жұмыс орнын бұдан әрі көбейтіп, кәсіпорынның қуатын арттыра түсу межеленіп отыр. Осыған орай жергілікті оқу орындарына технологтар даярлау, өңірдегі колледждерде салаға қажетті жаңа мамандықтар ашу мәселесінің де өзекті екенін айту керек. Сондықтан біз жаңа кәсіпорындарды заманауи, жоғары технологиялы құрал-жабдықтармен жұмыс істей алатын, бәсекеге қабілетті мамандармен қамтамасыз етуіміз керек», деді Б.Исабаев.
Өз кезегінде «Горное бюро» ЖШС компаниялар тобының директоры, техника ғылымдарының докторы Абдраман Еділбаев кәсіпорынның ерекшеліктеріне тоқталды. Оның айтуынша, кәсіпорындағы тәжірибелік-өнеркәсіптік қондырғылар әлемдік өнеркәсіптің жаңа талаптарына сай. Зауытта экологиялық таза өндіріске көшуге серпін беретін, темірді тікелей қалпына келтіретін технология енгізілген. Өндірісте отандық концентраттар, кен мен көмір қолданылады, ал өндірілген өнімге сұраныс жоғары. Қазір Еуропа, Қытай, Түркия, Ресей елдерімен келісім жүріп жатыр. Мұндай өнім әлемдік нарыққа тұңғыш рет шығарылмақ. Сондықтан нарықтағы өз орнын бекітіп, маркасын таныту аса қажет іс. Жаһандық бәсекелестіктегі ең маңыздысы – сапа, сондықтан, өндіріс барысында сапаға ерекше екпін түсіріледі.
«Алдағы уақытта қолданылып отырған технологиямызды одан әрі дамытуға, тұрақты жұмыс орындарын ұлғайта отырып, қуаттылығы жоғары тәжірибелік-өнеркәсіптік қондырғылардың қолданыс аясын кеңейтуге, осылайша Текелінің, жалпы отандық металлургияның елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қосуына атсалысуға ниеттіміз. Жалпы, әлемде домендік өндіріс технологиясын қолданатын шамамен 3 500 кәсіпорын және темірді тікелей қалпына келтіру технологиясын қолданатын 30-дай кәсіпорын бар екенін атап өткім келеді. Енді бұл технология, міне, біздің елімізде де енгізіліп отыр», деді А.Еділбаев.
Сол сияқты ол тікелей қалпына келтіру мен домендік өндіріс бір-бірімен жақсы үйлесетінін айтты. Бұл тұрақты іске қосылғаннан кейін Текелі тау-кен өңдеу кешенімен өзара бірлесіп жұмыс істеуге, сондай-ақ оны шикізатпен қамтамасыз ету жағынан жақсы мүмкіндіктерге жол ашпақ.
Кадр даярлау мәселесіне келсек, кәсіпорын басшылығы Ресейдің Иркутск облысындағы осындай кәсіпорынның мамандарын тарта отырып, бірнеше ай бойы зауыт қызметкерлерін оқытқан, техминимум, өндірістегі қауіпсіздік бойынша, жаңа технологияны қолдану негіздері мен мүмкіндіктері жөнінде дәрістер ұйымдастырған.
Зауыттың салтанатты ашылуында іске қосудың символдық нүктесі басылып, келушілер зауыттың ішкі жұмысымен танысты.
Атап өтсек, моноқалада құрылыс материалдары (құрылысқа арналған құрғақ қоспалар, жиектас, бетон бұйымдар), ашытқы, таурит, сүт өнімдері және басқа да тауарлар өндіріледі.
Жетісу облысы,
Текелі қаласы