Астанада Қазақстан мен Нидерланд арасындағы инвестициялық байланысты одан әрі арттыруға арналған дөңгелек үстел өтті. Еліміздің Сыртқы істер министрлігі, Kazakh invest ұлттық компаниясы және Қазақстанның Нидерландтағы Елшілігі ұйымдастырған шараға 100-ден астам делегат қатысты.
Қазақстанның Нидерландтағы Елшісі Асқар Жұмағалиев атап өткендей, пандемиядан кейін азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бүкіл әлем үшін негізгі басымдыққа айналды. Ал Нидерландтың Қазақстандағы Елшісі Андре Карстенс бұл іс-шара экономикалардың өзара дамуын қамтамасыз етуге, еңбек жағдайларын әртараптандыруға әрі жеңілдетуге, сондай-ақ елдердің бизнестегі ынтымақтастығы үшін жақсы жағдай жасауға елеулі үлес қосуға тиіс екенін айтты.
Еліміздің Ауыл шаруашылығы вице-министрі Жеңіс Өсербай агроөнеркәсіптік кешен саласындағы қарым-қатынастарды кеңейтудің зор әлеуеті барын атап өтті. Ал Нидерландтың ауыл шаруашылығы министрлігінің арнайы өкілі Фредерик Воссенар аумағы шағын, соған қарамастан ауыл шаруашылығы өнімдері мен азық-түлік экспорты бойынша әлемде екінші орынды иеленетін Голландия фермерлерінің табыс тарихына тоқталды.
«Kazakh invest» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Жандос Темірғали «Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері» тақырыбында баяндама жасады. Ол голландиялық компаниялар энергетикалық сектордан тамақ өнімдерін өндіру, машина жасау, фармацевтика секілді өңдеуші өнеркәсіптерді әртараптандыруға мүдделі екенін атап өтті. Нидерланд Қазақстан экономикасына қаржы құйып отырған ірі инвесторлардың бірі болып саналады. 2021 жылы Корольдіктен елімізге бағытталған инвестиция ағыны 6,9 млрд долларды құрады.
Өсімдіктердің жаңа сұрыптарын қорғау жөніндегі халықаралық одақ (UPOV) бас хатшысының орынбасары Питер Баттонның айтуынша, Қазақстанның аталған одақ қатарына кіруі ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін қамтамасыз етуге оң әсерін тигізеді. Бұл одақ Қазақстанды өз қатарына қабылдауға және тәжірибе, жаңа технологиялар мен білім алмасудың нәтижесінде республика бойынша шаруа қожалықтарын жоғары деңгейге шығаруға дайын екеніне сендірді.
Philips вице-президенті Ян-Виллем Схейгронд өз сөзінде Қазақстанның ел тұрғындарына жоғары сапалы және жоғары технологиялық медициналық қызмет көрсетуге деген ұмтылысын атап өтті. Компанияның Қазақстандағы 25 жылдық жұмысында ол үкіметтің осы бағыттағы прогрессивті қозғалысына ерекше тоқталды. Бұл өмір сүру ұзақтығы сияқты маңызды факторға әсер ететіні сөзсіз. Ол қазақстандық әріптестермен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін білдірді.
«СК Фармация» ЖШС басқарма төрағасы Ерхат Есқалиев медициналық орталықтарды орталықтандыру бағдарламасы аясында Philips компаниясымен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою Қазақстандағы медицинаны жетілдірудегі және медицинаны цифрландыру саласында тәжірибе алмасуға маңызды қадам болатынын айтты.
Dutch Clean Tech компаниясының президенті Сандер Пилкенруд ауыз суды тазарту саласындағы жобаларды жүзеге асыруға дайын екендігін мәлімдеді. Олар қазірдің өзінде әлем бойынша 1 мыңнан астам жобаны жүзеге асырған және бұл тәжірибені Қазақстанда да қолдануға дайын.
Негізгі сессия аяқталғаннан кейін қатысушылар жалпы сомасы 450 млн еуродан асатын құжаттарға қол қойды. Атап айтсақ, Lely Group пен BIK Павлодар облысында автоматтандырылған сүт фермасын құру бойынша ынтымақтастық туралы меморандумды бекітті. Philips компаниясы мен еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі арасында денсаулық сақтау саласындағы жобаларды жүзеге асыру бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Сонымен қатар Kazakh invest ұлттық компаниясы голландиялық Clean Tech компаниясымен Қазақстандағы кәріздік тазарту қондырғыларының құрылысы жобасын жүзеге асыру туралы келісімге келді.
Rijk Zwaan және Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің «Ботаника және фитоинтродукция институты» тұқым шаруашылығы бойынша бірлескен жұмыс туралы келісімді бекітті. Сондай-ақ Нидерланд Корольдігінің Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Қазақстан Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ауыл шаруашылығы дақылдарының сорттарын сынау жөніндегі мемлекеттік комиссиясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Дөңгелек үстел «Мал, құс шаруашылығы, ет және сүт өндірісі, ветеринария» және «Жылыжай секторын дамыту» панельдік сессияларында жалғасты. Панельдік талқылаулар барысында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мәселелері, жаңа технологиялар және оларды Қазақстанда қолдану мүмкіндіктері талқыланды. Дөңгелек үстел семинармен және екіжақты кездесулермен аяқталды.