Облыс әкімдігінің мәліметіне сәйкес, қазір өңірде мүгедектігі бар адамдар үшін қолайлы ортаны құруға байланысты жұмыстар қолға алынды. Мәселен, 2025 жылға дейін мемлекеттік қызмет көрсететін 575 нысанды бейімдеу жоспарланып отыр. Бұл туралы өңір басшысы айтты. Ол ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың кез келген мәселесін жедел шешуге арналған үйлестіру кеңесін құру жөніндегі бастаманы қолдайтынын жеткізді.
Қазір облыста «Инватакси» қызметінің 15 автокөлігі жұмыс істеп келеді. 841 орынға шақталған 5 облыстық медициналық-әлеуметтік ұйым, сондай-ақ күндізгі және үй жағдайындағы 4,2 мың адамды қамтитын 13 аумақтық орталықтың қызметі жолға қойылған.
Мүмкіндігі шектеулі жандардың мүдделерін қорғайтын қоғам белсенділері облыс әкіміне олардың өзекті мәселелерін жедел шешетін үйлестіру кеңесін құруды ұсынды. Өз тарапынан өңір басшысы бұл бастаманы тек қолдайтынын, сондай-ақ бұл бағыттағы жұмыстарды қарқындатуға дайын екенін жеткізді.
Қоғаммен байланысты күшейтіп, туындаған проблемаларды қадағалау мақсатында Н.Ұранхаев ерекше қажеттілігі бар Руслан Ерембаевты өзінің штаттан тыс кеңесшісі етіп тағайындады.
«Облыс құрылған сәттен бастап ерекше қамқорлықты қажет ететін балалардың ата-аналарымен бірнеше рет кездестім. Сіздердің өзекті мәселелеріңізді білеміз, хабардармыз. Оларды кезең-кезеңімен шешуге ден қойылады.
Халықтың қозғалысы баяу топтарының жүріп-тұруына ыңғайлы болуы үшін кедергісіз орта қалыптастыруға күш салынады. Ерекше қажеттілігі бар адамдардың қоғамдық көлікте тегін жол жүруіне байланысты, сондай-ақ оңалту, медициналық қызмет көрсету бойынша мәселелер пысықталатын болады», деді Н.Ұранхаев.
Қазір Қарағайлы шағын ауданында 150 орынға арналған Оңалту орталығының құрылысы аяқталуға жақын. Бұдан бөлек, Семейдегі №1 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы мен Үржардағы балалар орталығына қосымша корпус салу мәселесі қарастырылып жатыр.
Бұл ретте өңірде ерекше қажеттіліктері бар 28 мыңнан астам адам тұратынын айта кеткен орынды. Оның 3 мыңы – балалар. Таяуда халықтың баяу қозғалатын топтарының ыңғайлылығы үшін аспалы көпір астындағы қоғамдық кеңістікте жаяу жүргіншілер өткелі салынды.
Қазаннан бастап өңірде «Қайырымдылық айлығы» акциясы басталып, оның аясында бірқатар жұмысты іске асыру көзделген.
Осы орайда биыл облыс орталығында балаларды оңалту орталығы және балаларға арналған «Қамқорлық» ерте араласу орталығы ашылғанын айта кетейік.
Абай облысы