Әлем • 16 Қазан, 2022

Еуропадағы энергетика тапшылығы: Жағымды һәм жағымсыз тұсы

274 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Украинадағы қақтығыс әлемдегі геосаяси ахуалды шиеленістіріп қана қойған жоқ. Сонымен бірге энергетикаға қатысты көзқарасты да түбегейлі өзгертті. Әсіресе, Ресейдің газы мен мұнайына тәуелді Еуропа елдері үшін тағдыршешті кезең келіп тұр. Бір жағынан, қазба отындардың құны қымбаттап, дефицит туын­дауы экологияға, соның ішінде орманды алқаптарға шығын келтіреді. Екінші жағынан, бұл қарт құрлықтағы мемлекеттердің жасыл энергетикаға көшуін жеделдетпек.

Еуропадағы энергетика тапшылығы: Жағымды һәм жағымсыз тұсы

Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Өздеріңізге мәлім, Ресей әскері Украина жеріне басып кіргеннен кейін бүкіл әлем елдері Кремльге санкция салды. Әсіресе, Еуропалық одаққа мүше мемлекеттер Ресейдің қазба отындарынан бас тартатынын хабарлады. Бұған қарсылық ретінде солтүстіктегі көршіміз Еуропаға жеткізілетін мұнай мен газ көлемін азайтып жіберді. Рас, Еуропалық одақ елдеріндегі газ қоймасы қазір 90 пайызға толы. Бірақ сарапшылар 2023 жылы бұл жеткіліксіз болатынын айтады. Яғни келер жылы қарт құрлық көгілдір отынды көктен де таппай қалуы мүмкін. Таяуда ОПЕК+ елдері мұнай өндірісін азайтуға келісті. Бұл да қара алтынның нарықтағы құнын қымбаттатпаса, арзандатпайтыны түсінікті.

Ахуалдың бұлай өршуінің тұрғындарға да, экологияға да тигізетін әсері орасан болмақ. Қылышын сүйретіп келе жатқан қыста қарт құрлықты мекендеген халық баспанасын жылыта алмаудан қауіптенеді. Қысқы газын жаз сайлай алмаған Еуропалық одақ осыған байланыс­ты түрлі қадамдарға көше бастады. Қазір­дің өзінде ұйымға мүше кей мемлекеттер жер үйі бар тұрғындарға баспанасын жылыту үшін ағаш жағуға кеңес беріп жатыр.

Әлбетте, мұндай өтініш эко­логияға зиян келтіретіні айт­па­са да түсінікті. Өкінішке қарай, жыл сайын әлемде он мил­лион гектарға жуық орман ал­қабы жойылады екен. Салыс­тырмалы түрде қарасақ, бұл Португалияның аумағына тең. Оның үстіне, Еуропада да о­рмандар сиреп барады. Осын­дай қиын-қыстау кезеңде қарт құрлық шенеуніктерінің үй жылыту үшін ағаш жағуға шақыруын экологтер сынға алды.

Ғалымдар мен экологтердің пайымдауынша, жылу үшін ағаш жағу азайған ормандарды одан сайын сирете түседі. Тіпті заңсыз тал кесетіндер де көбеюі мүмкін деген қауіп те бар. Мажарстан Гринпис ұйымының мүшесі Каталин Родикстің айтуынша, мұндай ұсыныстан келетін шығын орасан. Биыл жаздағы аптап ыстық Мажарстандағы ормандарды қуратып, жығылғанға жұдырық болды.

Қазіргі таңда жаһандық жылыну салдарынан тұмса табиғат пен адамзатқа аз зардап келіп отырмағаны белгілі. Ормандар ауадағы парникті газдары жұтып, оның орнына оттегі шығарады. Бірақ өнеркәсіптік революциядан кейін табиғи тепе-теңдік бұзы­лып, адамзат талдарды отап, ауаға шығарылатын көмірқышқыл газдарының көлемі артқан.

«Еуропа биыл көп мөлшерде ағаш пайдаланбақ. Демек антирекордтық деңгейге жетіп қалуымыз мүмкін. Ендеше, ормандар үшін екі мағынасында да қара түнек қыс келе жатыр», дейді Fern ұйы­мының экологі Мартин Пиджен.

