Спорт • 14 Қазан, 2022

Ташкентте алтын ала алмадық

174 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Өзбекстанның бас шаһары – Ташкентте өткен дзюдодан ерлер мен әйелдер арасындағы әлем чемпионаты аяқталды. «Хумо Арена» көпсалалы мұз сарайын­да өткен дүбірлі додада әлемнің 82 елінен келген 600-ге жуық балуан бақ сынап, 15 жүлде жиынтығын сарапқа салды. Солардың қатарында Қазақстан құрамасының өкілдері де бар. Ала тақиялы ағайындардың елінде өткен әлемдік додада біздің дзюдошыларға небәрі екі жүлде бұйырды.

Ташкентте алтын ала алмадық

Бар болғаны – қос қола

Өзбекстан астанасында ұйымдас­тырылған байрақты бәсекеде Қазақстан құрамасының 17 өкілі өнер көрсетіп, екі қола медаль жеңіп алды. Елдос Сметов пен Әбиба Әбужақынованың бұл жүлделерінен кейін Қазақстан дзюдо құрамасында алға ілгерілеу бар деп айтайын десек, спортшыларымыз жеті жылдан бері бір алтын медальға қол жеткізе алмай келе жатыр. Қазақ дзюдосы құлдырап бара жатыр деп байбалам салайық десек, қоржынымыз кейінгі сегіз әлем біріншілігінде бірде-бір рет бос қайтқан емес. Демек Қазақстан дзюдосы бірнеше жылдан бері бір орында сіресіп тұр деген сөз. Сонда дейміз, мемлекеттің жыл сайын спортшыларды қолдауға бөлетін қаржысы, шетелдің ең мықты деген білікті бапкерлеріне беретін жалақысы ауаға ұшып жатқан жоқ па?

Әйтеуір, жыл сайынғы әлем чемпионаттарында бүкіл бір федерацияны айналдырған бір-екі ғана спортшы жүлде алып, абыройсыздықтан құтқарып келеді. Мәселен, 2017 жылы Мажарстанда өткен әлем чемпионатында Галбадрах Отгонцэцэг жалғыз қоланы олжаласа, бір жылдан кейін Бакудегі байрақты бәсекеде Ерлан Серікжанов (күміс) пен Галбадрах Отгонцэцэг (қола) үздіктер қатарынан көрінді. Ал 2019 жылғы Токиодағы дүбірлі додада Елдос Сметовтың жалғыз қоласы көңілге медет болды. Будапешттегі былтырғы бәсекеде Ғұсман Қырғызбаев финалда жеңіліп, күмісті қанағат тұтуға мәжбүр болды. Биыл Елдос Сметов 66 килодан өз салмағына (60 к) оралмағанда, Әбиба бабында болмағанда балуандарымыз Өзбекстаннан өзегі өртеніп қайтқалы тұр екен. Абырой болғанда, екі балуанымыз да жарыстың алғашқы күні қос қола олжалап, үздіктер қатарынан көрінді.

Бір айта кетерлігі, биыл әйелдер ара­сындағы Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанған Әбиба Әбужақынова Ташкенттегі жеңісінің арқасында қазақ қыздары арасында әлем чемпионатында жүлде алған тұңғыш дзюдошы ретінде тарихта қалды.

Балуандарымыз сенімді ақтамады

Ташкенттегі әлем чемпионатына талай дүбірлі додада ысылған, халықаралық жарыстарда олжа салып жүрген тәжірибелі спортшыларымыздың біршамасы барды. Тіпті олардың алды Олимпия ойын­дарына қатысып, әлем және Азия чемпионаттарында жүлде алған, қалған­дары халықаралық жарыстарға үздіксіз қатысып келеді. Сол жарыстарда жиған тәжірибесі жүлдеге апаратындай саңлақ­тарымыз ел намысы сынға түскен сәтте сүреңсіз өнер көрсетіп, барша жанкүйер­лерді жерге қаратты.

