Абай ауданы 34 елді мекеннен құралған, 300 мыңнан астам халық тұрады. Ауданға қарасты Қызылжар тұрғын алабында 2021 жылы бюджет есебінен 154 млн теңгеге ауыз су тарту жұмыстары жүргізіліп, ел игілігіне пайдалануға берілді. Биыл «Оңтүстік ЖарықТранзит» АҚ тарапынан электр желілері жаңартылып жатыр. Құрылысты аяқтау мерзімі осы жылдың төртінші тоқсаны деп жоспарланып отыр. Тұрғын алабы жүз пайыз табиғи газбен қамтылған. Сонымен бірге биыл жыл соңына дейін базалық стансаның құрылысы аяқталады. Соның нәтижесінде, тұрғындар сапалы интернетке қол жеткізетін болады.
Ал Алтынтөбе тұрғын алабында биыл Ізтілеу көшесі толықтай жарықтандырылды. Бүгінгі таңда Ақниет шағын ауданы ауыз су, электр жарығы, табиғи газбен жүз пайызға қамтамасыз етілген. Енді жыл аяқталғанша талшықты-оптикалық интернет желісін тарту ғана қалып тұр. Қызылжар мен Жайлау шағын аудандарында да коммуналдық мәселелер толық шешімін тапқан. Ал Ынтымақ-2 шағын ауданын табиғи газбен қамту үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, құрылыс жұмыстары 2022-2023 жылдары аралығында атқарылады. Құрсайға келетін болсақ, мұнда мердігер компаниялар тарапынан ауыз су, электр жарығы, табиғи газ бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, құрылыс жұмыстары келер жылы қолға алынады. Мәселен, аталған шағын ауданда халықты ауыз сумен қамту – 66 пайызға, электр жарығы мен табиғи газбен қамту 83 пайызға орындалған. Ақжар тұрғын алабында тұрғындардың 71 пайызы «көгілдір отын» тұтынса, бүгінде қалған үйлерге табиғи газ тарту бойынша жұмыс қолға алынып, жылдың соңына қарай бітеді деп күтілуде. Сондай-ақ биыл Самал-1 шағын ауданының 1,8 шақырымды құрайтын көшесіне аяқжол салынды. Бүгінгі таңда Нұршуақ шағын ауданын табиғи газбен қамту мақсатында мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жобасының құны 2,7 млрд теңгені құрайды. Жоспар бойынша газдандыру жұмыстары келер жылы аяқталады. Сонымен қатар Отау, Миялы, Сақиналы, Бәйге, Сырымбет, Жарқұдық, Ханшайым, Қайранкөл, Қарақұм, Руханият, Ханжайлау және атауы жоқ 6 көшеге биыл шағал тас төселіп жатыр.
Шымкент қаласының әкімі М.Әйтеновтің әр тоқсан сайынғы тұрғындармен есепті кездесуі Әл-Фараби ауданында жалғасты. Онда шаһар басшысы мегаполистегі соңғы 9 айда атқарылған жұмыстарды қорытындылап, баяндама жасады.
200 мыңнан астам халық қоныстанған Әл-Фараби ауданына 2 елді мекен, 13 шағын аудан қарайды. Биыл аумақты толық электр энергиясымен қамту жоспарда тұр. Қазіргі таңда Сәуле шағын ауданы 276 орамдағы 350 абонентті сапалы электр қуатына қосу жұмыстары жалғасып, аяқталуға жақын қалды. Текесу тұрғын алабындағы құбырларды жаңарту жұмыстары аяқталып, 140 абонент таза ауыз суға қосылса, бұл көрсеткіш бойынша аудан биыл жүз пайыздық деңгейге жетеді. Жылдан-жылға аймақтың табысы да артып келеді. Мәселен, осыдан бес жыл бұрын аудан бюджеті 1,3 млрд теңге болса, қазіргі таңда бюджет қаражаты 32,5 млрд теңгеге дейін өскен. Есесіне коммуналдық-инфрақұрылымдық жұмыстарға бөлінетін қаржы көлемі еселене түсті. Айталық, ауыз суға бес жыл алдын 70 млн теңге қарастырылса, бүгінде қазынадан бөлінген қаражат 150 млн теңгеден асып жығылды. Сол секілді жол саласының бюджеттік шығыны 2017 жылы 260 млн теңге болса, қазіргі таңда 14 млрд теңгені құрап отыр. Яғни жолға бағытталған қаржы 50 есе артқан.
Айта кеткен жөн, кездесуге 300-ден астам адам, басқарма басшылары, қоғамдық кеңес мүшелері, мәслихат депутаттары мен БАҚ өкілдері жиналды. Өз кезегінде әкім есебі Шымкент қаласы әкімдігінің инстаграмдағы ресми парақшасында тікелей эфирден көрсетілді. Жалпы, Мұрат Дүйсенбекұлы жыл басынан бастап мегаполистегі елді мекендерді аралау барысында 125 кездесу өткізіпті. Сонда көтерілген 1 020 мәселенің әрбірі жеке хаттамаға енгізіліп, орындалуы жіті бақылауға алынды. Соның нәтижесінде, бүгінге дейін 500-ге жуық мәселе өзінің оң шешімін тауып, 377-сі жыл соңына дейін орындалады. Ал 195 проблеманың түйінін тарқату 2023-2025 жылдардың жоспарына енгізілді. Сонымен бірге соңғы 9 айда қала басшысы 12 рет жеке қабылдау өткізіп, 1 200-ден астам азаматтың өтініш-талаптары тыңдалды. 2 341 мәселенің 760-сы нақты шешімін тапса, 1 476-сы орындалып жатыр. Қалғандары заң талаптарына сәйкес шешілмек.
