Отырыс барысында сенаторлар басқа жұмысқа ауысуына байланысты депутат Ақылбек Күрішбаевтың өкілеттігін тоқтату туралы қаулы қабылдады. Мәулен Әшімбаев Ақылбек Күрішбаевтың сенатор, Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің хатшысы ретінде атқарған нәтижелі жұмысына назар аударып, оның заң шығару ісі мен өңірлердегі мәселелерді шешудегі белсенділігін атап өтті.
Сонымен қатар отырыста сенаторлар кірістерді жылыстатуға қарсы іс-қимылдарға қатысты екі заң қабылдады. Олардың бірі «2011 жылғы 19 желтоқсандағы Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын өткізу кезінде қылмыстық жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмдi қаржыландыруға қарсы iс-қимыл туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы. Құжат Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің қылмыстық кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі өзара іс-қимыл тетігін жақсартуды көздейді.
«Хаттамаға 2021 жылғы 20 шілдеде Мәскеу қаласында қол қойылды. Хаттама арқылы Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы қолма-қол ақша қаражатын және ақша құралдарын өткізу кезінде қылмыстық жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға және терроризмдi қаржыландыруға қарсы iс-қимыл туралы 2011 жылғы 19 желтоқсандағы шартты Еуразиялық экономикалық одақ туралы 2014 жылғы 29 мамырдағы шартқа және Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі туралы 2017 жылғы 11 сәуірдегі шартқа, сондай-ақ оларда қолданылатын терминология мен ұғымдық аппаратқа сәйкес келтіру бөлігінде өзгерістер енгізілді», деді заң жобасы жөнінде баяндама жасаған Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.
Осы бағытта қабылданған екінші құжат – «Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын өткізу кезінде қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласында ақпарат алмасу туралы келісімді ратификациялау туралы». Бұл заң жобасында жеке тұлғалардың ЕАЭО шегінен тыс қолма-қол ақша қаражатын өткізуі бойынша ақпарат алмасу тетіктерін жақсартуға қатысты жаңа нормалар жазылған.
«Келісімді әзірлеудің мақсаты – жеке тұлғалардың қолма-қол ақша қаражатын Еуразиялық экономикалық одағынан шетелге өткізу бойынша ақпарат алмасу. Келісімде кедендік Еуразиялық экономикалық одақ арқылы қолма-қол ақша қаражатын және ақша құралдарын өткізу кезінде өзара іс-қимыл және ақпарат алмасу тәртібі айқындалған.
Ақпараттық өзара іс-қимыл Еуразиялық экономикалық одаққа мүше бір мемлекеттің уәкілетті, құқық қорғау және кеден органдарының екінші мүше мемлекеттің жауапты органына сұрау салулары бойынша жүзеге асырылады. Алмасу жолаушының кедендік декларациясында және тауарлар декларациясында жеке тұлғалар мәлімдеген ақпаратты ұсыну арқылы жүзеге асырылады», деді Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Е.Жамаубаев.
Ведомство басшысының айтуынша, өзара іс-қимыл жасау тәртібінде сұрау салудың мазмұны, оны орындау мерзімдері, оған қол қоюға уәкілетті лауазымды тұлғалар, сондай-ақ сұрау салуды орындаудан бас тарту мүмкін жағдайлары қарастырылған. Келісімде өзара іс-қимыл және ақпарат алмасу шеңберінде алынған ақпараттың құпиялылығы, оны қорғау, сақтау және жою туралы нормалар, сондай-ақ мұндай ақпарат рұқсатсыз таратылған жағдайда мүше мемлекеттер қабылдайтын шаралар қамтылады.
«Қабылданған заңдар Кеден одағына мүше мемлекеттер арасындағы қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы бірлескен қызметті одан әрі жетілдіруге бағытталған. Бұл заңдар ақпараттық өзара іс-қимыл арқылы аталған қылмыстардың алдын алуға қосымша құқықтық негіздер қалыптастырады деп сенеміз», деді заң жобалары жөнінде пікір білдірген Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев.
Сондай-ақ Палата отырысында сенаторлар депутаттық сауалдарын жолдады. Сенатор Нұржан Нұрсипатов Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың атына жолдаған депутаттық сауалында Қазақстан-Қырғыз мемлекеттік шекарасын демаркациялауға қатысты проблемалық мәселелерді көтерді.
Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы мемлекеттік шекараны демаркациялау туралы шартқа қол қойылды және ратификацияланды, бірақ шекаралық тосқауылдарды орнату процесі әлі аяқталған жоқ. Бұл жергілікті тұрғындарға қандай қиындықтар туғызатыны туралы сенаторларға Алматы облысы Кеген ауданының Қоғамдық кеңесінің төрағасы айтып берді. Ауыл тұрғындарының өтініші сенатордың депутаттық сауалына негіз болды.
«Қазақстан тарапынан, шекара сызығына тікелей жанасатын бірінші шептің инженерлік бөгеуіштері жоқ. Тек екінші шебі, жол жиегіне параллель орнатылған бөгеуіштермен белгіленген. Осылайша, бірінші және екінші шептердің арасындағы 4 мың гектарға жуық ауыл шаруашылығы және 15 мың гектардан астам орман шаруашылығы жерлерін Кеген ауданының шаруа қожалықтары өз мақсаттары үшін пайдалана алмай отыр. Соның салдарынан, бүгінде бұл жерлерді Қырғызстан азаматтары шөп шабу, мал жаю үшін пайдалануда, өйткені көрші тарапта қандай да бір бөгеттер жоқ», деді Нұржан Нұрсипатов.
