Қоғам • 14 Қазан, 2022

Өңірлерді байланыстыра дамыту

204 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Базарбай Тілеуімбетов Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі қызметкерлері салалық кәсіподағының Түркістан облысы мен Шымкент қаласы бойынша филиалын басқарады. Ауыл шаруашылығы саласындағы тәжірибелі мамандардың бірі. Ол жуырда редакциямызға арнайы келіп, еліміздің агроөнеркәсіп кешеніндегі бірқатар мәселеге қатысты ой-пікірімен, ұсыныстарымен бөлісті.

Өңірлерді байланыстыра дамыту

Былтыр құрғақшылық салдарынан Маңғыстау мен Қызылордада мал қырылғаны баршаға мәлім. Базарбай Тілеуімбетовтің айтуынша, мұндай келеңсіз жағдайдың алдын алуға болатын еді. Технология дамыған заманда мұндай төтенше жағдаймен бетпе-бет келу ақылға сыймайды. Сондықтан ол логистика орталықтарын салуды ұсынып отыр. Еңбек ардагерінің пікірінше, мұндай орталықтар арқылы азық-түлік тапшылығы мен бағаның қымбаттығына қатысты мәселені де реттеуге болады.

«Ақтөбе облысының Қандыағаш қаласынан 128 гектар жер алып қойдық. Осы жерге логистика орталығын салуды көздеп отырмыз. Орталық еліміздің үш өңірін – оң­түстік, солтүстік және батысты байла­ныс­тырмақ. Оған оңтүстіктің жемісі мен көкөнісі, солтүстіктің шөбі мен астығы осы орталыққа тоқтаусыз келіп тұрады. Бұл аумақта автомобиль жолы да, темір жол да тартылған. Сондықтан жол қатынасына қатысты мәселе туындамайды. Осылайша, өнім тікелей логистикалық орталыққа ағылып келіп жатады. Сосын әр облыс өзіне керегін алады. Дәл осындай жүйемен жұмыс істесек, орталықтағы өнім бағасы да тұрақты болады. Бұл жердегі маңызды дүние – жем-шөп базасы. Батыстағы өңірлер аталған базаға келіп түсетін жем-шөптен қажетінше ала береді. Сонда былтырғыдай қиындық туындамайды. Біздің бұл бастамамызды «Қазақстан темір жолы» ұлттық компания­сы да қолдап отыр», дейді Базарбай Нысанбайұлы.

Сондай-ақ ол батыс пен оңтүстік шаруаларын бірлескен кооперативтер құруға шақырды. Айтуынша, төрт түлік малды жем-шөппен қамтудың мұндай қадамның да өзіндік пайдасы бар.

«Оңтүстік өңірлерде жоңышқаны бір жылда үш рет орып алуға мүмкіндік бар. Ендеше, дәл осы жоңышқаны неліктен батыс аймақтарда өсіріп көрмеске?! Жылына бір рет орып алсақ та, ағыл-тегіл жетеді. Сондықтан батыс пен оңтүстік шаруалары өзара бірлесіп кооперативтер құруы керек. Мысалы, бір кооперативке 20 шаруашылық бірікті делік. Оның 15-і батыстан, 5-і оңтүстіктен болсын. Сонда оңтүстік шаруаларының көмегімен батыстықтар жоңышқа, жүгері өсірудің қыр-сырын меңгереді. Технология дамыған заманда «құдай салды, біз көндік» деп қол қусырып отыруға болмайды. Осы секілді түрлі амал жасап көрген дұрыс», дейді еңбек ардагері.

Оның пікірінше, Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласын­дағы әлеуеті өте зор. Өкінішке қарай, соны ұқсата алмай отырғанымыз қынжылтады.

«Қазақстанда халық тұтынатын негізгі азық-түлік түрлерінің бәрі бар. Сөйте тұра шетелден импорттаймыз. Сыртқа тәуелді болған соң, баға да жиі құбылады. Біз осыған жіті көңіл бөлуге тиіспіз. Азық-түлік қауіпсіздігі әрдайым бірінші орында тұруы керек. Ол үшін қажетті өнімнің бәрін өзімізде өндіруге мән беру қажет. Бұл қолдан келетін дүние. Кейде соны әдейі қиындатып отырған секілді боламыз», дейді Базарбай Тілеуімбетов.

Еңбек ардагерінің пікірінше, өңірлердің әлеуетін тиімді пайдалану маңызды.

«Мысалы, оңтүстік өңірде мақта өсіріледі. Батыстағы халықты жұмыспен қамту үшін мақта өндіретін зауытты батысқа апарып салайық. Сонда екі өңір бір-бірімен тығыз байланыса отырып дамиды. Өңделген мақтадан жіп, мата, киім шығарып, экономиканың дамуына үлес қосуға болады. Жалпы, өңірлерді, салаларды бір-бірінен бөліп алып дамыту дұрыс емес. Бұлардың бәрі бір-бірімен біте қайнасып жатуы керек. Экономиканы әртараптандыру деген сол болады. Әйтпесе, бізде стерео­тип қалыптасып қалған. Мысалы, оңтүстік көкөніс пен жеміс өсіруі керек, батыс мұнаймен ғана айналысуы керек. Мұның заманы өткен. Өзімізді бұлайша шеңбермен шектеуге болмайды», дейді ол.

Базарбай Тілеуімбетовтің ай­туынша, оңтүстік өңірде күріш, жүгері, жоңышқа, мақта көптеп өсірі­леді. Алайда солардан қалдықсыз өнім шығару жағы ақсап жатыр.

«Негізгі өнім жиналып алған соң, егістіктен қалған қалдықтар қажетсіз қалады, өртеледі. Меніңше, оны өртемеу керек. Қайта ұн қылып тартып, жем-азық ретінде пайдалану қажет. Өйткені қамыстың құрамын­да да өте пайдалы тамырлар бар. Осылайша, қалдықтың өзінен жем-азық әзірлеуге мүмкіндік бар. Мұны жем-азықтан тарыққан өңірлерге қолдау ретінде жіберуге де болады», дейді ол.