Құжаттар жөнінде Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Екатерина Смышляева баяндама жасады. Оның айтуынша, заң жобалары Мемлекет басшысының цифрлық майнингті құқықтық реттеу мәселелері жөніндегі тапсырмаларын орындау үшін әзірленді.
Депутаттың сөзіне сүйенсек, құжаттың басты мақсаты – цифрлық активтерді өндіру мен айналымға шығару саласы үшін заңнамалық негіз құру. Осыған байланысты бірнеше мәселе қарастырылған. Бірінші энергетика саласына қатысты. Осы бағытта электр энергиясын тұтынуды реттеудің құқықтық тетіктері енгізілмек. Сондай-ақ заң жобалары кен орындарына және жаңартылатын энергия көздеріне қосымша инвестиция тартуға мүмкіндік береді.
«Майнерлер Қазақстан экономикасының толыққанды қатысушыларына айналып келеді. Бұған дейін майнинг қызметін негізінен бұлтты қызметтерде резиденттер жүзеге асырып келді. Қазақстан блокчейн индустриясының шикізат беретін қосалқысы ретінде пайдаланылды. Заң жобалары арқылы біз майнерлерді Қазақстанда лицензия алуға, яғни заңды тұлғалар құруға және салық салудың толыққанды субъектілері болуға міндеттейміз», деді Е.Смышляева.
Депутаттың айтуынша, майнинг-пулдар да экономиканың бір бөлігіне айналды. Сондықтан құжат өзара байланысты қамтамасыз етпек. Майнерлер мен майнинг-пулдардың қызметін Цифрландыру министрлігі реттейді және лицензиялайды.
«Криптовалютаны жүзеге асыру кезеңі Қазақстанның қаржы жүйесі үшін тәуекелсіз, Халықаралық қаржы орталығының юрисдикциясы аясында жүзеге асырылады деп болжанған. Айта кету керек, Қазақстанда криптовалюта төлем құралы емес. Елімізде оның айналымына тыйым салынған. Сонымен, құрылып жатқан экожүйеде жаңа қаржы институты – қазақстандық крипто-биржалар дамып келеді. Олардың қызметі кеншілерге 2024 жылдан бастап өз капиталының 75 пайызына дейін отандық крипто биржаларында айырбастауға міндетті талап енгізу арқылы қолдау көрсетіледі.
Салық салу мәселесіне тоқталсақ. Әр киловаттқа берілетін цифрлы майнинг төлемі мен жабдықтарды қосылған құн салығына қосымша, майнерлерге корпоративтік табыс салығынан, майнинг пул табысына салықтан, крипто биржадағы операциялардан республикалық бюджетке кіріс кіргізу жоспарланған», деді Е.Смышляева.
Тіркелмеген цифрлық активтер айналымын, оның ішінде оларды шығару мен айырбастауды реттеудің ерекше тәртібін енгізу, сондай-ақ криптовалюта айырбастау кезеңінде майнинг компанияларының халықаралық қаржы орталығымен өзара іс-қимыл тәртібін айқындау ұсынылады. Бұдан басқа, заң жобасында тіркелген (қамтамасыз етілген) цифрлық активтердің түрлері бекітіледі және олардың айналымының тәртібі айқындалады, ол бұған дейін Қазақстан заңнамасында жазылмаған еді.
Мұндағы басты жаңалықтардың бірі – осы уақытқа дейін салық алаңынан тыс болған майнерлерге салық салу. Криптоиндустрияға салық салу жүйесі бірнеше кезеңнен тұрады: жабдықты әкелу кезіндегі ҚҚС, лицензия үшін төлем, киловаттқа цифрлық майнинг ақысы, алынған сыйақыдан корпоративтік табыс салығы, майнинг-пулдағы корпоративтік табыс салығы, криптовалюталардағы айырбастау ақысы.
Жаңа заң жобасы Салық және Әкімшілік кодекстерді, «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» және «Ақпараттандыру туралы» заңдарды, сондай-ақ «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» Конституциялық Заңды да қозғайды. Мәжілістегі талқылау нәтижесінде «Қазақстан Республикасының цифрлық активтері туралы» заң жобасын 99 депутаттың 90-ы мақұлады, 4 депутат қалыс қалды.
Сонымен қатар жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Швейцария Федералдық Кеңесі арасындағы дипломатиялық өкілдіктер, халықаралық ұйымдар жанындағы тұрақты өкілдіктер және консулдық мекемелер қызметкерлерінің отбасы мүшелерінің ақылы еңбек қызметі туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды.
