Спорт • 13 Қазан, 2022

Черногорияны да жеңдік

189 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы 2024 жылы өтетін әлем чемпионатының негізгі іріктеу кезеңіндегі екінші ойынында да жеңіске жетті. Бесінші топта өнер көрсетіп жатқан жерлестеріміз сырт алаңда Черногория құрамасын ірі есеппен тізе бүктірді.

Черногорияны да жеңдік

Іріктеу кезеңнің алғашқы тур ойынын елордада өткізіп, Словения құрамасын сенімді түрде жеңген (2:0) Рикардо Кака жаттықтыратын ұлттық құра­ма жігіттері Черногорияда аралас құраммен ойнаса да, жанкүйерлерді жерге қаратқан жоқ. Сырт алаңдағы матчқа жарақаттарына байланысты негізгі құрамның бір емес, төрт бірдей ойыншысы қатыса алмады. Атап айтар болсақ, биыл Нидерландта өткен Еу­ропа чемпионатының үздік сұр­мергені Біржан Оразов (7 гол), Словениямен болған ойын­да гол соққан Дуглас және сол матчта паркетке шыққан тәжі­рибелі футзалшыларымыз Шың­ғыс Есенаманов пен 2021 жылғы Қазақстанның үздік ойыншысы Дәурен Тұрсағұлов ұлттық құрамаға көмектесе алмады.

Есесіне, бұл матчта бірқатар қазақстандық жас футболшылар өздерін көрсетуге мүмкіндік алды. Әдетте маңызды ойындарда жастарды алаңға шы­ғара бермейтін Рикардо Кака Подгорицадағы кездесуде қо­салқы қақпашы Нұрәлем Байдулладан басқа барлық ойыншыны паркетке шығарды. Онысы түсінікті. Себебі Кака Дуглас, Тайнан секілді жасы келіп қалған құрамадағы ардагер футзалшылардың орнын басады-ау деген ізбасарлардың қарым-қабілетін қазірден-ақ тексеріп жатыр. Өйткені алдағы екі-үш жылда Қазақстан құрамасын буын алмасу процесі жүретіні белгілі. Дугластар қашанға дейін доп тебе береді дейсіз?!

Бәлкім, екі жылдан кейін жалауы желбірейтін әлемдік додада негізгі құрамнан кеше паркетке шыққан Райымбек Жұма, Ақжол Дәрібай, Серік Мәжитов секілді жас өрендерімізді көріп қалармыз. Дегенмен, жас жігіт­тер Черногорияға қарсы ойында гол соға алмаса да, жаман ойын көрсетті деп айта алмаймыз. Бас­тысы – қателік жасамай, жат­тықтырушының тапсырмасын толық орындап шықты.

Қазақстан мен Черногория футзалшылары бұған дейін бірде-бір рет өзара ойын өткіз­беген соң, екі құрама да алғашқы тайм­да «сырын білмейтін аттың сыртынан жүрме» дегендей, өте сақ­тықпен ойнады. Кездесудің 11-минутында Лео есеп ашып, Қазақстан құрамасын алға шы­ғарғаннан кейін ғана ойын жандана бастады. Көбіне қарсы ша­буылға иек артқан алаң иелері арада алты минут өткенде таразы басын теңестірді. Гол авторы – Филип Маркович. Бірінші кезеңнің аяқталуына бір минут қалғанда Эдсон дәлдік танытып, таблодағы көрсеткішті 1:2-ге жеткізді. Бір қызығы, алғашқы таймдағы үш голдың үшеуі де ойын жағдайында емес, стандарттан соғылды.

Үзіліс уақытында Какадан керекті ақыл-кеңесті тыңдап шыққан жерлестеріміздің екінші таймдағы ойыны түрленіп шыға келді. Бірінші таймда гол соғатын бірнеше мүмкіндігін пайдалана алмаған Альберт Ақбалықов, Тайнан екінші 20 минутта өз еншілеріне бір-бір голдан жазды. Сондай-ақ Арнольд Кнауб та бір мәрте мергендігімен көзге түсті. Қорытынды есеп – 1:5.

Қатарынан екі матчта ірі есеппен жеңілген Черногория (олар алғашқы турда Словениядан 3:1 есебімен ұтылған) іріктеу кезеңнің келесі сатысына шы­ғу­дан түбегейлі үмітін үзді. Себебі Элиталы раундқа тек топ көшбасшысы ғана шығады. Ал­ғашқы екі турда ұпайдан шашау шығармаған Қазақстан құрамасы 6 ұпаймен бірінші орынға мықтап жайғасып алды. Екінші орындағы Словенияда әлі үміт бар. Олардың еншісінде үш ұпай бар.

Енді Қазақстан құрамасы келесі тур ойынын 9 қараша­да Алматыда дәл осы Черного­риямен өткізеді. Егер жерлес­теріміз бұл ойында да жеңіске жетіп, соңғы турда Словениямен тең түссе де іріктеудің элиталы кезеңіне жолдама алады. Соңғы тур матчы 2023 жылдың 8 нау­рызына жоспарланған.