Өңірде қалыптасқан дәстүр ол жылу беру маусымында апаттық жағдайларға жол бермеу, тұрғындарға қажетті жылу мен ыстық судан кідіріс болдырмау болып табылады. Бұл әрине, оңай шаруа емес. Сондықтан облыс басшылығы бұл мәселені ең бірінші кезекте, қатаң бақылауда ұстайды. Жылу беру маусымы аяқталмай жатып-ақ алдағы қысқа дайындық басталып та кетті. Оны осы мәселе күн тәртібіне шығарылған облыстық жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрмұхамбет Әбдібеков жеткізді.
Оның айтуынша, бұл бағытта атқарылған жүйелі жұмыстардың нәтижесінде облыста жылу беру маусымы ойдағыдай аяқталған. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарындағы жұмыстарды орындау үшін қаржыландырудың барлық көздері есебінен 8,6 млрд. теңге бөлінді, оның ішінде 2,1 млрд. теңге отынның нормативті қорын жасақтауға жұмсалған. 2013 жылы жылыту маусымының ойдағыдай өтуі үшін 127 қазандық, 281,7 шақырым жылу жүйесі, 216 шақырым су желісі-кәріз құбырлары жөндеуден өткізілді. 1905,2 шақырым электр желісінің, сондай-ақ, 9 денсаулық сақтау, 161 білім беру нысандарының, 1014 тұрғын үйдің қалыпты тіршілік қызметі қамтамасыз етілді. Бюджеттік ұйымдарға 51,4 мың тонна қатты отын және 10,7 мың тонна дизель отыны жеткізілді. Былтыр Ақтөбе, Алға қалаларында, Шұбарқұдық поселкесінде жылу желілері қайта құрылымдалды. «Трансэнерго» АҚ-та жөндеу жұмыстарын жүргізуге бюджеттен қаржы бөлу шаралары қабылданды, соның нәтижесінде 12,6 шақырым жылу желісі жаңғыртылды.
Қазіргі уақытта жергілікті билік органдары келер қыстың қамын ойластыруда. Атқарылатын шаруалар аз емес. Оның ішінде күрделі жұмыстар да жеткілікті. Үстіміздегі жылы 153 бу қазаны, 237,8 шақырым жылу желісі, 114,3 шақырым су-кәріз құбыры, 557,5 шақырым электр желісі , 194 білім, 56 денсаулық сақтау және 64 басқа да әлеуметтік нысан, 51 көп қабатты тұрғын үй жөнделуі тиіс. Бұл ретте «Энергосистема» ЖШС, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ облыстық филиалы, «Ақтөбе жылу-электр орталығы», «Ақбұлақ», «Трансэнерго» акционерлік қоғамдарының алдағы қысқы мерзімде қалыпты жұмыс істеуінің нақты шаралары алынуда. Қажетті қаржы бөлініп, жөндеу жұмыстары әне-міне басталады деп күтілуде.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы.