Қоғам • 16 Қазан, 2022

«Орден алдым, мінекей!..»

2484 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Хакім Абай бабамыз ұлтымызға ұлағат ретінде сақтандыра айтып кеткен бес дұшпанның бірі – мақтаншақтық. Ұлы ойшыл: «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел» дегенімен, халқымыз бойына сіңіп кеткен кеселден әлі толық арыла алған жоқ. Тіпті «Өзіңді өзің мақтамасаң, ешкім сені мақтамайды» деген сөз шығарып, бүгінде жиі айтылатын нақылға айналдырып алған сияқтымыз.

Осы ретте бір кезде Петропавл қаласын­да­ғы түрік компаниясының басшысымен сөйлескеніміз ойға оралады. «Осында өндіріспен айналысып жүргенімізге жуырда 20 жыл толады. Жетістіктерімізді өзіңіз білесіз. Қалай ойлайсыз – жергілікті билік мерейтойымызға орай ұжымымызға құрмет көрсетіп, құттықтау білдіре ме?», деп сұрады ол. «Басшылардың біреуіне кіріп шықпайсыз ба?», деп қарсы сұрақ қойдық. «Мұндай ұсынысты бізге айтпасаңыз да болады. Біздің ұлтта билік өкіліне барып марапат сұрау – ұят нәрсе», деді ол. Оның сөзіне разы болып, қолын қысып, түрік ағайындардың ұстанымына тәнті болғанбыз. Өйткені біздің елдегі жағдай мүлдем басқаша екеніне көзіміз әбден жеткен еді.

Мысалы, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы экономикалық дағдарыс кезінде бір өңірдегі шаруашылығы шат­қаяқтап, түтіні өшуге айналған туған ауылына оралып, кәсіпкерлікпен айналысып, ауылдастарына жұмыс тауып беріп, олардың барлық мұқтаждығын біртіндеп шешіп берген азаматты бұқаралық ақпарат құралдары жарыса мақтап жатса да, оны жергілікті билік өкілдері білсе де білмегенсіп, ылғи шеттетіп, көзге ілмейтін. Осыған таңғалып, себебін сұрастырып көрсек, әлгі кәсіпкер аудан әкімін онша тыңдамайтын, айтқан «өтініштерін» орындай қоймайтын «қыңыр мінезді» жігіт болып шықты. Сөйтіп ұзақ жылдар бойы жергілікті басшылардың мақтауы мен мемлекеттік марапат атаулыдан мүлдем қағылып келді. Ал ел ішіндегі абырой-беделі жылдан-жылға артып жатса да, қазекемнің мақтансүйгіштігінен ада емес кәсіпкер оны місе тұтпаса керек, қалайда орден алғысы келіп, жергілікті билік органдарының бірінде басшы қызмет атқаратын танысымен кездесіп ақылдасуды құп көреді. «Егер орден алғың келсе, онда осы мәселені шешетін бастықтардың біреуіне пара беруің керек», дейді шенеунік бірден. «Жоқ. Ешкімге пара бермеймін. Бәленшекең пара беріп, марапат алыпты деген сөзді естігенше, жер басып тірі жүрмей-ақ қояйын. Бұдан басқа жолын іздеп көр», дейді кәсіпкер. Кейін әлгі шенеунік ондай жолды тауып беріпті. Облыс басшылығының белгілі өнер иесінің мерейтойын өткізуге бюджеттен тыс қаржы іздеп жатқанын естіп, орден алғысы келетін кәсіпкерді атал­ған іс-шараға басты демеуші қылуды ұсынады. Ұсыныс қабыл алынып, мерейтой иесіне облыс әкімінің атынан су жаңа автокөлік сыйға тартылады, ал демеуші болған кәсіпкер көп ұзамай «Құрмет» орденін алады. Шынтуайтында, еліміздің өңір­лерінің қайсысында болсын осындай «демеушілік» жасау жолымен немесе жемқор шенеуніктерге пара беру арқылы жоғары марапат алып, «Орден алдым, мінекей!..», деп кеуде қаға мақтанып жүрген даңғой кәсіпкерлер бары анық. Тек ондайлар миллиондаған теңгені бос мақтан үшін шашқаннан гөрі жоқ-жітіктер мен жетім-жесірлерге жәрдем беруге жұмсаудың са­уапты іс екенін ойламайтыны өкінішті.

Бір облыстың бұрынғы әкімі өз қызметін дұрыс атқара алмай, өзіне бағынышты басшы кадрларды жаппай қудалап, сапы­ры­лыстырғанына қарамастан, жергілікті коммерциялық телеарнаға өзін мадақтаған екі сағаттық «деректі фильм» түсіртіп, мәз-мейрам болғаны жадымызда. Осы сияқты өрескел қылықтары үшін үстінен жоғары жаққа арыз қардай борап, бір айдан соң қызметінен босатылып тынған. Бүгінде зей­нет демалысында жүрген оның кезінде жұрт­қа жексұрын болғаны соншалық, той-томалаққа бара қалса, алдынан бір кезде өзі қуғын-сүргінге салған адамдар шығып, ит терісін басына қаптағандай қылып тілдейді екен. Сол себепті шақырылған жерге бармас бұрын қонақтар тізімін сұратып алдырып, олардың арасында өзі қудалаған біреу барын көрсе, ондай іс-шараға қатыспайтын болыпты...

Пайымдап қарасақ, Мағжан Жұмабаев­тың: «Маған атақ – ұлтым үшін өлгенім!», деп жазғанындай, есті азамат үшін ең басты марапат – еліміздің өркендеуі жолында аянбай адал еңбек етіп, қарапайым адамдардың құрметіне бөлену һәм жұрттың көзіне тік қарай білу болар.