Осыған байланысты, ауыл тұрғындары сенаторлардан Қазақстан мен Қырғызстан арасында жасалған мемлекеттік шекараны демаркациялау туралы шартта көрсетілгендей, мәселені шешуге және жетіспейтін бөгет желілерін орнатуға жәрдемдесуді сұрайды.
Жамбыл облысындағы ауыл шаруашылығы саласының еңбеккерлері сенатор Әбдәлі Нұралиевке суарылатын алқапқа судың жетіспеуінен зардап шегіп жатқанын айтқан болатын. Сенатор еліміздің Премьер-Министріне жолдаған депутаттық сауалында осы мәселелерді шешудің жолдарын жария етті.
Сауалда 2040 жылға қарай Қазақстанда су тапшылығы 50 пайызға жетуі мүмкін екені атап өтілген. Ал Қазақстан Республикасындағы жерасты суының картасында еліміздің оңтүстік, сондай-ақ солтүстік және шығыс облыстарында орналасқан жерасты суының қоры анықталғанымен, оны суармалы егіншілікте пайдалану жоспарлы түрде қарастырылмаған.
Сенатор Сүйіндік Алдашев өз депутаттық сауалында «Қошқар Ата» радиоактивті қалдықтар қоймасының проблемаларына Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың назарын аударды. Сенат депутаттарының Маңғыстау облысына сапары барысында Ақтау қаласының тұрғындары осы қоймаға қатысты мәселені шешуді сұраған болатын. Сенатор өз сауалында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы радиоактивті қалдықтар қоймасын 3 жыл ішінде рекультивациялау жұмыстарын аяқтауды Үкімет пен облыс әкімдігіне тапсырғанын еске салды.
«Осы тапсырманы орындау мақсатында жобалық-сметалық құжаттама қаралды және әзірленді. 4 200 гектар жерді мелиорациялау жұмыстары басталды. Дегенмен мердігерлер түзетулер енгізіп, оған сәйкес жер көлемі 3 есеге, яғни 1 300 гектарға қысқарды. Бұл ретте бюджетті қайта қарау туралы әңгіме болды. Өйткені мердігердің айтуынша және елдегі экономикалық жағдайға байланысты қажетті құрылыс материалдары, құрал-жабдықтар мен жанар-жағармай қымбаттап кеткен», деді Сүйіндік Алдашев.
Депутат қазір тапсырманы толық орындау, атап айтқанда, стратегиялық жоспарлау көрсеткішіне қол жеткізу Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау сияқты шешілмеген мәселе болып тұр деп есептейді. Сенатор бастапқы жобалық-сметалық құжаттамаға өзгертулер енгізу туралы шешімнің Республикалық бюджет комиссиясында қаралмағанына да назар аударды. Жоба талқыланып, өзгертулер енгізу қарастырылып жатқан кезде, оған биылғы бөлінген қаржының 30 пайызы ғана игерілген. Сенатор бүгінде биылға бөлінген қаржының толық игерілмей қалу қаупі бар екенін атап өтті.
Бақытжан Жұмағұлов Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық жоспарды талдау қорытындысына сәйкес мемлекеттік органдардың құжатта көрсетілген басымдықтарды іске асыру барысы мен сапасына көңілі толмайтынын жеткізді.
Сенатор Айнұр Арғынбекова еліміздің Премьер-Министрінің атына өңірдегі проблемалар туралы депутаттық сауал жолдады. Ескірген жылу-электр орталығы мен аяқталмаған тұрғын үйлер депутат сауалының басты тақырыбы болды. Жаңадан құрылған облыста әлеуметтік маңызы бар объектілерді жөндеуге қаржының жоқтығы – түйткілді мәселе. Сенатордың айтуынша, жылыту маусымы кезінде жағдайы нашар жергілікті ЖЭО Семей қаласы тұрғындарының денсаулығы мен өміріне қауіп төндіреді.
Сенатор Нұртөре Жүсіп облыстық деңгейде геральдиканы қолдануды реттейтін нормалардың жоқтығына көңіл аударды. Ол еліміздің Премьер-Министріне жолдаған депутаттық сауалында облыстар мен қалалар елтаңбалары азаматтардың патриоттық санасын дамытуға ықпал ететініне тоқталды. Бірақ бұл сала ешқандай заңмен реттелмеген. Депутаттың айтуынша, әкімдіктерді өңірлік рәміздерге қатысты мемлекеттік стильді сақтауға және жүзеге асыруға міндеттейтін бірыңғай ережелер мен әдістемелік нұсқаулар жоқ.
«Мәдениет және спорт министрлігінің 2015-2022 жылдары жүргізген мониторингтері тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктерінің өңірлік рәміздерін әзірлеу, бекіту, қолдану және пайдалану жүйесінің әлі дұрыс реттелмегенін көрсетіп отыр. Қазіргі таңда Қазақстандағы 20 облыстың 13-інде, 3 мегаполис қалада, 186 ауданның 137-сінде, 89 шағын қаланың 33-інде өз рәміздері бар. Бірақ өңірлік рәміздерді бекіту тәртібі заңмен реттелмеген», деді сенатор.
Депутат бұл олқылықтың орнын толтыру үшін өңірлік рәміздерді бекіту, қолдану, орнату, орналастыру және пайдалану бойынша нормативтік-құқықтық актілер мен нұсқаулықтарды қабылдау маңызды екенін атап өтті. Сенатор «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңға тиісті өзгерістер енгізуді ұсынды.