Спорт • 12 Қазан, 2022

Әлем чемпионы атанды

624 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Өткен аптада Болгарияның Плов­див қаласында күрес түрле­рінен ардагерлер арасындағы әлем чемпионаты аяқталды. Атал­ған дүбірлі додада Қазақстан құра­масының балуандары да өнер көрсетіп, бозкілемде бас жүл­де үшін белдесті.

Әлем чемпионы атанды

Кезінде күрес түрлерімен кә­сіби түрде айналысып, талай до­дада томағасы сыпырылған ардагер балуандардың тартысты күресі спорт кешеніне жи­нал­ған жанкүйерлердің көңі­лінен шықты деуге болады. Өйт­кені бозкілеммен қош­тас­са да, бұрынғы балуандар әлі де бабында екен.

Қара теңіз жағалауында өткен қара күш иелерінің белдесуінде қазақ­стандық балуандардың бір­қа­тары тұғыр биігінен кө­рінді. Атап айтар болсақ, грек-рим күресінен Қазақстан чем­пио­натының бірнеше дүркін жүл­дегері, халықаралық турнирлерде табысты өнер көрсеткен шымкенттік балуан Жолдыбай Тоқ­баев әлем чемпионатында алтыннан алқа тағып, Болгарияда Ән­ұранымызды шырқатты. 62 кило салмақта белдескен отандасымыз ер жігітке тән жі­гер көр­сетіп, чем­пио­­наттағы көз­деген мақ­сатына жетті.

«Биылғы әлем чемпионатына тыңғылықты дайындалып, нағыз спорттық бабымда бардым. Біріншілікке дейін «осы балуанмен белдесіп қалам-ау» деп әр қарсыласыма жеке-жеке тактика құрып, дайындалдым. Міне, тынымсыз еңбектің арқасында осындай жеңіске жетіп отырмын. Финалда ардагерлер арасындағы былтырғы әлем чемпионатының жеңімпазы мысырлық балуанды бір ұпай айырмашылығымен тізе бүктіріп, алтын жүлдеге қол жеткіздім», дейді Ж.Тоқбаев.