«Заң жобасының мақсаты – осы келісімнің күшіне енуі үшін мемлекетішілік рәсімдерді жүргізу. Бұл құжатты ратификациялау Қазақстанға және Швейцарияға өз дипломатиялық өкілдіктеріндегі, халықаралық ұйымдар жанындағы тұрақты өкілдіктеріндегі, сондай-ақ консулдық мекемелеріндегі қызметкерлерінің отбасы мүшелеріне екі мемлекет аумағында ақылы еңбек қызметін жүзеге асыруына қатысты мәселелерді өзара негізде шешуге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта Швейцария Қазақстанның Еуропадағы негізгі саяси, сауда-экономикалық серіктестерінің бірі», деді Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко.
Осы орайда ол келісімді ратификациялау елдер арасындағы достық қарым-қатынастарды одан әрі дамытуға оң әсерін тигізетінін айтты. Құжат аясында өз елдерінің дипломатиялық қызметінде жұмыс істеу үшін шетелге жолданатын Қазақстан мен Швейцарияның дипломатиялық қызметтері персоналының отбасы мүшелеріне қолайлы жағдай жасалмақ.
«Шарт Қазақстанның заңнамасына, еліміз ратификациялаған халықаралық шарттарға, мемлекетіміз мүше болып саналатын халықаралық ұйымдардың шешімдеріне қайшы келмейді», деді Р.Василенко.
Бұдан бөлек, «Геодезия, картография және кеңістіктік деректер туралы» заң жобасы мен оның ілеспе құжаты екінші оқылымда қаралды. Мәжіліс депутаты Құдайберген Ержан-
ның сөзіне сүйенсек, құжаттың міндеті – Қазақстан Республикасын дәлдігі жоғары геодезиялық координаттар жүйесімен қамтамасыз ету және оның аясында елдің бірыңғай цифрлық картографиялық негізін жасау. Құжатта геодезия және картография саласын жетілдіруге бағытталған нормалар ескерілген. Осы орайда көрсетілетін қызметтердің жеделдігі мен сапасын арттыруға арналған нормалар қамтылып отыр.
Заң жобасын талқылау кезінде депутаттар бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізді. Атап айтқанда, ұғымдық аппаратты жаңа анықтамалармен толықтыруға, уәкілетті органның құзыретін нақтылауға, геодезиялық пункттердің сақталуын қамтамасыз етуге, геодезиялық және картографиялық қызмет субъектілері мен Ұлттық кеңістіктік деректер қоры арасындағы жауапкершіліктің аражігін ажыратуға бағытталған түзетулер енгізілді. Геодезиялық және картографиялық қызметті жүзеге асыру қағидаттары, мемлекеттік бақылауды жүргізу тәртібі нақтыланды. Заң жобасының жекелеген нормаларын қолданысқа енгізу мерзімдері белгіленді.
Сонымен қатар Мәжіліс бірқатар заң жобасын жұмысқа алды. Депутаттар «Рақымшылық жасау туралы» құжатты талқыламақ. Заң жобасы Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмасын орындау мақсатында әзірленді.
«Заң жобасының мақсаты – Қазақстан аумағында 2022 жылғы 4-7 қаңтар аралығында жаппай тәртіпсіздіктерге байланысты қылмыстық құқықбұзушылықтар жасағандарды қылмыстық жауаптылықтан босату немесе сот тағайындаған жазаның мерзімін қысқарту. Құжат азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне елеулі қатер төндірмейтін қылмыстар жасаған адамдарға мемлекет пен қоғам жағынан мейірімділік және ізгілік актісі болып отыр», деді Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық комитетінің төрағасы Арман Қожахметов.
Сондай-ақ «Агломерацияларды дамыту туралы» заң жобасы мен оған ілеспе түзетулер жөнінде Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Альберт Рау баяндама жасады. Оның айтуынша, заң жобалары елді мекендерді белгілі бір критерийлер бойынша агломерацияға жатқызуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Үкіметтің, уәкілетті орган мен жергілікті атқарушы органдардың осы саланы реттеудегі жауапкершілігін нақтылайды. Мәжіліс ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен арнаулы мемлекеттік органдардағы қызмет мәселелері туралы заң жобаларын жұмысқа алды.
Жиын соңында депутаттар тиісті мемлекеттік мекемелер басшыларына депутаттық сауалдарын жолдады.