Медицина • 14 Қазан, 2022

Бүгін - Дүниежүзілік спирометрия және өкпе саулығы күні

649 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін, 14 қазанда жер бетінде Дүниежүзілік спирометрия және өкпе саулығы күні атап өтіледі. 

Бүгін - Дүниежүзілік спирометрия және өкпе саулығы күні

Арнаулы күннің мақсаты – адамдарды тыныс алу ағзаларын үнемі тексертіп отыруға үндеу.  Нәтижесінде мұндай бастама өкпеде болатын дерттерді дер кезінде анықтап, ем-дом тағайындауға, оның ішінде созылмалы обструктивті өкпе ауруын (СОӨА) асқындырмай диагностикалауға ықпал етеді.

Мамандар өкпе тексертіп отыру – әсіресе, кәсібі зиянды заттарды жұтуға тура келетін адамдар мен темекі шегетіндерге қажет екенін айтады.

Ал спирометрия өкпе көлемін және тыныс алу жылдамдығын өлшейтін, өкпе денсаулығын бағалау әдісі. Бұл тыныс алудың барлық негізгі көрсеткіштерін есептеп, тыныс алу процесін көруге мүмкіндік береді.

Атаулы күнге орай, Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ Республикалық аллергология орталығының басшысы, аллерголог-иммунолог дәрігер Арай Батырбаева: «Тыныс алу ауырлап, жөтел, жалпы әлсіздік сияқты респираторлық ауру белгілері байқалса спирометриядан өту керек. Және бұл сыртқы тыныс алу функциясын, бронх демікпесін зерттеу, диагностикалау, тыныс алу органдарының аурулары кезіндегі адамның тыныс алу жүйесінің жай-күйін бағалау үшін қажет. Сонымен қатар өкпеден ауа ағынының қозғалысының тұрақты бұзылуымен сипатталатын созылмалы обструктивті өкпе ауруының (СОӨА) диагностикасы үшін де спирометриядан өтіп тұру керек», дейді.

СОӨА анықталуы қиын, өмірге қауіп төндіретін ауру. Ол қалыпты тыныс алуға кедергі келтіреді және оны ентігу, тыныс алудың қиындауы, жөтел арқылы білуге болады. Нәтижесінде ағза созылмалы оттегі жетіспеушілігінен зардап шегеді, бұл барлық метаболикалық үдерістерге теріс әсер етеді және көбінесе мүгедектікке әкелуі мүмкін.

СОӨА белгілері басында байқалмайтындықтан, асқынған кезде бір-ақ білінуі мүмкін.  Бұл кеселдің  ең көп таралған басты себебінің бірі – темекі тарту,  бірақ шылымқорлардың көбі өздерін сырқатпыз деп ойламайды.

СОӨА диагностикасы тыныс алудың көлемдік және жылдамдық көрсеткіштерін өлшеу арқылы жүргізіледі. Бұл әдіс өте қарапайым, арзан, дәл және мүлдем ауыртпайды.

Ал өкпе – адам ағзасындағы ең маңызды органдардың бірі болғандықтан, оның қызметі қандай маңызды екендігін түсіндіріп отырудың өзі артық.