Мәселен, былтыр 66 килода әлем біріншілігінің күміс жүлдегері атанған Ғұсман Қырғызбаев пен 73 килодағы биылғы Азия чемпионы Данияр Шамшаев екінші кезеңнен әріге аса алмады. 60 килода белдескен Мағжан Шамшаддин, 81 килодағы Абылайхан Жұбаназар және Азия ойындарының жеңімпазы, Рио және Токио Олимпиадаларына қатысқан Дидар Хамза (90 кг), Азия чемпионатының бірнеше дүркін жеңімпазы Ислам Бозбаев (100 кг) және аса ауыр салмақтағы Ерасыл Қажыбаевтың (+ 100 кг) нәтижелері тіпті нашар. Олардың бірде-біреуі бірінші айналымнан әріге аса алмады. Тек 100 килода белдескен Нұрлыхан Шархан ғана үшінші айналымға дейін жете алды.

Әбибадан басқа қыздарымыздан да қайыр болмады. Севара Нышанбаева (57 кило), Мөлдір Нарынова мен Есмігүл Күюлова (63 кг), Аруна Жангелдина (78 кг) және Камилә Берліқаш (+78 кило) алғашқы айналымдарда сүрінсе, Нұрсұлу Ералиева (52 кило) мен Анастасия Мая­кова (70 кг) екінші айналымда ұтылып қалды. Жалпы, Қазақстанда әйелдер дзюдосының жеңіл салмағында кішкене болсын, өсу, алға жылжу байқалады. Ал өзге салмақтарда баяғы жартас сол жартас күйінде.

Өзбектер озып тұр

Өзбекстан құрамасының балуандары өз елінде өткен әлемдік жарыста аянып қалмады. 2011 жылғы әлем чемпионатынан кейін оңтүстіктегі көршіміздің балуандары алғаш тұғырдың ең биік сатысынан көрінді. Сол аралықта қоланың өзіне әрең қол жеткізіп жүрген өзбектер бұл жолы бір емес екі алтын медаль жеңіп алды. Өзбекстан құрамасына алғашқы алтынды Науаи облысының Нұрата ауданында дүниеге келген Дәулет Бабанов салды. 90 килода күрескен 2021 жылғы әлем біріншілігінің күміс жүлдегері, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері финалда Еуропа чемпионатының қола жүлдегері италиялық Кристиан Парла­тиден басым түсті. Екінші алтын жүл­дені 100 кило сал­мақта күрескен Музаффар­бек Туробоев жеңіп алды. Ол финалда былтырғы Па­намерика ойындарының чемпионы кана­далық Кайл Рейесті тізе бүктірді. Осылайша, екі алтын медаль ен­шілеген Өзбекстан құрамасы жалпы­ко­ман­далық есепте үшінші орынға ие болды.

Қай елдің қарқыны күшті?

Кейінгі он жылдың бедерінде ерлер сайысында Жапония балуандарының аты озып тұр. Ұзаққа бармай-ақ, Күншығыс елі өкілдерінің соңғы 10 жылдағы нәти­жесіне қарайтын болса, олар әр әлем чем­пионатында кем деген екі алтыннан олжалап жүр. Жапон балуандары биыл да сол межеден көрінді. Ташкент татамиінде олар 2 алтын мен 3 күміс, 1 қола медальды жеңіп алды. Екінші орында – Өзбекстан. Ала тақиялы ағайындардың еншісінде екі алтын бар. Моңғолия құрамасы үшінші сатыға жайғасты. Олар 1 алтын, 1 күміс медальды қоржынға салды. Сондай-ақ Грузия және Куба дзюдошылары бір-бір реттен жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.

Әйелдер арасында да Жапония құра­масына тең келер команда табылмай тұр. Олар 3 алтын, 1 күміс және 2 қола жүлдені қоржынға салды. Екінші орынға 2 алтын, 1 күміспен Бразилия қыздары жай­ғасса, үшінші орынға Хорватия қыз­дары тұрақтады – 1 алтын, 1 күміс. Соны­мен қатар Францияның бір өкілі Таш­кентте алтыннан алқа тақты.

Жалпыкомандалық есепте де Жапония құрамасы топ жарды. Олар барлығы 12 жүлде (5 алтын, 4 күміс, 3 қола) жеңіп алды. Екін­ші орындағы Бразилияда 4

(2 ал­тын, 1 күміс, 1 қола) медаль бар. Үз­дік үштікті жарыс қо­жайын­дары 2 ал­тынмен түйіндеді. Ал қор­жынын­да небәрі екі-ақ қоласы бар Қазақстан құра­­масы Әзербайжан, Нидерланд және Корея­мен бірге 15-орынды бөлісті.

я