Биыл бесінші рет ұйымдастырылған Азия біріншілігіне Қазақстанның екі ұжымы – «Алатау Арулары» және «Достық», Өзбекстанның «Узбечка», Иранның «Фулад Мобараке», Үндістанның «Т.Спортс», Кувейттің «Әл-Курайн» және Кореяның «Шугар Глидерс» командалары қатысты. Әу баста бұл додада Ирақтың «Занко» және елорданың «Нұр-Сұлтан» клубтары да өнер көрсетуі тиіс еді. Алайда екі ұжым да түрлі себеппен Азия чемпионатына қатысудан бас тартты.
Сөйтіп, жеті команда бір топта бақ сынап, бір-бірімен айналмалы жүйе бойынша бас жүлдені сарапқа салды. Жарыс қорытындысы бойынша алты матчтың барлығында қарсыластарынан басым түскен Кореяның «Шугар Глидерс» клубы 12 ұпаймен Азия чемпионы атанды. Екінші орынды жарыс барысында тек кореялық клубқа ғана есе жіберген Алматының «Достығы» (10 ұпай) иеленсе, үшінші орынға тағы бір Қазақстанның командасы – «Алатау Арулары» (8) табан тіреді. Олар – «Достық» пен «Шугар Глидерстен» жеңіліп қалды. Кейінгі орындарға «Узбечка», «Фулад Мобараке», «Әл-Курайн» және «Т.Спортс» клубтары жайғасты.
Гандболдан әйелдер арасындағы командалық Азия чемпионаты осымен төртінші мәрте Қазақстанда өткізілді. Өз жерімізде ұйымдастырылған үш біріншіліктің екеуінде «Қайсар» командасы жеңіске жеткен болса, кейінгі жылы «Алматы» клубы бас бәйгеге ие болған еді. Ал 2017 жылы Өзбекстанда өткен Сары құрлық бәсекесінде жергілікті АГМК командасының мерейі үстем болды. Жыл сайын жарысты қабылдаушы елдің командалары топ жаратын Азия чемпионатында биыл игі «дәстүр» бұзылып, тұңғыш рет шеттен келген елдің клубы оза шапты.
Әр екі жыл сайын өткізіліп келген Азия чемпионаты жоспар бойынша 2020 жылы ұйымдастырылуы тиіс еді. Алайда жарыс пандемияға байланысты бір жылға кейін шегеріліп, 2021 жылы да жағдай онша тұрақталмаған соң тағы да бір жылға қалдырылған болатын. Сөйтіп биыл араға үш жыл салып чемпионат қайта жалғасын тапты.