Экономикасы дамыған скан­ди­­навиялық мемлекеттер үшін ал­дағы қыстан келетін қауіп аз. Бірақ Ресейдің газы мен мұ­найына тәуелді Орталық және Шығыс Еуропа елдеріне оңай­ға соқпайтыны түсінікті. Мәсе­лен, Румынияда халықтың жар­ты­сы үйін ағашпен жылытады. Осыған байланысты үкімет энер­гетика бағасын төмен ұстау мақ­сатында тал жаққанға арнайы баға белгіледі. Бірақ сарап­шылар мұн­дай қадам заңсыз ағаш кесудің көбеюіне әкелуі мүмкін екенін алға тартады. Эколог­тердің дабыл қағуына негіз бар. Румыния он­сыз да Еуропада заңсыз орман отайтындары көп ел саналады. Ен­деше, алдағы уақытта бұл кө­беймесе, азаймайтыны түсінікті.

Дегенмен Еуропадағы тап­шылықтың жағымды тұсы бар екенін айта кеткен жөн. Бұған дейін жасыл энергетикаға көшуге асықпай келгендер енді амалсыздан бұл бастаманы жеделдетуге кірісті.

«Климаттың өзгеруі тұрғы­сынан қарасақ, Украи­надағы қақтығыс сәтті деп айтуға болатын шығар. Алдағы уақытта жаңармалы энергетикаға, электр энергиясын үнемдеуге ерекше ден қоя бастадық», дейді Әлемдік метеорология ұйымының бас хатшысы Петтери Таалас.

«Жаңартылатын энергия көз­деріне көшуді ілгерілету Еуро­паға да, әлемге де қажет стра­­тегиялық қадам. Орта және ұзақ­мерзімде Украина дағдарысы таза және жаңартылатын энер­гияға көшу­ді жедел­детеді», Ха­лықаралық жаңар­ты­ла­тын энер­гия агенттігінің бас директоры Франческо Ла Камера.

Украинадағы қақтығыс бас­талғаннан көп ұзамай-ақ Еуро­палық одақ елдері Ресей газына тәуелділікті биыл үштен екіге азайтуды көздеген. Бәлкім, қарт құрлықтың кей мемлекеті бұған да асықпас па еді, кім білсін?! Кремль Еуропаға газ жеткізетін құбырларды бітеп, мұны жеделдете түсті.

Әрине, алдағы бірнеше жыл Брюс­сельдегі шенеуніктер үшін оңайға түс­пейді. Өйткені қазба отынға тәуелді эко­номиканы қас пен көздің арасында жасыл энергетикаға алмастырылмайды. Сондықтан атқамінерлердің қажырлы еңбегі мен халықтың ерік-жігері қажет. Қазірдің өзінде кейбір мемлекеттердің бел шешіп іске кіріскеніне куә болып отырмыз.

Мысалы, Эстония 2030 жылға дейін электр энергиясын тек жасылдандыруға келісті. Грекия жағалауларға жел турбиналарын орнату жөнінде шешім қабылдады. Нидерланд 2030 жылға дейін 2,5 миллион үйді жаңартпақ. Бұл мақсатта 4 миллиард еуро қарастырылған. Шілдеде Германияның Климат және өзгеріс қоры 56,3 миллион еуроны ғимараттарды жаңартуға жұмсайтынын мәлімдеді.

Еуропалық одақ мұнымен шектеліп қалмақ емес. Алдағы уақытта Брюссельдегі шенеу­ніктер күн мен жел энергиясына да екпін қоюды көздеп отыр. Мысалы, ғимараттарға күн панельдерін орнатуды екі жарым есеге арттырылмақ. Bloomberg New Energy Finance келтірген деректерге сүйенсек, Қытайдан әкелінетін күн панельдерінің құны шілдеде 2,5 миллиард дол­ларға жеткен. Ал қаңтарда им­портқа кеткен қаражаттың құны миллиард долларға ғана еді.

Балтық теңізі жағалауындағы сегіз мемлекет 2030 жылға дейін желден өндірілетін электр энергиясын 20 гигаваттқа жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл алты миллион үйді тоқпен қамтамасыз етпек.

Ирландия, Нидерланд та жел­ді тиімді пайдалануды көздей­ді. Португалия тұңғыш рет жел турбиналарын орнатуға кірісті. Ұзақ уақыт бойы бұл мәселені талқылап келген Польша да жағалаулардағы желді кәдеге жаратуға кірісті.