Әл-Фараби ауданының әкімі Р.Мыңбаев 2 елді мекен, 13 шағын аудан бойынша атқарылған жұмыстар мен халыққа қажетті инфрақұрылым жүйелерінің тартылуы, баспанамен қамту, арнайы спорт және балалар алаңшаларының салынуы жөнінде нақты цифрларды келтіріп, баяндама жасады. Кездесу соңында сұрақ-жауаптар қойылып, қала әкімі тарапынан денсаулық сақтау, жұмыспен қамту, инфрақұрылым, балалар ойын алаңшалары, қоқыс, заңсыз ғимарат салу мәселелері төңірегіндегі 30-дан астам сауалға жауап берілді.
Енді Шымкент қаласының жалпы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне келсек, инженерлік инфрақұрылым бойынша биыл ауыз сумен қамту деңгейі – 99 пайызға, кәріз жүйесі – 60 пайызға, электр қуаты – 99 пайызға, табиғи газ 94,7 пайызға жеткізілді. Электр энергиясы мен ауыз су келесі жылы жүз пайыздық межені бағындырса, табиғи газбен қаланы толық қамту 2025 жылға қарай жоспарланып отыр. Сондай-ақ алдағы үш жылда мегаполистегі кәріз жүйесімен қамтылу көрсеткіші 75 пайызды құрамақ. Қала көшелерін жарықтандыру көрсеткіші өткен жылы 43 пайыздан асса, биыл 57 пайызға дейін артады. 1 758 шақырымды құрайтын әлеуметтік маңызы бар 747 көшенің 324-і жарықтандырылды. Бүгінгі таңда мемлекет-жекешелік әріптестігі аясында 102 көшеге жарық тартылып жатыр. 2025 жылға қарай бұл межені 75 пайызға жеткізу жоспарда тұр. Сонымен бірге мегаполисте автобустар паркі 95 пайызға жаңартылды. Қоғамдық көліктерге карталық төлем жүйесі енгізілді. Осыдан төрт жыл бұрын жол құрылысы мен жөндеу жұмыстары 98 шақырымда жүргізілсе, қазір ол 351 шақырымға өсті. 2 жолайрық құрылысы салынып жатыр. Сапалы жолдардың үлесі биыл 67,4 пайыз болса, 2025 жылға қарай 79 пайызды құрамақ. Сондай-ақ алдағы үш жылда шаһарда жолайрықтар саны үшеуге жетіп, 2 транзиттік айналма жол салынады және А-2 автомобиль жолы мен Д.Қонаев даңғылының құрылыс кезеңдері жалғасын табады.
Қоғамдық қауіпсіздікті сақтау мақсатында орнатылған бейнебақылау камераларының жұмысының нәтижесінде қылмыс саны 15,3 пайызға төмендеген. Биыл қалада 33 мектеп пайдалануға берілді. Бұл білім ошақтарында 13 мыңнан астам бала оқиды. Мектеп құрылыстарының нәтижесінде үш ауысымды білім ұяларының саны 9-дан 4-ке, ыңғайластырылған мектептер 4-тен 3-ке азайды. Қалада 44 емхана, 4 көпсалалы аурухана бар. Емдеу мекемелерінде 22 компьютерлік томография мен 14 магниттік резонанс томографиясы орнатылған. Емхана, ауруханалардың материалдық-техникалық базасын жаңарту соңғы үш жылда 77,1 пайыздан 79,2 пайызға ұлғайды. Жалпы, бүгінгі таңда мемлекеттік медициналық ұйымдар компьютерлік техникамен толық қамтылған. Алдағы уақытта мегаполисте 6 емхана салынады. Оның үшеуі Абай ауданынан бой көтереді. Сонымен бірге сәулелі терапия орталығы ашылады. 800 орынды университеттік клиника құрылысы қолға алынып, 200 орынды перинаталдық орталық салынады.
2017 жылы Шымкенттің бюджеттік табысы 133 млрд теңгені құраған еді. Бүгінде республиканың үшінші мегаполисінің қазынасы 583,5 млрд теңгеге жетіп отыр. Яғни бюджет қаражаты 4 есе өскен. Өз кезегінде қазына қаражатының 47 пайызы әлеуметтік салаға, 21 пайызы даму жобасына бағытталған. Сондай-ақ өткен жылы Халық қатысатын бюджет бағдарламасы аясында 1,2 млрд теңгеге 55 жоба іске асырылса, биыл 3,9 млрд теңгеге 158 жоба жүзеге асырылып жатыр.