Саясат • 16 Қазан, 2022

Мұнай-газға мән беріледі

200 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Amanat» партиясының орталық аппаратында Мұнай-газ саласы комитетінің алғашқы отырысы өтті. Жиын барысында комитеттің құрамы мен ережесі бекітілді.

Мұнай-газға мән беріледі

Комитет төрағасы болып Мәжілістегі «Amanat» партиясының депутаты Ғалым Әміреев, ал комитет хатшысы болып Астана қаласындағы Petrocouncil өкілі Ғибрат Сәрсенов сайланды.

Комитет құрамына Энергетика, Индус­трия және инфрақұрылымдық даму, Экология, геология және табиғи рес­урстар министрліктерінің, «Қаз­Мұнай­Газ», QazaqGaz ұлттық компания­ларының, PSA ЖШС, Мұнай және газ ақпараттық-талдау орталығының, Kaz­Energy қауымдастығының, Қазақстан машина жасаушылар одағының, Kas­Service, Argus Media, Energy Monitor, Energy Analytics өкілдері, сондай-ақ биз­нес-қауымдастықтар, тәуелсіз сарапшылар мен талдаушылар кірді.

Партия хатшысы Эльдар Жұмаға­зиев жиын барысында комитеттің негізгі міндеті мұнай-газ саласындағы түйткілді мәселелерді анықтау және оны шешу жолын әзірлеу екенін атап өтті. Сондай-ақ, комитеттің басты міндеттеріне заңнамалық базаны жетілдіруге бастамашылық ету және ұсыныстар енгізу, сала өкілдері мен олардың қызметкерлерінің құқығын, заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету кіреді.

«Комитет алдында мұнай-газ саласын дамыту, соның ішінде түйткілді мәселелерді шешу жөнінде ауқымды міндет тұр. Саладағы кейбір компаниялардың жасырын монополиялық жағдайы, кейбір ірі мұнай-газ жобаларындағы жергілікті қамтудың аз үлесі, дизель отынының жыл сайынғы тапшылығы және маусымдық баға өсімі туралы бәріміз білеміз. «Amanat» партиясының алаңында мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар, бейінді қауымдастықтар және нарық өкілдерімен бірлесіп, осы мәселелерді шешу жолын қарастырамыз», деді комитет төрағасы Ғалым Әміреев.

Өз кезегінде, Қазақстан мұнай-сервис компаниялары одағының төралқа төрағасы Рашид Жақсылықов шешімін күтіп тұрған бірқатар өзекті мәселені атап өтті.

«Комитеттің салалық және кәсіби құрамын ескере отырып, біріншіден мұнай-газ саласын дамыту, соның ішінде ірі мұнай-газ жобалары бо­йынша келісімшарттарды қайта қарау жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеуге кірісуіміз керек. Екіншіден, отандық жабдық өндірісінің, саладағы жергілікті IT-мамандардың тапшылығын назарға алуға тиіспіз. Сондай-ақ халықаралық компаниялар елімізде сервистік орталықтар ашпайды. Сертификаттау орталықтары жоқ», деді ол.

Отырыс барысында комитет мүшелері тауарлар мен қызметтерді сатып алу, салық жеңілдігін ұсыну, мұнай-газ саласындағы отандық тауа­рлар каталогінің болмауы сынды бірқатар мәселені көтерді.

Отырыс қорытындысы бойынша комитет жұмысын заң жобалау қызметіне, фискалдық преференцияларды әзірлеуге, қолданыстағы және болашақ мұнай-газ жобаларында тауарлардың, жұмыс пен көрсетілетін қызметтердің қазақстандық үлесін ұлғайту жөніндегі шараларды ұсынуға шоғырландыру туралы шешім қабылданды.