Осы ретте Президент Қазақстан халқына жолдаған жаңажылдық құттықтауында: «Мен Мемлекет басшысы ретінде өскелең ұрпақтың болашағына баса мән беремін. Жастарға зор үміт артамын. Жастарымыз атқарылып жатқан ауқымды жұмыстың, реформалардың игілігін міндетті түрде көреді. Олардың арасында көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр азаматтар аз емес. Біз өскелең ұрпаққа жол ашу үшін барлық жағдайды жасауымыз керек. Балалар – мемлекетіміздің жарқын болашағының кепілі. Сондықтан да алдағы жылды Балалар жылы деп жариялау керек деп есептеймін. Әңгіме жалаң ұран мен мерекелік іс-шаралар туралы емес. Бірінші кезекте билік тарапынан балаларды қорғау үшін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты іс-шаралар қолға алынуы керек. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ендеше, республиканың үшінші мегаполисінде де Балалар жылы аясында біршама іс-шара ұйымдастырылып, игі істер қолға алынды. Әлі де жалғасын тауып жатыр. Соның бірі – Шымкент қалалық білім басқармасына қарасты Мектепке дейінгі дамыту орталығының ұйымдастыруымен қалалық «Жасыл технологиялар баланың көзімен» атты тақырыптағы байқау. Іс-шара осы жылдың 11 қазанында «Айналайын балапан» бөбекжай балабақшасының ғимаратында өтті. Байқауға 34 балабақшадан 100-ге жуық балдырған қатысты.
Байқаудың мақсаты экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және өскелең ұрпақтың назарын қоршаған орта проблемаларына аударуға бағытталды.
Сайыс қорытындысы бойынша ең үздік деп танылған №61 «Нұртас» бөбекжай бақшасынан келген Мейірбек Мағжанның және №70 «Шолпан» бөбекжай бақшасынан келген Айниса Абзалқызының жұмыстары республикаға жолданды.
Жалпы, балалар тәрбиесі мен біліміне жауаптының бірі ұстаздар десек, мемлекет педагогтерге қамқорлықты аяп жатқан жоқ. Мәселен, 2020 жылдан бастап бүгінге дейін ұстаздар жалақысы 75 пайызға өсті. 2023 жылы тағы 25 пайызға өсіп, нәтижесінде 2019 жылмен салыстырғанда 2 есе артады.
Сонымен бірге Балалар жылы шеңберінде бюджеттен 44,6 млрд теңге қаржы бөлініп, бастауыш сынып оқушылары 100 пайызға тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілді. Білім ұйымдары оқушылардың қауіпсіздігі үшін бейнебақылау жүйесімен, дабыл батырмасымен турникеттер және І дәрежелі мамандандырылған күзетпен толық қамтылды. Ал материалдық-техникалық базаны жаңарту үлесі 32-ден 72 пайызға артты.
Оқушыларды қосымша біліммен қамту мақсатында спорт және мәдениет салаларына алғаш рет жан басына қаржыландыру жүйесі енгізілді. Сол арқылы балалар қосымша үйірмелерге қатысуға мүмкіндік алып, мектептен тыс қосымша білім алатын оқушылар үлесі бір жылда 49-дан 76 пайызға өсті. Бұл көрсеткішті жергілікті әкімдік тарапынан 2023 жылы 85 пайызға, ал 2025 жылға қарай 100 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.
Сондай-ақ қала ұстаздарының ерен еңбегінің нәтижесінде, оқушылар халықаралық, республикалық пәндік білім сайыстарынан 10 алтын, 17 күміс, 33 қоланы жеңіп алды. 200-ден астам оқушы жүлделі орындар иеленді.
Шымкент қаласындағы 871 білім беру ұйымында 440 мыңға жуық тәрбиеленуші, оқушы мен студент білім алады. Яғни мегаполистегі әрбір үшінші адам ұстаздан тәлім терген жас.
Бүгінгі таңда жас ұрпақтың қамы үшін жасалған тірліктің бәрі «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы мен Президенттің Қазақстан халқына арнаған Жолдауы аясында іске асып жатыр. Осы орайда балдырғандарды балабақшамен қамтамасыз ету мәселесіне келсек, 2-6 жас аралығында балалардың – 89 пайызы, ал 3-6 жастағы балдырғандардың жүз пайызы балабақшаға барады. 2025 жылға дейін қосымша 105 балабақшаны іске қосу арқылы қажеттілік біржолата шешілетін болады.
Құдайға шүкір, мегаполисте мектеп оқушыларының саны жылдан-жылға артып келеді. Айталық, соңғы бес жылда 106 мыңнан 245 мың оқушыға немесе 2,3 есеге ұлғайды. Алдағы 5 жылда мектеп табалдырығын 315 мыңға жуық оқушы аттайды деп күтілуде. Осыған орай жергілікті әкімдік 2021-2025 жылдар аралығында 101 мектеп салуды көздеп отыр. Соңғы екі жылдың өзінде шаһарда 58 орта білім беру ұйымы пайдалануға берілді.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының «Жайлы мектеп» жобасы бойынша Шымкентте 2025 жылға қарай 32 мектептің іргесі қаланады. Соңғы екі жылда жеке инвесторлар жан басына қаржыландыру бағдарламасы есебінен жаңадан 50 мектеп салып, 21 300 оқушыға жағдай жасалды.
Алдағы уақытта тағы да 25 мектептің құрылысын жүргізуге ұсыныстар түсуде. Соның нәтижесінде, үш ауысымда білім беретін мектептер мәселесі 2023 жылы, ал сынып толымдылығы жоғары (дефицит) мектептер проблемасы 2025 жылы толығымен шешілетін болады.
Балалар жылының мегаполистің білім беру саласындағы жемісі, міне, осындай!
ШЫМКЕНТ